Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылыңызға барып тұрасыз ба? - АРҚА АЖАРЫ

Ауылыңызға барып тұрасыз ба?

Облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясы «Ауылыңызға барып тұрасыз ба?» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырған еді. Оған облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Совет Балтабаев пен ұлтжанды азаматтар Жақсылық Ақтан және Асылбек Есмағамбетов қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

 

Дөңгелек үстел басындағы кездесуді «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа ашып, ауылдың кешегісі мен бүгінгісі жайында сөз қозғады. Ауылдағы ағайындардың ахуалы жайлы айта келе, дөңгелек үстелдің тақырыбын «Ауылыңызға барып тұрасыз ба?» деп қойылуы – қаланың қауырт тіршілігінен қолдары босамай, ауылға ат басын сирек бұратын ағайындарды елге қарайлап, еске алып жүруге шақыру үшін жасалғанын алға тартты. Дөңгелек үстел басындағы кездесуді «Арқа ажары» газетінің тілшісі Мерген Тоқсанбай жүргізді.
Тілші:
– Көбіміздің ауылға ұзақ уақыт ат ізін сала алмай жүргеніміз рас.  Сіздер, ауылдарыңызды еске алып, жиі барып тұрасыздар ма?
Жақсылық Ақтан:
– Мен ауыл десе ішер асымды жерге қойып, болашағына алаңдап отыратын жанмын. Ауылыма мейлінше жиі баруға тырысамын. Бәріміз ауылдан шықтық. Бұрынғы ауылдардың тұрмысы бір-біріне ұқсас болғанымен, бүгін олардың жағдайы әртүрлі. Сол ауылдардың айырмашылығын, артық кеткен, не кем түскен жерлерін байқап жүремін. Біздің ауыл қаладан 35 шақырым жерде. Бүгінгі күні ауылда 154 үй түтін түтетіп отыр. Мал шаруашылығын дамытып, 680 жылқы, 560 қара мал және қой-ешкі өсіреді. Оның барлығының санын айтып отырғаным, осынша малға жайылатын жер керек. Ауыл тұрғындары малдың қыстық азығын жинау мен жаздық жайылым жағынан таршылық көрмеуі керек. Ал, қазір ол жерге сырттан келген инвесторлар иелік етуде. Олар жерін жыртып, егінін егіп өз қалталарының қамын ойлайды. Қарапайым халыққа тек жер үлесі үшін  пайын ғана береді. Онысы үшін оларды кінәлай да алмайсың. Бір отбасында 5 адам болса, ол үйге 1,5 тонна астық беріледі. Біздің
ауылда солай. Басқа ауылдың егін егетін адамдары елдің малының санын есепке алып, оларға қанша жер керектігін қадағалайды. Шабындық жер мен жайылымға қолайлы жерді қалдырып жататынын да көзімізбен көріп жүрміз. Біздің ауылдың бүгінгі жағдайы олай болмай тұр. Біз шөпті көрші Қараөзек ауылының тұсынан шабамыз.
Біздің ауылдың өзін-өзі сақтап тұрғаны – әйтеуір жанымызда зауыт бар. Ауылға аз да болса соның септігі тиіп жатыр. Ауыз су мәселесі мен жол жөндеу жағынан қол ұшын беріп, көмектеседі. Ал, ауылды сақтап қалу үшін не керек деген сұраққа келетін болсақ, алдымен оның қалай күн көріп отырғанына назар аударуымыз керек. Ол жері мен малы арқылы ғана жан бағып отыр. Бірақ, ол екеуінің де қазір елге берері шамалы. Малдың жүні мен терісі өңделмей далада қалады. Етін өткізу өте қиын. Екі жыл баққан сиырың 100 мың теңге ғана шығарып, арзанға кетеді. Сүтіне келетін болсақ, орташа есеппен 7-8 литр сүт алады. Ал, оның бір литрі 50 теңге ғана. Сиырдың бір күндік сүтін 350-400 теңгеге өткізесің. Сауылған сүттің бәрін сата алмайсың. Қысқа қайнататын құрты, жинайтын майы, күнделікті ішіп-жейтін ірімшігі мен айраны, тағы да басқасы бар. Айналып келгенде мал өсіру өзін-өзі ақтамайтын болған соң тұрғындардың көбі қалаға көшкісі келеді. Көшіп те жатыр.
Мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданында тұрдым. Ауданның жартысы кеңшар болды да, жартысы ұжымшар еді. Қайта құру кезінде кеңшарлардың түгі қалмай құрыды. Ұжымшарлар өздерін сақтап қалды. Себебі, бұрын кеңшарларға үкімет бюджетінен сұрағанынша қаржылай көмек көрсетіліп отырды. Олар соған сеніп, белшесінен қарызға батты. Түптің-түбінде біреуі де қалған жоқ. Қазір барсаң ұжымшарлар сол қалпы тұр. Бірақ, қазір ауылдарды сол ұжымшардың жүйесімен жүргізіп, тұрмысын солай қарай бұра алмаймыз. Ол жүйе келмеске кеткен. Қазір тек несие мен салық жүйесін жетілдіру керек. Халыққа берілетін несиенің оңай жолдарын, салықтың жеңілдіктерін қарастыру керек. Жоғарыда айтып кеткен жайылым мен шабындық жерлерді дұрыс бөлуіміз керек. Және көп ауылдарда шөп шабатын техниканың болмауы да бүгінгі күні шешуін таппай тұрған мәселе. Осының бәрін оң жолға қойса ғана ауылды сақтап қала аламыз. Және әр ауылдың көш бастайтын белсенділері болғаны жақсы. Баяғыда Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылы құрып бара жатқан тұста Сергей Звольский деген азамат «Астық-STEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, құлдырап бара жатқан ауылды қайта жандандырды. Сол сияқты әр ауылдың ішінде атқамінер азаматтар баршылық. Тек оларға көмектесе білуіміз керек.      
Тілші:
– Нартай Жұматайұлы, пай туралы толығырақ айтып берсеңіз. Ол неге әр ауылда әртүрлі?  
Нартай Ысқақов:
– 2003 жылы қаңтардың бірінен бастап күшіне енген заң бойынша халық өзіне тиесілі жерді белгілі бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беріп, жерден алған өнімінің үлескері болды. Мысалы, он миллион табыс тапқан болса, салық төлегеннен кейінгі қалған қаржының 20 пайыздайын жер иелеріне бөлініп берілуі керек. Бірақ, ол әлі орындалып жатқан жоқ. Жұртқа егін бітік шықса да, нашар шықса да жыл сайын бірдей мөлшерде пай беріледі. Ал, пайдың заң жүзінде қанша берілуі керектігін ешкім есептемейді. Ол үшін пайдың әр жылғы үлесін есептейтін арнайы тексеру комиссиялары құрылуы керек. Ол комиссия серіктестіктің шығыны мен кірісін тексергені жөн. Қазіргі жасап жатқандары халықты алдау. Мысалы, «Зеренді-астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлкен холдингтың құрамына кіреді. Ол холдинг бұларға жанар-жағармайын беріп, керек-жарағымен қамтамасыз етеді. Бірақ, мұның бәрін қымбат бағамен жасағандықтан, серіктестіктің табысын азайтып отыр. Сондықтан, пайдың мөлшері әр жерде әртүрлі. Осыны бір жобаға келтіру керек. Зеренді ауданында пайды біркелкі қылып, бір гектар егістікке 40-50 келі арпадан берілсін деп келіскен едік. Бұл халықтың  бұрынғы алып жүргенінен едәуір жоғары десек те, аздық етеді.
Пайдың әр жерде әртүрлі болуы жер көлеміне байланысты. Айталық, 1993-1994 жылдары ауыл шаруашылығы жерлері жекешелендірілгенде совхоз көлеміндегі жерді совхоз халқының санына бөлді. Сондықтан, жер көлемі бірыңғай емес. Сарыөзек ауылының жері аз, халқы көп болуына байланысты алатын пайы да төмен. Бірақ, екеуінде де берілетін пайлары көбірек болса екен дейсің.
Бұрын жұрттың көбі жерлерін «ҚазЭкспортАстық Холдингі» акционерлік қоғамы сияқты ірі холдингтерге беруге тырысатын. Ол холдингтердің пайлары да жоғары, экономикасы да жақсы еді. Бүгінгі күні олардан гөрі жекеменшік жер иелерінің жағдайлары жақсы. Зеренді ауданында 10 мың гектарға дейін егін егетін адамдар бар. Болашақта холдингтерге қараған ауылдардың тұрмысынан  жеке кәсіпкерлерге қараған ауылдардың жағдайы жақсы болуы мүмкін.
Жері үшін пай алатын Зеренді мен Сандықтау аудандары ғана. Зеренді ауданының 45 пайызы және Сандықтау ауданының 69 пайызы үлескерлердің жерлері болып есептеледі. Басқа аудандарда пайдың мәселесі мүлде жоқ деуге болады. Жердің бәрі не жекеменшікке өтіп кеткен, не болмаса мемлекет қарауына алынған. Сосын үлескерлік жерлер қазіргі күні өте тиімсіз. Мысалы, банктен несие алғың келсе әр жер иесінің қолын жинауың керек. Кейбір жер иелері ауылдарынан көшіп кеткен. Оларды басқа қалалардан іздеп жүріп, қол қойдырып, не үшін несие алғалы жүргеніңді айтып түсіндіруің керек.
Ауыл тұрғындары үшін ең абзалы кәсіпкерлікті дамыту. Әсіресе, шағын ауылдарға кәсіпкерлікпен айналысқан жөн. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту керек.
Мен ауылға барған сайын тұрғындардың жағдайы келсе қалаға көшіп кеткісі келетінін көрем. Бәрі тек қаржы жинап алып, кетуге дайын тұрады.
Тілші:
– Кейбір адамдардың туып-өскен ауылын тастап, үдере көшудің сыры неде?
Нартай Ысқақов:
 – Бәрінің арманы қалаға бару. Өйткені, қалада барлық жағдай жасалған. От жақпайды, су тасымайды, тіпті, кірдің суын да төкпейді. Бірақ, ауылдағы үйіне су тартып, қаладағыдай жағдай жасап алуға да мүмкіндік бар. Бәрінде болмаса да, біразының соған жағдайы жетеді. Мен Сәкен Сейфуллин ауылының бір жігітіне «Сенің жағдайың бар ғой. Үйіңді жөндеп ал. Қаладағы менің үйім мен сенің үйіңнің еш айырмасы болмайды. Осыны сен бастап ауылдастарыңа үлгі көрсетші» деп ақыл айттым. Міне, енді оған қарап ауылдың басқа тұрғындары да үйлерін жөндеп, ішіне су тартып, канализация қазып, өз жағдайларын жасап жатыр. Бұл жақсы емес пе? Ауылдың психологиясы қызық. Ауылда тұрды ма, оның үйі нашар болуы керек, суды сырттан тасуы керек. Кірдің суын қолмен төгу керек деген сияқты ойлайды. Және содан қажыған. Ал, жағдайын қаладағыдай жасап алуға бара қоймайды. Бұл бірінші мәселе болса, екінші мәселе ауыл мен қаланың арасындағы жолдың нашарлығы. Екі ортада жүру қиямет. Мысалы, Омбы қаласының тұрғындары 40 шақырым жердегі жанға жайлы, ауасы таза саяжайларында тұрады. Жұмысына еш кедергісіз барып келеді. Ал, мына тұрған Бірлестік, Сәкен Сейфуллин ауылдары 30-35 шақырымда орналасқан.
Біздің жолдармен күн сайын қатынап көріңіз. Өзіңіз қиналып, көлігіңіз қирайды. Біздің бағдарламалардың өзі қала халқына негізделіп жасалған сияқты. Қазір көптеген жақсы-жақсы мемлекеттік бағдарламалар бар. Әттең, солардың дені қала халқының ғана жағдайы үшін жұмыс істеп тұр. Мәселен, тұрғын үй коммуналдық бағдарламасын жаңғырту бағдарламасы қаладағы ескі үйлерді қайта жөндеу үшін үй иесіне ешқандай девальвациясыз 10-15 жылға қаржылай көмек береді. Осындай бағдарламалар ауыл тұрғындарына да керек. Олар да үйін жөндеп алсын, жағдайын жақсартсын.
Ауыл қалаға тоқтаусыз көшіп жатыр. Қазір Көкшетау қаласында 13 500 адам жер алуға, 8 500 адам пәтер алуға кезекте тұр. Жапатармағай қалаға көшкенімен, қалада олардың бәріне жететін жұмыс орны жоқ.
Ауыл тұрғындары үшін «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша несие беріліп жатыр. Бастапқыда 3 миллион теңге еді. Қазір оның да ақшасы азайып қалды. Бірақ, соны алғанша жұрттың діңкесін құртады. Ол үшін кепілдік керек. Ешқандай мал-мүлкің болмаса, оны да ала алмайсың. Егер несиені алу жолдарын жеңілдетіп, ол адам мал өсіріп, үйін жақсартып алса, ол ауылдан ешқайда кетпейді.
Ауылдың шетіне келіп, көз салып қарап тұрсаң, адамдар таңнан кешке дейін су тасиды. Кім тұрғысы келеді ондай жерде. Бүгін кішкентай ауылға су тартқаннан, миллиардтап ақша бөлінетін жобаларды жүзеге асыру оңай. Халықтың санына қарайды. Сен бәленше ауылға су құбырын тарт дейсің, ол жерде бас-аяғы 500 адам тұрады дейді. Бір ауылға су  тарту 500 миллион теңге тұрады. Сен бір адамға 1 миллион бер деп айтасың, бұның қалай дейді. Сонымен, әңгіме тәмам. Мен мынау Қызылсая, Сәкен Сейфуллин ауылдарына қанша жыл су тартсам деп жүрмін, бірақ, мүмкіндік барған сайын азайып барады. Өйткені, халық кетіп жатыр, ал, су тарту қымбаттап бара жатыр. Бұрын 150 миллион болса, қазір 590 миллион теңге болып кеткен. Оны аудан мен облыстың бюджеті шеше алмайды. Республика деңгейінде қаралу керек. «Ақбұлақ» деген бағдарлама арқылы істеуге болар еді, бірақ, ол бағдарлама бойынша суды үйдің ішіне енгізу керек. Ол жағдайда бағасы тағы да қымбаттай түседі. Сонымен, бұл бағдарлама шағын ауылдар үшін жарамсыз болып қалды.
Зеренді ауданында Дөңгілағаш, Қараөзек, Биіктесін, Қызылағаш, Жаңатілек сияқты кішкентай ауылдар бар. Ол ауылдарда бір-бір скважинадан ғана бар. Оның басында біреуі кеп малын суарып жатса, екіншісі ауыз су алып жатады. Мал мен адам мидай араласып жатады. Осыған жаның ашиды. Ауылға екінші скважина қазу үшін қыруар қаржы керек. Оны облыстық бюджет аудандық бюджеттің көмегімен жүзеге асырыңдар дейді. Ал, ауданда соқыр тиын да жоқ. Ауданда ақша бүгін ғана емес, бұрыннан жоқ. Үлкен ауылдардың мәселесін шешу жеңіл. Мысалы, Астананың түбіндегі Қоянды ауылында баяғыда 5 мың адам болған. Бүгін халқының саны 120 мыңға жетті. Әрине, оларға су тарту да, құдық қазу да жеңіл. Ондай ауылдар өркендей береді. Ал, кішкентай ауылдар құрып бара жатыр. Сондықтан, кішкентай ауылдарға арналған бағдарламалар ойлап табу керек. Ауылдар көше берсе, Егіндікөл ауданы сияқты болып қалады.
Ол ауданның халқының саны 6200. Оның жартысы мемлекеттік қызметкерлер.  Жеріне 300 мың гектар ғана егін егеді. Ол жерде ешқашан кәсіпкерлік дамымайды.
Ауылды жерде мал өсіру үшін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар. Халыққа несие береді. Жақсы жеңілдіктері де бар. Бұл жерде халық неге жұмыс істемейді, неге енжар деген сұрақ туындайды. Себебі,
ауылда жастар жоқ. Ең жас дегендері 40-45-те. Оларға қазір түк керек жоқ. Олар балаларын қалай оқытамыз деп алаңдап отырған адамдар. Өйткені, ауыл мектептері жабылып жатыр. Ауылда бастауыш мектеп болуы үшін 5 оқушыдан кем болмауы керек. Енді өзіңіз ойлап көріңіз. Қақаған қыста, бораған боранда кішкентай баланы күн сайын 15 шақырым жердегі көрші ауылға тасу оңай ма? Не оқу оқымайды, не ұйқысы қанбайды, не тамақ ішпейді. Еленовка ауылына көрші Қарағай ауылының балаларын таңғы алтыда алып кетеді. Оларды апарып тастап, екінші ауылдың балаларын сағат жетіден әкеледі. Сөйтіп, таңғы 6-7-де барған бала екі сабақ үшін кешке дейін жүреді сол мектепте. Соны білетін әке-шешесі баласын қаңғыртып қоя ма? Қалаға көшеді де кетеді. Ал, негізгі мектеп 41 баладан кем болса, бастауыш мектепке ауыстырады. Көкшетауға тиіп тұрған Дөңгілағаштың өзінде биыл 37 оқушы бар. Сол үшін мектептерін жабамыз деп жатыр. Мектеп жабылса, ауыл да көшеді.
Денсаулық сақтау саласы да мәз емес. Бір медбике стандарт бойынша 800 адамға қызмет ету керек. Біздің бір ауылда да 800 адам жоқ. Сол үшін ауылдардағы медпункттерді жабу керек дейді. Мектеп болмаса, алда-жалда ауырып қалсаң, емшара көрсетіп, екпе егетін медбике болмаса ондай жерде кім тұрақтайды?
Еуропаның кейбір елдерінде әр 3-4 шақырым сайын хуторлар бар. Айналасы екі-үш үй ғана отырып, мал шаруашылығымен айналысады. Өте қолайлы. Біздің ауылдар да сондай хуторлар іспетті ғой. Анау тұрған Биіктесін ауылын алайық. Малыңды шығарып, жайып жібер. Қандай рахат. Бірақ, олай болуы үшін ауыл мен екі ортадағы жолды қыс бойы тазаламаймыз. Қарға көміліп жатқаны. Осының бәрі ауылдардың құрып бітуіне алып барады. Бірақ, мұны қолдаушылар да бар. Иван Адамович Сауэрдың пікірінше кәсіпкерлікпен айналысу дұрыс емес. Ондай болмауы керек. Үлкен фирмалар ғана жұмыс істеп, солардың тасы өрге домалауы керек. Оның ауылында бірде-бір адам сиыр ұстамайды. Сауэрда жұмыс істейді. Сүтін де, жалақысын да содан алады.
Біздің облыстық мәслихатта ауыл шаруашылығы комиссиясы бар. Мен соның төрағасымын. Осы комиссияның іссапарымен Атбасар ауданының «Бас-тау» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болдық. Ол облыс бойынша мал өсіруден көш басында тұр. Бірақ, ол жердің 1200 халқы бар болғанымен жекеменшік малдары өте аз. Бүгін серіктестіктің шаруасын дөңгелетіп отырғанымен ертең ол серіктестіктің экономикасы тұралап қалса, халқы кедейшілікке ұрынады.        
Совет Балтабаев:
– Бүгінгі талқылап отырғанымыз ендігі жағдайда не істеу керек деген сұрақтың айналасы ғой. Иә, бәрі басынан былықты. Әнеу бір жылдардағы жекешелендіру дұрыс жүргізілмеді. Сол кезде кеткен қателіктің кесірін енді тартып жатырмыз. Еліміз бай, жеріміз кең дейміз. Астындағы байлықтың қайда кетіп жатқанын құдай біледі.
Бұрынғы болған мал қоралар қайда қазір? Қабырғасы да қалған жоқ, бұзылды, қирады. Бір жылдары соның бәрін қалпына келтіру үшін ауыл жылы деп те жариялады. Одан не шықты? Қағаз жүзінде ғана анау өтті, мынау болды деп жылы жауып қоя салдық.
Ауылды енді қалпына келтіру үшін нақты жоспарлар мен бағдарламалар керек. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ауылдағы ағайынға жаңа техника, жақсы тұқым керек. Оның бәрінің бағасы удай. Малмен айналысу үшін де сондай қиындықтар көп. Асыл тұқымды мал алу деген тіпті мүмкін емес нәрсе. Ол үшін тағы да несие беріп, салық жүйелерін жетілдіру керек. Салық халыққа тиімді болуы керек. Кенедей жабысып, сүліктей сорудың қажеті жоқ. Бюджетті толтыру керек дейтін шығар, оның әдіс-тәсілдері жетерлік. Мен өзім Чкалов ауданы тарағанша 5 жыл салық инспекциясының бастығы болдым. Сол себепті, салық салудың жолдарын жақсы білемін.
Ауылдарды сақтап қалуымыз керек. Сырттан инвесторлар тартамыз ба, шаруа қожалықтарын біріктіреміз бе, әйтеуір барымызды салуымыз керек.
Нартай Ысқақов:
– Ауылдардағы шаруа қожалықтарын біріктіру үшін кооперация құру керек деген сөзді көп естимін. Оны қалай біріктіресің? Бір ауылда тұрған ағалы-інілі екеуі бірікпейді. Оны біріктіру үшін міндетті түрде экономикалық тетік керек. Қазір заң қабылданды, бірігіңдер, істеңдер деген құрғақ сөз жүрмейді. Кооператив құрса, оған жеңіл несие беру керек. Халықты ынталандыру керек. Сосын бірігіп техника сатып алатындай мүмкіндік жасаған дұрыс. Мысалы, облысымызда субсидия алу арқылы 185 кооператив ашылды. Ауылда қара мал ұсақталып кетті ғой. Енді соны асылдандыру үшін жақсы бұқа алуға үкімет 154 мың ақша береді және қожалықтағы 30 сиыр сол бұқадан шықса, әр бұзауға 18 мың теңгеден ақша төлейді. Енді ауылдағы бүкіл малды кооперативке жазып, араларынан бір жігітті басшысы қылып сайлап, ол текті бұқа алса. Ауылдағы 400 сиырдың бәріне 18 мыңнан ақша түседі.  Міне, осыны біз Зеренді ауданында бастап едік, қазір облыс бойынша жақсы дамып келеді. Мұның кәсіпкерлікке ешқандайда қатысы жоқ. Бұл үкімет тарапынан беріліп отырған субсидия. Мұның көмегімен ауылдағы мал асылданады. Бірақ, мұның да кем тұстары бар. Ауылдағы ағайын бұқаның етті тұқым екендігін айтып, ал, оларға сүтті тұқым керек деп шағымданатындары да бар. Сол үшін сүтті тұқымды бұқа алу үшін субсидия берілсе екен. Енді кооперативтер ашылса да, қара халықты осы жерде де алдап кеткісі келетіндер бар. Малыңыз кооперативте ме, оны бағу үшін бақташыға төленетін ақшаны да кооператив төлеу керек. Бірақ, бізде ол жүзеге асып жатқан жоқ. Осы жөнінде маған шағымдар түсіп жатыр. Ол алдағы уақытта шешілетін шаруа.
Кәсіпкерлердің бірігуі үшін жеңіл несиелер берілуі керек. Қазір егін оратын, шөп шабатын мықты техникалар бар. Олар күніне 300 гектар жерді ора алады. Оны алсақ, жақсы болар еді. Бірақ, бағасы қымбат. Сол үшін 4-5 адам қосылып алуға болар еді. Ондай көлігің болса, арақ ішіп, жұмыс істемей қашып жүретін жұмысшыларыңның соңынан салпақтап жүрмейсің. Міне, соны алу үшін де несие керек. Ең бастысы, кооперативтерге несие беруді
ойластыру керек.
Жақсылық Ақтан:
– Сіз айтып өткен хуторларды мен Финляндиядан көрдім. 3-4 үй ғана тұрады екен. Олар сегіз сиыр ұстайды екен. Сол сегіз сиырмен қаланың бір ауданын сүтпен қамтамасыз етеді. Бір сиыры күніне 80 литр сүт береді. Басында сенбеп едім. Сиырын көргенде сендім. Желіні қазандай.
Сиырлары ырғатылып, желінін сүйретіп әрең жүреді. Ал, жайылым жері өте кішкентай. Оның өзін  12 вольттық сыммен жетіге бөліп тастаған. Бүгін бір бөлігінде жа-йылса, ертең екінші бөлігінде оттайды. Сөйтіп, бір айналып келгенше, бірінші күні оттаған жері қайта жайқалып тұрады.
Тілші:
– Жаңағы айтылған мектептердің мәселесіне келсек, әрине айналдырған үш-төрт оқушыға бола мұғалім ұстап, мектептің жарығы мен жылуына ақша шығару тиімсіз. Сол үшін аудан орталықтары мен үлкен ауылдарда интернаттар ашса қалай болар екен?
Нартай Ысқақов:
 – Осы жерде отырған адамдардың бәрі де интернатта оқығанбыз. Алайда, бүгінгі ата-аналар балаларын интернатқа бергісі жоқ. Мен ауылдарға жиі барып, халқымен сөйлесіп жүремін ғой. Сонда бірде- бір ата-ана баласын интернатқа беруге келісім бергенін көргем жоқ.
Жақсылық Ақтан:
– Береді. Бермей қайда барады?! Олар дым түсінбейді. Интернат бар ғой, адамды өмір сүруге бейімдейді. Маңайдағыларымен  тіл табысуды, көпшіл болуды үйретеді. Сосын досың көбейеді. Интернатта оқығанның бәрі дос, бәрі таныс болып кетеді. Әй-шәйға қарамай балаларын интернатқа бергізу керек.
Нартай Ысқақов:
– Аға, қазір елдің психологиясы өзгеріп жатыр. Жекешелендіру жүріп жатыр. Біреу біреуді ойламайтын болып барады. Тіпті, қазіргі жастарда дос деген жоқ. Заман өзгеріп жатыр.  
Асылбек Есмағамбетов:
– Мен өзім басқарған ауыл туралы айтайын. Ол жерде ешкім де бірлесіп жұмыс істемейді. Ондайға келіспейді. Өйткені, ертең олар несие алады, оны бөліп алу керек, төлеу керек, өтеу керек. Осы жағына келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмайды. Бірақ, ел ішіндегі кәсіпкерлерді көбейтуіміз керек. Соны қолдау керек. Баратайда 46 белорусь тракторы, оннан аса жүк көлігі бар.  Оның бәрі жұмыс істеп тұр. Қазір жер мәселесі шешіліп жатыр. Мынау Баратайда инвестор жоқ. Жеріне егін себілмей тұр. Ол жер кәдімгі боз болды. Халық шауып алып жатыр. Ал, ертең инвестор табылып жатса, ол жерге егін егіледі. Халық малын бағатын, шөбін шабатын бір гектар жер қалмайды. Баратай ауылында 360 бас жылқы, 440 бас қара мал, 1200-дей қой бар. Осыларға үкімет нормасымен есептесек 6260 гектар жер керек. Баратайдың барлық жері 5500 гектар ғана.
Біздің ауылда бір адамға 4 гектар үлес келеді. Жеріміз «Еленовка-Агро» жауакершілігі шектеулі серіктестігінде. Олар гектарына 600-700 теңге ғана береді. Көрші Ақан ауылында да солай. Есептей беріңіз. Олардың пайы 3500 теңгедей ғана. Бұл масқара ғой. Сондықтан да, жұртты пайға жаутаңдатып қоймай, ол жерге мал өсірсек, техника алсақ, елдің жағдайы жақсарар еді. Ел ішіндегі жігіттер өссе, техникасы болса, ертең жолды тазалайды, су да тартады. Қазір Ақан мен Баратайда мал алып, үйлерін жөндеп, техника сатып алып жатқан жігіттер бар. Олар да барынша тырмысып жатыр. Солар өсе бергенде жерін алып қойсақ, тамырына балта шабылады.  
Нартай Ысқақов:
– Жерлеріңізді сақтап қалу үшін шаруа қожалықтарын ашуларыңыз керек. Егістік алқабына қалай да егін егілу керек. Егер егілмесе, ол адамға 10 есе артық салық төлетеді. Сол үшін сіздер болмасаңыздар, ертең басқа біреу келіп егін егеді. Мен Алматы облысы Панфилов ауданының бір азаматының әңгімесін айтайын. Оның жері тастақ екен. Жыл сайын жер жыртқаннан кейін жалдамалы өзбектерді жіберіп, егіс алқабынан 10 тонна тас жинайды екен. Сіздер құнарлы топыраққа ештеңе еккілерің келмейді, басқалар тау мен тасқа егін егуде. Мемлекет егістік алқабын ешқашан бос қалдырмайды. Бүгін болмаса ертең инвестор табылып, жеріңді жыртып, егінін егіп тас-тайды. Сол кезде өкінбеу үшін бүгін қимылдап шаруа қожалықтарын ашып алыңыздар. Ауылдарыңыздың ертеңін ойласаңыздар бұдан басқа жол көріп тұрғам жоқ.

 

 

P.S. Ойымызды қорытындылай келе, ауылдың хал-ахуалы жақсару үшін алдымен қала мен екі ортадағы жол жөнделіп, ауыз су мәселесі шешілуі керек. Ауыл тұрғындарына егін егіп, мал шаруашылығымен айналысу үшін жеңілдетілген  несиелер беріліп, салық салатын мөлшерін азайту керек.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеруге қосалқы шаруашылықтарының қосар үлесі аз емес. Әр үйдің есік алдындағы бау-бақшасы, төрт түлігі болса, бұл ауыл тұрғындарын сапалы табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оған қоса артық өнімдерін сату арқылы тәп-тәуір ақша түсіріп тұрады. Бірақ, қосалқы шаруашылықты ұстау үшін жер, жайылым және жемшөппен қамтамасыз ету қажет. Атқарушы билік осы мәселені оңтайлы шешсе, ауыл адамдарының тұрмысы жақсарып, еңсесі көтерілер еді. Сонымен бірге, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория сияқты жұртқа, оның ішінде жастарға қажетті әлеуметтік мекемелердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Жастардың бос уақыттарын көңілді, қызықты өткізуіне мүмкіндік болса, олар қазіргідей қалаға қашпас еді. Міне, осы аталған мәселелер дұрыс шешімін тапса, ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуі тоқтап, ауылдың көсегесі көгермек. Әйтпеген жағдайда, онсыз да көбейіп кеткен қала тұрғындарының санын өсірген ауылдан барғандар елімізде өзекті мәселе болып отырған баспанасыздық, жұмыссыздық деген әлеуметтік кеселді өршіте түсері даусыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар