Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл беделі – ұлт мәртебесі - АРҚА АЖАРЫ

Тіл беделі – ұлт мәртебесі

Тіл – қашанда ұлттың ұйытқысы. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік бар. Мемлекеттік тіл мәртебесіне Қазақстанда тұратын, ауасымен демалып, суын ішіп, топырағын басқан кез-келген азаматтың өз үлесін қосуы – азаматтық және адамдық борышы.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын атап өтті. Қазақстан Республикасының қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі. Сондықтан, тіл мәртебесіне көтеру, тіліміздің жұлдызын биіктету баршамызға міндет деп санаймын. Тілдің маңыздылығын ұғындыру, қолдану аясын кеңейту мақсатында елімізде жыл сайын, дәстүрлі тілдер мерекесі, арнайы іс-шаралар, тағы басқа байқаулар өтеді. Биыл біздің ауданымызда осы мақсатта «Тілдің ертеңі – ұлттың ертеңі» атты аудандық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға Щучинск қаласының колледж, мектеп оқытушылары мен колледж студенттері қатысты. Бұл конференцияға облыс орталығынан Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қуаныш Қажиахметов пен  Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталықтың әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ғайша Жакиенова қатысты.

Конференция баяндамашылары өз істеріне жауапкершілікпен қарап, тыңдармандарына маңызды ақпарат берумен қатар, тілдің мәртебесін көтеру және аясын кеңейту бойынша құнды мәліметтер айтты. Алғашқылардың бірі болып жоғары педагогика колледжінің оқытушысы Ғ.Темірова баяндама жасап, тілдің, сөздің құдіреті жайлы, бір ауыз сөзбен адамды бақытты етуге де, көңілін қалдырып, мәңгі жау етуге де болатынын бірнеше мысалдар келтіре отырып өте тартымды, мәні мен маңызы зор ойларды ортаға салды. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледждің қазақ тілі оқытушысы Т.Шаяхметова әскери колледжде де мемлекеттік тіл жоғары деңгейде жүргізілетіні жайлы, жұмыс нәтижелерін бейнероликтер  арқылы конференцияға қатысушылардың назарына  ұсынды.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдайлар жасалған десек те болады. Солардың бірі әр аудан орталығында ашылған Тілдерді оқыту орталығы болып табылады. Біздің орталықта 2023 оқу жылында 19  топта 228 тыңдаушы тегін мемлекеттік тілді, ал 2 топта 12 тыңдаушы ағылшын тілін меңгеруде. Орталық оқытушылары тіл үйренушілердің қызығушылығын арттыру үшін және тілді меңгерту үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, сабақтарын тартымды етіп өткізуде.

Ересек адамдарға тілді үйрету жайлы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Маширова сөз етті. Баяндамашы ересектерге сабақ берудің өзіндік ерекшеліктерін айта келіп, біздің қаламызда тілдік ортаның жоқтығынан бізде оқыған тіл үйренушілер үйренгендерін өмірде қолдану аясы жоқтың қасы деп қиналатындарын айтты. Ортаны жасайтын сіз бен біз, сондықтан мемлекеттік тіліміздің аясын кеңейту үшін бәріміз ат салысу керекпіз, яғни, жүрген жерімізде мемлекеттік тілде сөйлейік. Жоғары техникалық колледжінің оқытушысы Ә.Мұқатаева «Тілге құрмет – қабілетті ұлт болудың кепілі» деген тақырыпта сөз қозғап, тілге құрмет көрсететін жастардың санын арттыру барысында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқандығы жайлы баяндады.

Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Осы мұраны сақтап, одан әрі қарай мәртебесін биікке көтеру біздің өзіміздің қолымызда, әсіресе, жастардың қолында екені белгілі. Сондықтан,   «Тілдің ертеңі – ұлттың ертеңі»  деп аталатын конференциямызға қаламыздың қазақ тілі әдебиет пәнінің мұғалімдерімен қатар колледж студенттерін де шақырған болатынбыз, сөзді жастар алып, жоғары педагогикалық колледжінің студенті Айнар Аманжолова «Тілім барда, халқым бар, қазағым бар» тақырыбында баяндама оқыды. Одан кейін жоғары педагогикалық колледжінің студенті Сүлеев Алтынбек авторлық шығармасынан «Мағжанға арнау» атты өлеңін, осы аталған колледждің студенті Орынбек Әлімжанов Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасын, Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледждің кадеті Д.Бейсенғалиев М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңін  оқып, көпшілікке өз өнерлерін паш етті. Қорытынды  сөзді конференция қонағы Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталықтың директоры Қуаныш Қажиахметов алып, жылы лебізін білдірді. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлім-тәрбиесінің негізі екенін айта келе, ұйымдастырушыларға, баяндамашыларға, әсіресе, жастарға конференцияның өтуіне ат салысқандары үшін ризашылығын білдіріп,  әлем танитын ел болу үшін мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруіміз қажет. Тіліміздің туын әрқашан жоғары ұстайық деді.

Жалпы таяуда ұйымдастырылған іс-шаралардың тағы бірі «Төрлет, Әз Наурыз» тақырыбында өткен мерекелік сабақтан тыс іс-шара болды. Бұл іс-шарада орталық оқытушылары «Ата салтым – қазынам», «Алтын сақа», «Ән-шашу» атты үш ауылға бөлініп, онда қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет ғұрпын көрсетіп, ойындарын ойнатып, әндерін айтқызып тыңдаушылардың көңілінен шықты. Наурыз мейрамына байланысты ұйымдастырылған іс-шара болғандықтан шашу шашылып, наурыз көже мен бауырсақ берілді. Іс-шара соңында «Тұсау кесу» рәсімі көрсетілді. Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат –  тіл үйренушілерге қазақ тілін үйретумен қатар, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау, көрсету, үйрету болып табылады.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біздің тіліміздің және мәдениетіміздің дамуы еліміздің өркендеп өсуімен тығыз байланысты. Олай болса, мемлекеттік тілді білу, оған құрметпен қарап, оны күнделікті өмірде қолдану тұрмыс-салтымыздың, мінез-құлқымыздың бөлінбес бөлігі болуы қажет. Барлық күш-жігерімізді, достығымызды нығайтуға жұмсау керекпіз. Ұлтаралық бірлік – отандастарымыздың басты байлығы екендігін ұмытпауымыз керек. Тіл мен қарым-қатынас біріккенде ғана сыйластық, достық, адамгершілік парасаты артады. Мемлекеттік тілді меңгеру, елдің бірлігін білдіреді. Сонда ғана, «Тіліміздің беделі – ұлт мәртебесі», – деп мақтанышпен айта аламыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деді.

Жанар МАХМЕТОВА,
Бурабай аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар