Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыранды қорламас болар - АРҚА АЖАРЫ

Қыранды қорламас болар

Қияндағы Үшаралдан құдалар келген. Дәм тартса қыз бен қой қайда бармай жатыр. Күтіп алдық. Ішкен мас, жеген тоқ дегендей әр құданың жанына құс ұйқылы бір-бір күтушіден қойып, алты үйден ас беріп, есеңгіретіп жығатын ескі дәстүрден арылып келеміз. Ендігісі бұрын құдалар көріп-білмеген Көкшенің көркем табиғатын көрсету. алдымен Бурабайды.  
Жақпар-жақпар тастарды қақ жарып шыққан қарағайды, лүп еткен самал желмен мың бұрала билейтін биші қайыңдарды көріп, қанша жұтса да көкірегінің құмары қанбайтын көгілдір, саф ауаны жұтып тәнті болды меймандар. Ақылбай асуына жеткенбіз. Бергі етекте ескерткіш бұйымдарды сатқан саудагерлер қайыңды алқаптың бүлдіргеніндей жыпырлап отыр. Жөн-ақ. Жақсы сапардан тәбәрік ала қайтса теріс емес қой. Асудың дәл үстінде сепкіл бет сары бала бүркіт ұстап отыр екен. Бүркіттің жанында суретке түсуіңіз 500 теңге. Қымбат емес. Бірақ, қолбала болған бүркіт күніне мың сан адам қолына ұстап, жұлмалаған соң ба, қырандық мінезі пышақпен сылығандай жойылып, жігері жасып, кәдімгі үй тауығы тәрізді болып қалыпты. Бүркіттің иесі Сашкаға 500 теңге беріп еңсесі түскен, басын қанатының астына тыға беретін байғұс бүркітті сәл әрірек алып шығып, егіз қарағайдың түбінде тұр едім бас құда келіп тіл қатты:
– Ойпырмай, көк аспанның падишасы қыранды да дәл осылай қорлауға бола ма?
Бас құданың бәтуалы сөзі еттен өтіп, сүйекке жетті. Сашка малданып жүрген ұлттық байлығымыздың үнжырғасы түскен жұқанасы, яғни, бүркітке бостандық сыйлап ұшырып жібергім келді. Бірақ, көзін ашқаннан бері Сашканың қорлығына көнген қолбала бүркіт ұшпақ түгілі топшысын көтеріп, қанатын қомдап талпына да алмайды екен. Рухы жоғалған, қайраты кеміген.  Қайта келіп орнына қондырдым. Басқа шара да жоқ еді. Әлден уақытта тасқа қонақтаған бүркіттің жанына біз тәрізді мейман күткен, әлде өздері қонақ болып келген шоқша сақалды екі-үш ақсақал үйірілді. –Бүркіт қой мынау, – деді біреуі, – тау  бүркіті шығар шамасы, қарамы кішкентай екен. – Не деген өнерлі бала, құстың тілін тауып ақша тауып отырғанын қарашы, – деп қарқ-қарқ күлді екіншісі.
Қыранды қорлап, қаржы тапқан Сашканың ерсі ісіне тіс жарып ештеңе деген жоқ. Дей алмайтын еді. Өйткені, жаңағы бүркіт сияқты рухымыз сынғалы қанша уақыт!
Үйіріле қонған, қаумалай өскен қалың қарағайдың ұшар басындағы шаңырақтай алаңқайдан зәулім аспан жап-жақын көрінеді екен. Ту сонау заңғар биікте, тау бауырында екі-үш тазқара ұшып жүр. Тілеуі жаман құс. Ұшпағанда қайтсін көктің қожайыны қолбала болып отырса. Қыран құс кереге қанатын керіп, көк аспанда  суылдай, қалықтай ақса, өлексеге үйір, жаман қара құстар дәл осылай басына қоймас еді. Қырандар да өз биігін қызғанбай ма?!. 

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар