Ел тынысы – басты назарда

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевпен бірге Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Бурабай, Астрахан және Бұланды аудандарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелеріне аэровизуалды тексеру жүргізді. Сонымен қатар, өңір басшысы Атбасар қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Өңір басшысының жұмыс сапары төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевпен бірге Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Бурабай, Астрахан және Бұланды аудандарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелеріне аэровизуалды тексеруден басталды. Осыған орай елді мекендердің жанындағы гидротехникалық құрылыстар, жер бедерлері мен бөгеттер зерттелді.

Сонымен қатар, Жабай және Шағалалы өзендерінің, Айдабол бөгетінің, Шағалы су қоймасының арналары қаралды. Қар жамылғысы мен еріген сулардың жиналатын орындары, Жабай өзенінің бойында орналасқан елді мекендер арқылы өтетін жерлер белгіленді. Атбасар қаласының жер бедері, су тасқыны бар автожол учаскелері жіті тексерілді.

– Облыс өзендерінде мұз кептелістерін жою жұмыстары жүргізілуде. Ерейментау, Шортанды және Астрахан аудандарының Колутон өзендерінің 5 учаскесінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Бұдан басқа, ықтимал тәуекелдерді мониторингілеу және су тасқыны қаупі бар өзендер мен гидротехникалық құрылыстарда жедел шаралар қабылдау үшін тәулік бойы 92 бақылау бекеті қойылды, – деп баяндады Н. Атығаев.

Су тасқыны қаупі бар аудандардың бірі – Атбасар қаласы. Қауіптің алдын алу үшін 13 наурыздан бастап тәулік бойы штаб жұмыс істейді, 4 отряд дереу әрекет етуге дайын. Жабай өзенінің су деңгейі үнемі бақылауда.
– Су тасқынына жол бермеу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Жұмыс қарқынын бәсеңдетпеулеріңізді сұраймын. Үлкен жұмыс атқарылды, бірақ жағдай тәулік бойы бақылауда болуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Мамандар Атбасар ауданындағы жағдайды бірқалыпты деп сипаттағанымен әлі де болса қауіп сейілмегендігін айтады. Сондықтан жағдай үнемі бақылауда болады. Аймақ басшысы Жабай өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін аралап көрді. Су 3,5 метрге дейін көтеріліпті.

Жалпы, тасқын сулардың алдын алу мәселесі Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың ерекше бақылауында болады.
Бұдан кейін өңір басшысы Атбасар қаласына жұмыс сапарымен барып, аудан орталығындағы №3 жалпы білім беретін мектепке ат басын бұрды. Ғимарат 1981 жылы пайдалануға берілген екен және сол жылдан бері әлі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізілмесе керек.

– Ішінара жөндеу жұмыстары 2020 жылы жүргізілген болатын, бірақ шатырды жөндеу, электр сымдарын шұғыл ауыстыру мәселесі өткір тұр, – деді мектеп директоры.

Ескі жабдық, жөндеу көрмеген ғимарат бәрі де көрер көзге сүреңсіз көрінеді. Бірақ, мұнда білім алып жатқан оқушы балалардың білім деңгейін, оқуға деген ынтасын, болашаққа құрған жоспарларын естіп, көру тіпті бір ғанибет. Жобалық қуаттылығы 528 оқушы бола тұра, қазіргі таңда бұл ғимаратта мыңнан астам бала оқиды екен. Осы орайда өңір басшысы мұндағы жоғары сынып оқушыларымен де тілдесіп, олардың жағдайы, бос уақыттарында немен айналысатындықтары туралы сөз қозғап, жас жеткіншектерді сөзге тартты.

Мектептің 10 сынып оқушылары Артем Каблуков пен Никита Ильин үздік білімдерімен көзге түсіп, әртүрлі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жас өрендер. Олар көптеген пікірталас турнирлеріне қатысып жүр. Сонымен қатар, олар робототехника саласына зор қызығушылық танытып, бүгінде өздері де осы істі меңгеруге бел шешкен. Күні кеше ғана облыстық робототехника турнирінде жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, ендігі орайда алдағы республикалық турнирге аса жауапкершілікпен дайындалуда. Өткен жылы олар республиканың үздік 7 командасы сапына кіріп, «Робот дизайны» және «Инженерлік зерттеу дәптері» номинациялары бойынша марапатталды.

Балалар облыс әкіміне болашақта қандай мамандық иесі атанғылары келетіндіктерін айтып, жоспарларымен бөлісті. «Алтын белгіге» үміткер Михаил Тарасенко «Мен болашақ мамандықты әуелден таңдап қойғанмын. Алматы қаласының азаматтық авиация академиясына түскім келеді, ұшқыш болуды армандаймын» деді ол нық сеніммен. Үздік оқушылардың бірі Рүстем Мұстафин болса, тарих және география пәнінің мұғалімі мамандығын таңдайтындығын қадап айтып, өз жоспарларын алға тартты. Ал, Эдуард Пекуш болса, болашақ агроинженер.

– Қай жерде білім алсаңыздар да, қандай мамандық иесі атансаңыздар да, алдымен елге қандай пайда әкелетіндеріңізді ойлап, жүрек елегінен өткізу керек. Қазір біздің өңірде дәрігер мамандар тапшы. Сол себепті де біз сіздердің араларыңызда болашақ ақ халатты абзал жандардың барын көріп қуанып отырмыз. Ал, біз сіздер тәлім алып жатқан мектепті назардан тыс қалдырмаймыз, оны ретке келтіреміз, – деп сөзін қорытындылады Ермек Маржықпаев.

– Жалпы Атбасар қаласында сегіз мектеп бар. Күрделі жөндеу жұмыстары №1, №7 мектептерінде жасалды. Қалған барлық ғимараттардың жай-күйі шамамен бірдей. Жоспар бойынша 2024 жылы мектеп жаңғыртылады, – деді Атбасар аудандық білім бөлімінің басшысы Наталья Наймушина.

Өңір басшысы барған тағы бір әлеуметтік нысан – Атбасар қаласындағы агро-индустриалды колледж. Мұнда Атбасар және көршілес аудандардың 9 және 11 сыныптарының 600-ден астам түлегі оқиды, басқа елді мекендерден келген жастарға жатақханада орындар беріледі. Колледжде кадрлар даярлау 14 мамандық және 26 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Олардың ішінде токарь, тігінші, кондитер-аспаз, механизатор, газ-электр дәнекерлеуші және тағы басқа сұранысқа ие мамандықтар бар.

Ғимарат 1961 жылы салынған. «Жас маман» жобасына қатысу арқылы колледждің материалдық базасы біршама жаңартылды. 2017 жылы ағымдағы жөндеу аясында ғимарат сырты сырланып, бірінші мен екінші қабаттар жөнделді. Дегенмен, әлі де болса ғимаратқа жөндеу қажет. Бұл әсіресе, спорт залы жоқ 200 орындық екінші ғимаратқа қатысты.

Болашақты тігінші боламын деп білім нәрін сусындап жүрген Надежда Симченко бұйымдарды модельдеуді, кесуді және тігуді үйреніп қана қоймай, колледж жатақханасын төсек-орын жабдығымен, ал,
басқа мамандықтардың балаларын ыңғайлы формамен қамтамасыз етеді.

Ал, үшінші курс студенті Сәбира Баймұқанова болса, бала кезінен техникаға қызығушылық танытып, әртүрлі құрылғыларды жинаумен айналысады екен. Бірінші курс студенті Сергей Шлыковтың да болашаққа құрған нақты жоспарлары бар. Қазір ол токарь мамандығын меңгеріп жүр. Көздерінде от, білімге деген қызығушылықтары зор, жаңашыл, іскер жастарды көріп, облыс әкімі олардың болашақтарына зор сенім артып, алдағы уақытта колледжге қажетті қамқорлық жасалатындығын қадап айтты.

Облыс әкімі барған келесі нысанның бірі Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасы. Аталмыш емдеу мекемесіне Атбасар қаласының тұрғындарынан басқа, Есіл мен Жарқайың аудандарынан емделушілер келіп, қаралады. Облыс әкімімен кездесу барысында ұжым мүшелері медициналық мекеменің ғимаратына жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілгенін атап өтті. Қазір балалар корпусы мен перзентхананың жағдайы сын көтермейді, реанимация бөлімін күрделі жөндеу қажет.

– Реанимацияны жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сонымен қатар, ангиограф сатып алуға 38 миллион теңге қаражат бөлінді, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Қоңырбаев.

Жоспарланған қуаттылығы бойынша 500 адамға лайықталған емханада іс жүзінде бір ауысымда 1200 науқас ем қабылдайды. Мұнда акушерлік, гинекологиялық, терапевтік, хирургиялық, травматологиялық, педиатриялық бейіндер бойынша өңір тұрғындарына стационарлық, шұғыл, жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Ауруханада рентген және ультрадыбыстық жабдықтар, физиокабинет, массаж және телемедицина кабинеттері бар.

– Ауруханаға 25 дәрігер қажет. Біз кадр мәселесін шешу бойынша жүйелі жұмыс істейміз. Таяу арада ауруханамызға 4 дәрігер келеді, – деп атап өтті бас дәрігердің міндетін атқарушы Светлана Молодикова.

– Өңіріміздегі денсаулық сақтау нысандары басты назарда. Қазіргі таңда Новосельскийде фельдшерлік акушерлік пункт салынуда, Сочинскийде жаңа медицина мекемесінің құрылысы басталады. Ал, мына ауруханаға қажетті көмекті көрсетуіміз керек, – деп атап өтті Ермек Боранбайұлы. – Аудан бойынша бірқатар жауапты жұмыстар бар. Мектеп пен аурухананы ретке келтіріп қана қоймай, одан да ауқымды жұмыстарды қолға алуымыз керек. Себебі, ел халқының жағдайын жасау мәселесі қашанда басты назарда, – деді өңір басшысы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
Наталья ЯКОВЛЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар