Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отандық өндіріс өрге басуда - АРҚА АЖАРЫ

Отандық өндіріс өрге басуда

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жабал Ерғалиев пен Рәшит Әкімов  жұмыс сапарымен Көкшетауда болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.

Сенаторлар алдымен облыс орталығының солтүстік-шығыс беткейінде жаңадан салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында болып, тұрғын үй құрылысымен танысты. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ғабит Қаппасовтың айтуына қарағанда қазіргі кезде мұнда 13 гектар жерге көппәтерлі жиырма тұрғын үй салынған. Күні бүгінге дейін оның он үшіне тұрғындар қоныстанған. Бесеуі дайын, тағы үшеуі қазан айында тапсырылады. Оған жас отбасыларды қоныстандыру көзделген.  Сонымен қатар, осы маңнан  900 орындық қазақ мектебін салу жоспарланған. Бұл жобаның құны 1,400 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Кездесуде сенаторлар облыс орталығында салынатын әлеуметтік нысандар туралы сұрай келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған қолжетімді тұрғын үй бағдар-ламасының жүзеге асырылуына ерекше назар аударылып отырғанын айтып өтті.
«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету Елбасының алға қойып отырған әлеуметтік салада халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы бағытта Көкшетауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала жылдан жылға жайнап келеді.  Бұған бізде өз тарапымыздан үлес қосуға тырысамыз», – деді сенатор Рәшит Әкімов.
Сонымен қатар, сенаторлар алдағы Парламент отырысында 2017 жылдың бюджетін талқылаған кезде Көкшетаудағы тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарға қосымша қаржы бөлу жөнінде өз ұсыныстарын айтатынын жеткізді.
Бұдан кейін халық қалаулылары «Көкшетау сүт зауыты» мен «Бижан» ет өңдейтін зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты.
Сүт зауытының директоры Әсен Жақсылықовтың сөзіне қарағанда кәсіпорында бүгінгі таңда ірімшік, май, қаймақ және балмұздақ өнімдерінің 14 түрі шығарылады. Өнімнің барлығы табиғи шикізаттан дайындалатындықтан, сапасы да жоғары. Көкше өнімдері еліміздің жеті облыс орталығына, Ресейдің Омбы қаласына шығарылады.
«Бижан» ет өңдейтін зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл бірқатар өндірістік қуаттарды игеріп отыр. Сенаторлар мал соятын, шұжық және консерві жасайтын цехтар мен тоңазытқыш цехын аралап көрді.
Жұмысшылармен жүздесіп, өндіріс туралы әңгімелесті. Бұл зауыттың бір бөлігі 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын өздері өңдеген еттен жасалған консерві, шұжық және шикізат сатады. Қазір қасапханада ауысымына 70 бас ірі қара мал сойылуда. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде бұл көрсеткіш үш есе артып, жылына 5 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік туады екен.
Осы орайда, сенаторлар елімізде отандық өнім өндіруге ерекше көңіл бөлінгенін айта келе, қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында елімізге отандық өндіріс, өңдеу өнеркәсібін жандандырып, сол арқылы экономиканы дамыту үшін нақты қадамдар жасауға түбегейлі бет бұру міндеті қойылып отырғанын атап өтті.

Аслан ОСПАНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар