Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қайрат» қайратын танытты - АРҚА АЖАРЫ

«Қайрат» қайратын танытты

Көкшетаудың «Оқжетпесі» премьер-лиганың кезекті турында өз алаңында Алматының «Қайратына» есе жіберіп алды. Ойынды тамашалауға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, оқжетпестіктерге жанкүйер болды. Чемпионаттың үш апталық үзілісінен кейін бе, әлде біріншіліктің қызған шағы болған соң ба, күннің шыжып тұрған ыстығына қарамастан, «Оқжетпес» стадионына жергілікті команданы қолдай келген жанкүйерлердің  қарасы көп болды.

 

Футбол  десе ішер асын жерге қояр жанкүйерлердің барлығы осы күні орталық стадионға жиналды.  Ойын басталғаны туралы төрешінің ысқырығы естілместен-ақ жанкүйерлер бірден «Оқжетпес», «Оқжетпес» деп айқайлап, сүйікті командасын жеңіске жетелеуге тырысып бақты.
Алайда, осыған дейінгі ойындарда үздік ойыншылары жарақатына және ескертуіне байланыс-ты матчтан шеттетілген оқжетпестіктер қанша тырысқанымен жеңіс алматылықтардың еншісінде кететіні белгілі болды. Оқжетпестіктер бірден Плотников қорғаған қонақтардың қақпасына лап қойды. Қақпаның сол жақ тұсына тепкен Юриннің добын «Қайраттың» қақпашысы қарғып барып қағып алды. Бұған қонақтар да қарап қалмады. Бірден шабуылға шығып, Исаэлдің қатты болмаса да, қауіпті соққысынан кейін теңбіл доп «Оқжетпес» қақпашысының қолынан табылды. Өз шамасын түсінген оқжетпестіктер бұдан кейін қонақтардың шабуылына қарымта шабуыл жасау тактикасына көшті.
Алайда, қайраттықтардың қорғанысы сыр бермеді. Тіпті, матчтың 18-ші минутында «Қайраттың» шабуылшысы Исламхан алаң иелерінің айып алаңында жығылып, төреші 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Исламхан мүлт кетпеді. Есеп 0:1. Бұл соғылған доптан кейін қонақтар шабуылын үдете  бастады. Алаң иелері тайлы тұяғымен қорғанысқа көшкендей болды. Осындай шабуылдардың бірінде бірінші кезеңнің 27-ші минутында Исламхан екінші голдың авторы атана жаздады. «Оқжетпес» қақпашысы Стаменкович соңғы сәттерде қақпаға дарып бара жатқан допты бағананың сыртына асырып үлгерді. Одан соң көп кешіктірмей Лунин шабуылға шықты, дер кезінде алға жүгіріп шыққан  Стаменкович оның да жолын кесті. Алғашқы кезеңнің соңғы минуттарында бір серпілген «Оқжетпес» ойыншылары қонақтардың  қақпасын торауылдаумен болды. Тепкен доптың барлығы дерлік қақпаға емес, қорғаушылардың аяғына дарып мүлт кетіп жатты. Төрешінің қосқан қосымша минуттарында қапталдан айып соққысын орындаған Игорь Юриннің добын Николас Каналес маңдаймен «Қайраттың» қақпасына соғып, күтпеген жерден есепті теңестірді. Осылайша командалар үзіліске 1:1 есеп айырмасымен тарқасты.
Кездесудің екінші кезеңінде ойын тең дәрежеде алма-кезек шабуылмен өрбіді. Осы сәттерде ескертуіне байланысты матчтан шеттетілген «Оқжетпес» ойыншылары Әлібек Бөлешов, Антон Чичулин және Жасұлан Молдақараевтың командадағы орны ойсырап тұрды. Бұл кемшіліктерді ұтымды пайдаланған «Қайраттың» ойыншысы Исаэл алаң иелерінің қақпасына екінші голды салып, қонақтарды алға шығарды. Кездесу аяқталар тұста қосымша белгіленген уақытта Асеведо «Оқжетпес» қақпасына үшінші допты соғып, қайраттықтарға маңызды үш ұпай сыйлады.
Ойын аяқталған соң журналистермен өткізген баспасөз мәслихаты барысында «Оқжетпес» командасының бас жаттықтырушысы Владимир Муканов түрлі себептермен команда сапында үздік жеті ойыншының болмағаны кездесу барысында сезіліп тұрғанын атап өтті.
– Жалпы, ойын қызықты өтті. Чемпионаттың ең үздіктерінің біріне қарсы ойнадық. Команданың үздік жеті ойыншысының болмауы кездесу қорытындысына үлкен әсер етті. Қанша айтқанымен біздің алаңдағы жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда, «Қайрат» командасы ойыншыларының шеберліктері бізден басымырақ болғаны сөзсіз. Келер ойындарда жіберілген есені қайтаруға тырысатын боламыз, – деді Владимир Муканов.
«Қайрат» командасының бас жаттықтырушысы Кахабер Цхададзе осындай пікірде: «Алаң иелері негізгі құраманың үздіктерінің жоқтығына қарамастан тәжірибелі қайраттықтармен өткен ойында  жігерлік танытты».
Осылайша «Оқжетпес» командасы өзі өткізген 23 ойында 37 ұпай жинап, биылғы біріншілікте әзірге 4-ші орынға тұрақтады. Ал, біріншілікте 56 ұпайымен елордалық «Астана» командасы көш бастап келеді. Көкшетаулықтардың алдағы кездесулерде жанкүйерлерін жерге қаратпай жеңіске жетіп, үздік үштікке кіреді деп сенгіміз келеді. Оған команданың мүмкіндігі мол.

Аслан ОСПАНОВ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар