Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қос әншімен жүздесті - АРҚА АЖАРЫ

Қос әншімен жүздесті

Таяуда облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ән қанатында» атты ажарлы кеш ұйымдастырылды. Әнсүйер қауым рухани әлемді табиғат сыйлаған тамаша талантымен нұрландырып жүрген белгілі әншілер Төкен Ілияс пен Бағила Мұратованың шығармашылығымен етене жақын танысты.  

Алдымен тарлан талант Төкен Ілияс туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Қытай Халық Республикасында туып, ұлы көштің арқасында ата жұртқа оралған әйгілі әнші Төкен Ілиясжастық шағын шетте өткізген, кейін ұлы көшпен ілесіп атамекенге оралған соң әу баста жаратқан ие тұла бойына дарытқан талантының арқасында тәмам жұртқа танылып, аты шыққан айтулы тұлға.

–Қытайда өстік. Аты Қытай дегенімізбен баяғы Алаш жұртының басынан бағы таймай тұрғанда мұрты көкке шаншылып, бауырын жайлаған Алтайдың арғы сілемі. 1928 жылы Қазақстанда ақ қашып, қызыл қуған аласапыран қуғын-сүргін басталғанда әкемнің әкесі Қанапия марқұм Қытайға қарай мысықтабандап жылжи беріпті. Ол уақытта исі қазақ алдындағы төрт түлік малдың сүмесімен күн көрген ғой. Әлгі малым жанымның садағасы дейтін сөз бар емес пе? Шынымен, ғұмыр бойы мал баққан, сол малдың арқасында күнкөрісінің қажетін айырған ата-бабамыз алдындағы ақтылы малын кеудесіндегі жанынан артық санаған.

Шынында да солай емес пе? Тігерге тұяқ таба алмай, құрық ұстап қалсаң, кеудеңдегі жаның бірге шықпай ма? Шамасы жеті атадан бері құт-берекесі үзілмеген, қасиет тараған, байлық біткен әулет болса керек қой. Сол алдындағы малын аман сақтау үшін өр Алтайдың қанатты құс әзер ұшып өтер асуларын көктей өтіп, қызыл аждаһаның кеңірдегінде жұтылып кетпеу үшін, қара қазан, сары баланың қамы үшін ішке жылжи берген.

Төңіректің бәрі Алтайдың аспан тіреген құздары, тау етегі, көк шалғыны кеудеңнен келетін жасыл шалғын, таудан аққан тас бұлақ. Сипатын суреттеуге сөз жетпейтін құйқалы, мәуелі, ғажап өңір. Құтты жер бетіндегі жалғыз жұмақ осы тәрізді.Шынын айту керек. Қытай қаншалықты алпауыт мемлекет болса да, ондағы аз ұлттардың өнері мен мәдениетін өрістетуге шектеу қойған жоқ. Алтай өңірінде төрт бірдей қазақ тілінде хабар тарататын телеарна жұмыс істейді. Онда ел жаңалықтары, елдегі іргелі істер жайында баяндалады. Әртүрлі тақырыптағы хабарлар көрсетіледі. Ара-арасында мәдени өмір тынысы да толыққанды баяндалады.

Былайша айтқанда, тұтас ел тынысын айшықтайтын мүмкіндік толық бар. Қазақ тілінде газет-журнал, әдеби-тарихи кітаптар басылып тұрады. Шамасы нағашы жұрттан жұққан жұқана болуы керек. Әжем Мүкәрабану ел ішінде сыбызғыдай сызылған әдемі даусымен атағы шыққан, өнері алғыс арқалаған адам. Бәлкім, менің бойымдағы алпыс екі тамырымды қуалап, ағып жатқан ыстық қанда әуелі табиғат тартқан нағашыларымнан жұққан қасиет болуы мүмкін. Бала кезімде қоңыр домбыраны алдыма өңгеріп алып, үніне жарық дүниедегі бар болмысты сыйғызған қасиетті аспапта ойнап үйрендім.

Ата жұртпен екі араны темір торлы шекара бөлгенімен, өнердің тұтастығын бөле алған жоқ қой. Үстінен құс ұшып өте алмағанымен, ән ұшып өте алады екен. бәлкім, тоқтауы, бөгесіні жоқ самал желмен жете ме, жоқ әлде, ақша бұлтпен астасқан ту сонау зәулім биікте қалқыған аққудың қанатына ілесіп жете ме, ол арасын кім білсін, әйтеуір біздің төңіректе Алаштың маңдайына біткен өнер жұлдыздары Біржан салдың, Ақан серінің, арыдағы Шәрке салдың, Ер Мәдидің, Балуан Шолақтың әндері айтылатын. Олардан басқа авторы әлдеқашан ұмыт болған, бірақ, әр жолы, әр тармағы, әннің әрбір иірімі туған жерін аңсаған, сағына, сарғая елегізген елдің жүрегінен орын алып, сарытап сағыныштың өрттей қаулаған жалынына жүрегін күйдіріп жүретін халық әндері көп айтылатын.

Біздің туған жерге деген ықыласымыздай биік асқар-асқар таулардың мәңгі қар жататын жотасында, көкорай шалғын жайқалған шалқар жайлауларда, сағыныш кілкіген саз самал күллі дүниені кернеп, жаныңды, жүрегіңді өнердің ыстық құндағымен тербетіп, аялап ер жеткізді. Бәлкім, менің әншілік өнерді қалауым сол сағыныштан шығар. Мүмкін менің көкірегімді кернеген ақ махаббат ән болып өріліп, саз болып төгілетін шығар.

Пекин қаласында өнер мектебінде оқыдым. Өнер сапарларына шықтым. Моңғолия, Түркия, Қазақстанның өнер сахналарында өнер көрсеттім. Мақтаныш үшін емес, әншейін ел білу үшін айта кету керек Қытайда көркемөнер саласына еңбегі сіңген адамдар жайлы «Әйгілі адамдар» сериясымен алтын кітап шығарады. Сол жинаққа есімім енді. Бірақ, онда дәл Қазақстандағыдай еңбегі сіңген, пәленше фестивальдің, түгенше байқаудың лауреаты деген атақ берілмейді.

Әйтсе де, ұлы өнер қос қолтығымнан қос періштедей демегеннен кейін төменде қалғаным жоқ. Аймақтың мәдениет басқармасының бұқаралық мәдениет бөлімінің бастығы болып еңбек еттім. Қытай елі өнер адамдарын, жалпы, мемлекетке қызмет ететін еңбеккерлерді бағалай біледі. Мысалы үшін айта кетейік, мен көлемі жүз шаршы метр тұрғын үйді небары екі-ақ мың долларға алдым. Шамасы, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне қосқан әркімнің үлес салмағын таразыға тартатын болар. Осындай жанашырлық қолдауды көргеннен кейін әркім еңбек еткісі келеді. Қытайдан күнімді көре алмағандықтан емес, ата-бабамның қаны тамған қасиетті топырақты табаныммен басып, жұпар ауасын жұтқым келгендіктен оралдым.

Кездесу барысында Төкен Ілиястың саналы ғұмырындағы саналуан шаруасын көз алдыңызға әкелетін бейнебаян көрсетілді. Кездесуді жүргізген кітапхана қызметкері Бостангүл Ерманова әдемі жатық тілмен қос мейманның өнер өлкесіндегі өрісі туралы тұшымды етіп баяндап берді. Сөз арасында кітапханада «Барыңды бағала» атты жобаның қолға алынғандығын, оған осы Бостангүлдің тәп-тәуір еңбек сіңіріп жатқандығын айта кетуіміз керек. Жобаның жарқын бір көрінісі осы кеш. Кеш барысында әнсүйер қауым Бағила Мұратованың да шығармашылық ғұмырбаянымен жақын  танысты. Мәдениет саласының үздігі, «Халық құрметі» орденінің иегері Бағила Жұмаханқызы Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыздың бірі. Сол елге табиғи талантымен танылған. Шалғайда жүрсе де өз мәдениетіміз бен өнерімізді танытуға, насихаттауға қыруар еңбегін сіңірген адам. Кеш барысында бұрын түсірілген бейнебаяндар арқылы ұсынылған әдемі әні, әншіге арналған пікірлер де мейманның мәртебесін асырып, бар қырынан таныта түсті.

Кеш барысында белгілі ақын Қайырбай Төреғожа, әнші Әбсалық Салықов тәрізді ел азаматтары игі тілектерін білдіріп, көкейлеріндегі көрікті ойларын жеткізді. Сәтімен сабақталған сөздің бәрі ұлттық өнердің ұлағаты тарапында өрбіді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар