Әже

Кекілі желбіреген, үш-төрт жас шамасындағы кішкентай сәби томпаңдап жүгіріп келіп әжесінің алдына отыра кеткен. Өз тілінде былдырлап бірдеңе айтады. Әжесі ести қоймады ма қайдам, назар аудармап еді, жеңінен жұлқылап, бетімнен сүйші дегендей ишара жасады. Әже де мейірін төге салған. Екеуінің жан тебірентерлік сүйкімді суреті көңіліңді көктем етеді екен. Әдемі жарастық.

–Шөбереңіз бе? – деп сұрадық біз жүзге аяқ басқан әжеден.

–Жоқ, шөпшегім ғой, баладан немере, немереден шөбере, шөбереден шөпшек ыстық болады екен.

–Жүздің де ауылы алыс емес-ау? – дейміз біз сәтімен сөз сабақтағымыз келіп.

–Негізі ауылдың көнекөз қариялары ескі жаңа жылды тойлап жатқанда өмірге келгенсің дейтін. Демек, қаңтардың не 13-і, не 14-і болып тұр ғой. Ал, құжатымда мамыр айының 5-і деп жазылған. Ертеректе қазақ құжатқа көңіл аудара бермеді ғой, әрі 1924 жыл.  Ол кезде құжат түгендеу кімнің ойында болды дейсің, – дейді асыл әже Майра Баубекқызы.

–Анығын айтыңыз, – дейміз біз әзілге сүйеп көптен білетін, жеңге есебіндегі әжейге еркелеп, – ертең тексереді.

–Қой әрі, – дейді әжей, – жел тербеткен жапырақтай қалтырап отырған мені тексеріп не қылсын.

Содан соң біздің сөзімізге риясыз бір күліп, жадырап қалды. Іле сыр сандықтың тиегі ағытылған. Әжеміз Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Жұмысшы ауылының тумасы. Табиғаты көркем өңір. Іргеде талай ақынның жырына арқау болған күміс толқынды Қамысақты өзені толқи ағып жатыр. Көз ұшында дархан даланың панасындай Жалғыз Жамантау. Етегі толған балбұлақ. Бірі – Сандыбай бұлағы. Кәдімгі Үкілі Ыбырайдың әкесі Сандыбай атамыздың атымен аталады. Үйір-үйір шоқ қайыңдардың арғы бетінде, Жұмысшы ауылынан тайшаптырым жерде Алаш аспанын әнмен тербеген Ақан серінің бейіті. Майра апамыздың жан жары да ілкідегі айтулы тұлғалардың қатарында. Аталарына ұқсап өнер қумағанымен, адал еңбекпен аты шыққан. Кәдімгі Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Октябрь Революциясы, Халықтар достығы ордендерімен марапатталған Тұрлыбек Әбілпейісов. Заманында аты аңызға айналған адам.

Тұрлыбек атамыз бен Майра әжеміз өмірге тоғыз бала әкеліпті. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, жас отау шаңырағын 1944 жылы көтерген.

–Ол кезде қайын атам, қайын енем болды. Бірін он жыл, бірін он бес жыл бақтым, – дейді Майра апа, – оларға қоса қайнымҚайыржан мен қайын сіңлім Қалима болды. Тұрмыстың жайын білесіз, қиын-қыстау кезең. Бірақ, адамдардың пейілі кең еді, ниет түзу болатын. Заманның түзелгені бертін ғой. Әйтпесе ортасы пешпен бөлінген үккіштей ғана үй. Ас-суымыз да қазіргідей аста-төк емес, әйтсе де, масақ теріп күн көріп жүрген жұрт қолындағы жалғыз дәнімен бөлісетін. Қазір ғой екі қабат үйге төрт адамның басы сыймайтындығы. Ол заманның адамдары кісіліктен, адамгершіліктен арылмаған. Ұят деген ұғымның ұясы бұзылмаған.

Көкірекке қатталып қалған көне суреттерді тірілтті. Тыңдап отырсаң бір жыр іспетті. Жазсаң бір кітап. Әдеп пен инабаттың, ізгілік пен ізеттің оқулығы іспетті. Майра апай жастық шағында трактор да тізгіндеген. Тұрлыбек атамыз даңғайыр диқан. Екеуі Айыртаудың құтты даласында ақық дән аялаған. Заманында көкшетаулық көрнекті ақын Еркеш Ибраһим жыр арнаған.

–Ақын досым, нені көрдің, нені ұқтың?

–Мынау дала майданы екен жорықтың.

Қырмандарда сел боп аққан дән көрдім,

Дән емес-ау, сел боп жатқан ән көрдім.

Сап-сары боп теңіздей толқып жататын Сарыарқаның солтүстік қиырында ғайыптан тайып түсіп қалған бір шөкім көгілдір жақұттай көкөрім Көкшетаудың солтүстік күнбатыс беткейіндегі Айыртау алқабы сан ақындардың жырына арқау болған ғажайып өлке.

–1941 жылы шалғайда, бірақ, сұмдық өрті тым жақын, жаныңды күйдіріп, жүрегіңді удай ашытатын соғыс жүріп жатты. Алыста, тым алыста. Ал, қайғысы мен қасіреті тап жаныңнан табылатын, жаныңнан ғана емес, кеудеңдегі жұдырықтай жүрегіңнің ішіне қоныстанған алапат қайғы болатын. Жан жарым Тұрлыбек 14 жасынан бастап қан майданға аттанған әкелер мен ағаларға тиесілі колхоздың шаруасына білек сыбана кірісті. Осы күні еске алып, ой елегінен өткізіп отырса, пешенесіне жазылған пенденің сыбағасы бес батпан екен, – дейді Майра апай терең бір күрсініп алып, – өгізбен жер жырттық, маңдайдан терді сорғалатып жүріп шөп шаптық. Ат тырнауыштың басына міндім. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, атан жілік азаматтардың өзі әрең атқаратын еңбектің бір пұшпағын илестім. Лобогрейкамен астық бастырдық, оған үш пар өгіз жегетін. Күні бойы зілқара тас лобогрейканы сүйреткен үш өгіз екінді ауған кезде бүйірлері солықтап, қажып бітетін.

Ал, Тұрлыбек шаршауды білмес еді. Өйткені, оның өн бойынан еңбекке деген құштарлық, айрықша қажыр-қайрат құйылып жататын. Он сегізге толған шағында Бурабайдың баурайындағы Қотыркөл селосындағы республикалық механизация мектебін бітірді. Содан кейін комбайншының көмекшісі болып жұмыс істей бастады. Комбайншы Иван Ситниковтың қарамағында екі жыл жүріп, сол кездегі техниканың тілін бір адамдай игеріп шықты. Қамысақты МТС-інің директоры Талғат Тегісов ағасы танапта тыным таппайтын Тұрлыбектің айрықша қажыр-қайратына тәнті болатын. Сол тәнтілігі шығар, екі жылдан кейін жеке комбайнға ие болды. Ол кездегі комбайн С-1, «Сталинец» деп аталады. Бір маусымдағы жоспары 180 гектар жердің астығын бастыру. Бірінші жылы жалғыз комбайнмен 1200 гектар жердің астығын бастырып шықты. Жеті есеге жуық. Демек, жалғыз өзі бір бригаданың жұмысын атқарды деген сөз.

«Жұмысшы» колхозы небары отыз түтіннен тұратын. Астын сызып айта кететін бір жай, сол уақыттағы адамдардың еңбекке деген құштарлығы. Дәл бүгінгідей еңбектің зейнетін көріп жүрмесе де, қарыны тойып ас ішпесе де, иіні жарқырап жөндем киім кимесе де, бейнеттен бас тартатын бірі жоқ. Ал, еңбектің өтеуі ретінде еңбеккүн берілетін. Оның өзі жылдың аяғында. Әркімнің атқарған шаруасына орай, еңбеккүннің есебінен бидай бөлінеді, ал, ақша дегенді колхозшылар қолына ұстап көрмеген.

Сол жылдары «Көрші танабы – өз танабың» деп күллі республикаға үндеу жариялаған Тұрлыбек Әбілпейісовтің бастамасы жер-жерде қолдау тауып жатты. Аламан бәйгеде алдына қара салмаған Айыртаудың һас тұлпары Құлагердей еңбек бәйгесінде өзгеден оқ  бойы озып шыққан даңғайыр диқанның бағалы бастамасын Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев қолдап, облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде үндеуді бекітіп, еңбегіне табыс, бастамасына береке тілеген. 1978 жылы елдің атын аспандатқан атақты миллиардтың шалқыған теңіздей берекесіне Тұрлыбек Әбілпейісовтың жетекшілігіндегі бригаданың да қосқан үлесі мол. Бұл жайында Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы, Алаштың ардақты азаматы Бәйкен Әшімов «Қазақстан миллиарды – 78» деп аталатын жинақтағы «Диқанның ірі табысы» деп аталатын мақаласында мынадай пікір білдірген екен:

«Көкшетау облысының Лавров кеңшарының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов 12 комбайнмен 2119 гектар алқапты 8 жұмыс күні ішінде бастырып шығып, әр гектардан 21 центнерден өнім алды. Бұл ерен еңбектің нәтижесі».

–Тұрлыбектің өзі ғана емес, марқұм қайын атам да өте еңбекқор адам еді. Қарап отыру дегенді білмейтін, әрі қолынан келмейтіні жоқ. Даланың жырын, еңбектің сырын жадында жаттаған, көкірегінде тоқыған адам болатын. Егіннің, жердің, малдың тілін білетін. Одан қалды көктемірді нанша илеп, неше қилы зат жасайтын, ағаштан түйін түйетін, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, он саусағынан өнер саулап тұрған ұста еді. Ол заманда ел іші киімге жарыған ба? Көк сауырлап мәсі тігетін. Киюге ыңғайлы, жүруге жеңіл етік тігетін. Мал терісінен былғары илейтін. Қайыңның қабығынан қарамай, қарағайдың тамырынан дәрі қайнататын. Бізді де өзіне жетпесек те, жетеқабыл етіп тәрбиеледі. Айыртау өңірі Мұсабай баласы Әбілпейістің кісілік келбетін, шеберлігін әлі ұмытқан жоқ. Ал, қайын енем Бәтен Оспанқызы үй шаруасымен айналысты. Атам 1982 жылы 91 жасында өмірден озды, – дейді әжей, –құдай біледі разы болып аттанған шығар. Келіні ретінде бәйек болып күттім. Алдынан кесе-көлденең өткен кезім болған жоқ. Жалғыз мен ғана емес, ол замандағы келіндердің бәрі инабатты еді ғой.

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, шоқ жұлдыздай шағын ауылдағы қыз-келіншектің ынтымағы жарасты болған. Еміс-еміс есінде қалған дүние, жаз шыға төңіректің бәрі жасыл шалғынға малынып, сұлудай сыланып тұрған кезінде текемет басып, алаша тоқитындары. Бәлкім ол да ел бірлігін нығайтатын әрекет шығар. Ал, арыдан жалғасқан ата салт қаймағы бұзылмаған қалпында. Бүгінгі қазақтың басындағы ең үлкен мәселе, келін тәрбиесіне әжеміз де қынжылады екен. Жоқ, өз қолындағы келіндеріне емес, жалпы жұрттың, арыдағы ағайынның.

–Кейде осының бәрі замананың әсері, заман өзгерген соң, адам өзгерді деп жатады, – дейді әжей, – біз тереңдеп оқи алмадық, әйтсе де, бізді өмірдің өзі оқытты. Заманнан емес, адамнан. Кейінгі кезде мен пейілдің тарылғанынан қорқамын. Пейіл тарылған жерге періште жолай ма? Періште деп отырғаным, адамның бойындағы имандылық пен инабаттылық.

–Мен осы шаңыраққа келін болып түскелі 35 жыл, – дейді келіні Гүлбике, –осы уақыт ішінде анамның қабақ шытқанын көрмеппін. Тоғыз баласынан өрбіген отызға жуық немересімен, қырыққа таяу шөбересі бар. Қазір он шақты шөпшегінің қызығын көріп отыр. Тұспалдап айтып жатқаным, ілкідегі қазақ бала санын айтпаған ғой. Тіл-көз бар дегендей. Қара шаңырақтың киесі де, иесі де осы әжеміз.

Босағасына береке байланған облыс орталығындағы қара шаңырақтан қуана аттандық. Ене сыйлай білетін келін, ұлтын ұлықтайтын әже бар екен. Бұрынғының берекесі үзілмепті, кейінгіге жұғысты болсын деп тіледік іштей.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар