Ақмола теміржол бөлімшесінің ардагерлері өңірлік кеңесінің төрағасы, «Құрметті теміржолшы» төс белгісінің иегері Серік Сүлейменов 45 жылдық еңбек жолын теміржол саласына арнаған майталман маман. Таяуда ол өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Біз осы мерейлі дата қарсаңында еліне еселі еңбегімен үлгі болған абзал жанмен жақынырақ танысып, сұхбаттасып қайттық.
Серік Уаисұлы дүниеге келген Сүлейменовтер әулетін теміржолшылар династиясы деп айтуға әбден лайық. Әулеттің тыныс-тіршілігі теміржолмен біте қайнасқан. Құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін ұрпақтар бүгінде ата дәстүрін бұзбай келеді. Ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған отбасының осы жолда атқарған жалпы еңбек өтілі – 374 жыл! Серік Уаисұлы бізбен болған сұхбат барысында әкесінің өнегесі туралы баса айтты. Ұлы Отан соғысының ардагері Уаис ата жол монтері, жол бригадирі, жол дистанциясының шебері лауазымында жалпы теміржол саласында 40 жылдан астам еселі еңбек еткен абзал жан. Қашаннан «Әке балаға үлгі» екендігі қағидат. Ұлағатты әкенің өнегесін жалғастырып, Серік Уаисұлы да бар саналы ғұмырын осы жолға арнады.
– Мен еңбек жолымды 1970 жылы Қазақ теміржолы Көкшетау сигнализация және байланыс дистанциясының байланыс жұмысшысы қызметінен бастағанмын, – деп өз өмірбаянымен бөлісті ол. Еңбек еткен жылдары қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер, ағымдағы жөндеу шебері, өндірістік оқыту шебері, аға инжинер, Тың теміржолы Көкшетау бөлімшесінде кадр бөлімі бастығының орынбасары, Ақмола жол бөлімшесі партия ұйымының хатшысы және басқа да лауазымдарда елдің ертеңі үшін аянбай қызмет етіп, алғырлықпен, зор жауапкершілікпен ерен еңбегін сіңіре білді.
Ал, 1990-шы жылдардың басында бөлімше басшылығы Серік Уаисұлына Көкшетау теміржол вокзалы ұйымын басқаруды сеніп тапсырды. Бұл ұжымда 2016 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 24 жыл еңбек етті. Көкшетау темір жол вокзалы басшысы лауазымында жүрген жылдары Ақмола облысы, Көкшетау қала әкімдерінің, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен вокзал алаңы жаңартылып, абаттандырылып, күрделі жөндеу жүргізілді.
Көкшетаудан басқа, бөлімше қарамағына өңірдің 60 темір жол вокзалы қарайтын. «Осы аралықта біз 10 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсеттік. Көкшетау-Қызылорда, Петропавл-Алматы (тальго) жолаушылар пойыздары, Астана-Көкшетау, Астана-Атырау, Астана-Орал электр пойыздары қосымша іске қосылды. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін перрон, жолаушылар платформасы жөнделді, вокзал маңы жарықтандырылды», – дейді ол.
Серік Уаисұлы вокзал бастығы қызметін атқарған жылдары Ақмола жол бөлімшесі филиалында әскери және еңбек даңқы мұражайы ашылды. Ұлы Отан соғысы мен Ауған және Чернобыль соғысына қатысқан ардагерлер мен олардың отбасыларына зор көңіл бөлінді. Сондай-ақ, көп балалы аналар мен еңбек мүгедектерінің жол құжаттарын алуға жағдайлар жасалды. Тағы бір ерекше екпін түсіре баса айтатын жайт, сол кезде Ақмола бөлімшесінің ведомствалық 65 станцияларының 49 вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жолаушыларға арналған 11 қызмет көрсету платформасы құрылды. Электронды табло орнатылып, билет кассалары жедел сату жүйесіне ауыстырылды, анықтамалық бюро жұмысын жетілдірді, жаңа жабдықтар орнатты, мүгедектер үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз етті.
– Теміржол вокзалының жұмысы бойынша, әдетте, бүкіл теміржолдың жұмысы бағаланады. Өйткені, облыс орталығының тұрғындары өз наразылықтарын локомотившілерге айтып, шағымданбайды, адамдар бар шағымын вокзал басшылығына келіп айтатыны бар, – дейді тәжірибелі басшы. – Ел Тәуелсіздігін алған жылдары нарықтық экономика қыспаққа алып, бұрынғы экономикалық байланыстардың ыдырауы барлығына әсер етті. Вокзал ғимараты 1981 жылы салынған, жабдық ескірген, оны өз бетімен жаңартуға тура келді. Тіпті шығындарды азайту үшін жеке кір жуатын орын аштық. Автокөліктерді қоятын жер болмай, өзіміз гараж салдық. 170-ке жуық адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін сауда орындарына 2,5 мың шаршы метр аумақ жалға берілді, өйткені сол кезде көптеген адамдар күнкөріссіз қалды, – деп еске алады сол күндерді Серік Уаисұлы.
Ол қашанда өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, өз қарамағындағы қызметкерін бауырына балайтын, аса қамқор, өте еңбекқор жан.
Қазіргі таңда Серік Уаисұлы жетінші жыл қатарынан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Төралқасы мүшесі, қалалық және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде 6700 ардагердің мүддесін қорғайды. Ол өз әріптестері арасында зор беделге ие Еселі еңбегімен дараланған, өз өнегесімен өзгелерге үлгі бола білген абзал жан жөнінде әріптестері де жылы лебіз білдіруде.
– Серік Уаисұлы сертке берік, адалдықтың туын жықпаған әділ, еңбекқор адам. Тәжірибелі басшы, сенімді жолдас. Қызмет істеген жылдары өзінің кәсіби тәжірибесі мен білімін темір жол көлігінің әртүрлі саласында қызмет етіп жатқан жастарға тәлім-тәрбие берді, – дейді бұрынғы әріптестері С.Сүлейменова, сала ардагерлері Болат Нұртазин мен Башен Теміржанов.
Әріптестерінің айтуынша, ол өз тәжірибесін ортаға салып, қаншама жастарға өз білген-түйгенін үйрете білді.
– Мен үшін Серік Сүлейменов – Аңыз адам! Идеялар генераторы, көркем мінез иесі, жүрегі ақыл, парасатты адам. Біз оның көптеген дана ойлары мен перспективалық жоспарлары қайдан шыққанына әрқашан таң қалатынбыз. Осындай басшымен жұмыс істегеніме тағдырыма ризамын, – деп бөлісті ардагер Раиса Якунина.
Серік Уаисұлы ғылым саласына да зор қызығушылық танытып келеді. Ол «Шапағат-2020» республикалық өнертапқыштар байқауының жеңімпазы.
– Мен көптеген жылдар бойы өнертапқыштық қызметпен айналысамын. 2019 жылы зиянды заттар шығармайтын экологиялық таза су қозғалтқышын ойлап таптым. Өнертабысты ең алдымен электр қуаты жетіспейтін ауылдарда енгізгім келеді. Бұл өнертабысым патенттелген, – дейді ол.
Серік Сүлейменов жұбайымен бірге екі ұл, алты немере тәрбиелеп отыр. Олардың отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған болатын.
Вероника БУРДА.
Сурет автордікі.