Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының директоры Нұргүл ШӘЙКЕНОВА: «Ару Алматыға гастрольдік сапардан рухымыз  биіктеп оралдық» - АРҚА АЖАРЫ

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының директоры Нұргүл ШӘЙКЕНОВА: «Ару Алматыға гастрольдік сапардан рухымыз  биіктеп оралдық»

–Нұргүл Ескендірқызы, өзіңіз басқарып отырған біздің облыстық филармония өңіріміздегі іргелі шығармашылық ұжымның бірі екенін жақсы білеміз. Шығармашылық тұрғыдан жаңа ізденістерге, тың репертуарға барып жатқандарыңызды көріп, байқап жүрміз. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Білуімше, сәуір айының 17-18 күндері Алматыға гастрольдік сапармен барып келдіңіздер, енді сол әсермен бөліссеңіз?

–Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы өзіңіз айтқандай, іргелі шығармашылық ұжым. 60 жылдан астам тарихы бар филармонияның  қалыптасу, даму кезеңдері болды. Қазір шығармашылық ұжым толысу, кемелдену шағында дер едім. Иә, филармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі және жеке орындаушылар жуырда Алматы қаласында гастрольдік сапармен барып қайтты. Осы сапар көптен ойда жүрген шаруаларымыздың бірі болатын. Биыл қазақ оркестрінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған  гастрольдік сапарымыз жоғары деңгейде өтті дей аламыз. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты концерттік бағдарламамыз Алматының талғампаз көрермендерін тәнті етті десем, артық айтқандық болмас…

–Атауы да айшықты екен. Концерттік бағдарлама несімен қызықты болды, қандай ұстанымды басшылыққа алдыңыздар?

–Басты мақсатымыз қазақ оркестрінің деңгейін таныту, сондағы ұлттық өнердің жанашырлары мен білгірлерімен жолығысу, тәжірибе алмасу болды. Айтпақшы, біздің концертіміз Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің концерт залында өтті. Атақты оркестрмен шығармашылық байланыста болуға әрбір ұжым мүдделі деп ойлаймын. Сол мүмкіндікке қол жеткіздік. Концерттік бағдарламамыз негізінде оркестрдің орындауындағы шығармаларға, соның ішінде қазақтың күйлеріне құрылды. Күй – қазақтың жаны, асқақ рухы, сөнбес өмір сәулесі. Осы сапарымыз күй атасы Құрманғазының 205 жылдығына, аспандағы аққуға әнін қосқан Ақан серінің 180 жылдығына, қазақтан шыққан кәсіби композитор Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына сәйкес келді. Құрманғазының «Терісқақпай», «Машина» секілді күйлері орындалды. М.Төлебаевтың атақты «Біржан-Сара» операсынан үзінді көрсеттік. Сараның рөлін сахнаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері жерлесіміз Салтанат Ахметова шығарды.

Оркестріміз Кенжебек Күмісбеков атында болғасын жерлес, танымал композитордың «Арман» күйін, «Менің далам», ақын К.Салықовтың сөзіне жазылған «Аққуым айдыныңа оралдың ба?» атты әндерін  ала бардық.

–Көрермендердің ерекше көңілінен шыққан  қандай шығармалар болды?

–Алматының талғампаз көрермендері біздің «Гәкку» би ансамблінің өнеріне ерекше ризашылықтарын білдірді. Сондағы білгір мамандар, дирижерлер қазақ оркестрінің шығармашылық жағынан шыңдалғанын, репертуарының байығанын айтты. Еліміздегі облыстық филармониялардың қазақ оркестрлерінің ортасында ойып алатын орнымыз бар екенін сезіну – біз үшін үлкен қуаныш болды. Белгілі композитор Ермұрат Үсеновпен шығармашылық байланысымыздың арқасында біздің тікелей сұранысымызбен  «Кенесары – ақ семсер» атты кантата жазылған болатын. Соны Алматыдағы Б.Байқадамов атындағы хор капелласымен  қосылып әншілеріміз С.Бекмолдин, А.Қалмағамбетова, Э.Төлеубаева  орындады. Өшпес рухты, сарқылмас  қайратты, мұқалмас жігерді  танытатын аталмыш кантата көрермендерді бір желпінтіп тастады. Рухымыз биіктеп қайттық!

–Байқауымша Алматы сапары сіздерге ерекше шабыт пен құлшыныс сыйлаған сияқты. Өнер – тар шеңберде өспейді, оған әрине, өріс керек. Мүмкіндік болса, осылай шығандап шығып тұрған дұрыс. Алматы әсеріне тағы не қосар едіңіз?

–Айтпақшы, жиналған көпшілік біздің шығармашылық ұжымның сахна мәдениеті, жүргізушілеріміз Алтынай мен Тоқтарбектің дауыс ырғағына, үндеріне, келістіріп оқып, жүргізген мәтіндеріне, дәстүрлі әншілеріміз Эльмираның, Сәрсенбайдың, Жанардың орындауындағы әндерге еріксіз қол соғып, қошамет білдіріп отырды. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның білікті профессор педагогтарымен жылы шырайлы кездесуіміз, дидарласып тәжірибе алмасуымыз біз үшін үлкен олжа болды.

–Өнер биігінен көріне берулеріңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Ерболат БАЯТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы.

***

Ән Көкшетау

(Концертте оқылған өлең)

Көкшетау әннің елі, жырдың елі,
Сал Біржан, Ақан сері бұлбұлы еді.
Үкілі бабамыздың гәккуінен,
Жанымда аққу ұшып, күн күледі.

Бәсіре– Балуан Шолақ Ғалиясымен,
Әсіре–Серкебаев ариясымен.
Қапаш қыз–домбыралы сұлу әуен,
Көкшенің ән бесігі балдай шүлен.

Үкілі Ыбырайдың әулетіміз,
Сал Біржан, сері Ақандар сәулетіміз.
Үш жүзді ән мен қырған айбоздардың,
Көкшеден шыққанына тәубе етеміз.

Тағы бір ән дүлдүлі Еркін еді,
Көркемдеп көңіл-күйін шертіп еді.
Түндігін өнер өркен шаңырақтың,
Біржанов баритоны серпіп еді.

Әсем ән Алатауда, мән де бөлек,
Саф өнер салтанатты, сән де бөлек.
Арқадан ат арытып, қандай ғажап,
Келгенің Алматыны әнге бөлеп.

Беу, жаса!
Бәрекелді, ән Көкшетау,
Жанымдай сүйем сені, жан Көкшетау.
Асырып алты қырдан дауысыңды,
Әніңді асқақтата сал, Көкшетау!

Бурылтай, Маңмаңкерім жаңғырады,
Сұлу саз самаланы жандырады.
Қазақтың қасиетін еселеген,
Көкшенің сарқылмасын ән бұлағы!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш» əдеби
сыйлығының иегері.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар