Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жалғыз дән жерде қалмайды - АРҚА АЖАРЫ

Жалғыз дән жерде қалмайды

Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі саналатын «Бектау» серіктестігі биыл жалпы көлемі 21465 гектар алқапқа дәнді дақыл сепкен еді. Оның 17948 гектары бидай, 2167 гектар жерге арпа себілді. Оған қоса, мал азығы үшін  1350 гектар жерге екпе шөп егілді.

 

Табиғат жағдайына тәуелді болып қалмай, жыл сайын бітік егін өсіру үшін агротехникалық шараларды қатаң сақтап, жерді озық технология бо-йынша өңдеу қажет. Шаруашылық осы шарттарды мүмкіндігінше сақтауға күш салады. Биыл да 4433 гектар пар жыртылып, өңделді. Егіс алқабының басым бөлігі ылғалүнемдегіш технологияға көшкен. Зиянкестерге қарсы пестицид, егін шығымдылығын арттыратын тыңайтқыштар қолдануға да жеткілікті көңіл бөлінеді. Биыл егіс алқабына 64 тонна тыңайтқыш қолданылды.
Бұрын серіктестік  «Агроцентр Астана» фирмасына бағынышты болып келген еді. Сол тұста біраз қиындықтарды бастан кешті.  Қолда бар техниканың ескіріп тозғаны өз алдына, адал еңбектерімен тапқан жалақыларын ала алмай қиналған жұрт құзырлы мекемелердің табалдырығын талай тоздырған. Осыдан кейін шыдамы таусылған жұрт құзырлы органдарға шағымданып, жерді өңдеуге бір тиын қаржы салмай, тек оның берген ырысын пайдалануды ғана біліп келген алпауыт фирмадан жерді қайтарып алды. Сөйтіп, үлескерлер жерін  жаңа инвесторға берді. «НұрАстық KZ» серіктестігі тұралап қалған шаруашылықты қайта көтеру үшін қыруар қаржы салып, бірер жылдың ішінде өнімділігі жоғары біраз жаңа техникалар сатып алды. Жаңа техникаға қол жеткізіп, жалақыларын алған жұрттың да еңсесі көтеріліп қалған. Егіншіліктің озық технологияларын сақтауға көңіл бөлінгендіктен, астық шығымы да жыл санап өсіп келеді. Өткен жылы серіктестік жалпы көлемі 27894 тонна астық жинаған еді. Гектар түсімі 13,5 центнерден айналған.
Бүгінде «Бектау» ЖШС-інде 104 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусым кездерінде еңбек ететіндер саны екі жүзден асып жығылады. Жалақысы жоғары және уақытында берілетіндіктен, машина-трактор паркі шетелдік алымды техникамен толықтырылғандықтан болар, жұмысқа ынталылар аз емес. Серіктестіктің бас агрономы  Марат Биғариновтың айтуынша, биыл егін шығымы көңіл қуантып тұр. Жазда жауған мол жауын егіннің бітік шығуына жағдай жасаған. Кейбір алқаптарда аздап сезіле бастаған сары тат ауруы соңғы кездегі күннің ыстығынан болар, белең алмаған. Қалай болғанда да, шаруашылық кешіктірмей таяу күндерде егінге орақ салуға дайын отыр. Қолдағы бар техника толық әзірлік сапына қойылған. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай қоры да жасалуда. Ендігі ең басты міндет – бітік астықты ысырапсыз уақытында жинап алу.   

Қалкөз ЖҮСІП.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар