Жас ұрпақтың жаңа бастамалары

Ақмола облыстық орыс драма театрында «Уақыт бояулары» атты сахналық қойылым болып өтті. Көрермендер назарына жаңаша сипаттағы шығармашылық дүниелер ұсынылып, туынды көрерменнің көзайымына айналды.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанынан құрылған «Жауқазын» студенттік жастар театры бірнеше жылдан бері қала тұрғындарының назарына жаңа қойылымдар ұсынумен келеді.

Осы жолғы туынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға ғылыми қызметкері, жоғары санатты ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, қаламгер Ерболат Баяттың «Уақыт бояулары» атты кітабының негізінде қойылып отыр. Студенттер қойылым барысында аталған кітаптағы өлеңдерді жатқа оқыды. Сондай-ақ, 1890 жылдардағы әуендерді сахналық көрініске үйлестіріп, көрермендерді өткен күндердің желісіне саяхаттатып қайтты. Сахналық қойылымды тамашалауға қала тұрғындары, студенттер мен құрметті қонақтар қатысты.

Қойылым соңында жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аманбай Асылбайұлы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабеков және басқа да қонақтар театр ұжымына жылы лебіздерін білдіріп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында «Жауқазын» студенттік жастар театрының негізін қалаушы әрі театрдың көркемдік жетекшісі Құдайберген Насыров университеттің ректоры Марат Сырлыбаевтың атынан «Ualikhanov University дамуына қосқан үлесі үшін» I-ші дәрежелі медальмен марапатталды. Сонымен қатар, университет басшылығының шешімімен театрдың дамуына үлес қосқан студенттер Әбдікәрім Камила және Жанболат Айдын «Жауқазын» студенттік жастар театрының жұлдызды мүсіншесімен және дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ, қойылымда өздерінің табиғи таланттарын паш еткен өнерпаздарға  ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Көрермендердің алғысына бөленген жас театр ұжымына алдағы уақытта толайым табыс тілейміз. «Жауқазын» студенттік жастар театры жасай берсін!

Мафтуна НАЖИЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар