Азалы тарихқа айрықша тағзым

Тарихын білмеген адам ұлтының қадірін де, тәуелсіздіктің қасиетін де білмейді. Қазақ тәуелсіздік жолында қандай жайды бастан кешірді, бүгінгі егемендік жолында нені құрбан етті? Бұның барлығы болашақ ұрпақтың жадында болса, сонда барып Тәуелсіздігіміз тағылымды бола түседі,мемлекет болғанымыздың нарқын көрсетеді.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргін құрбандары болған біздің отандастарымызды еске алады. Отандық тарихтағы ең қатал және жаппай қуғын-сүргін науқанының салдарынан қазақ интеллегенциясының бетке ұстарлары аяусыз құрбан болды. Теңдессіз құндылығымыз – тәуелсіздікті мирас етіп қалдырып кеткен Алаш ұлдарының өзі тарих пен әдебиеттің бір шыңы. Халқымыздың біртуар азаматтары, қатар жайқалып өскен алып тұлғалы үш бәйтерегіміздің бірі, Ақмола облысының тумасы, Жазушылар одағының негізін қалаушылардың бірі, қазақ халқының мүддесі үшін жанын берген тарлан жерлесіміз Сәкен Сейфуллин.Жүріс-тұрысы, киім киісі де өзгеше, сұлу, өзгелерден оқшауланып тұратынына, көз тартар келбетіне қарап, «Сәкеннің сәнін берсін» деген тілек те қазір кеңінен танымал.С.Сейфулиннің қазақ қоғамының дамуына, ағартушылыққа, саясатқа қосқан үлесі, қызметі зор. Оның атқарған істеріне келер болсақ, ауыз толтырып айта аларлықтай. Ақмола депутаттары кеңесі президиумының мүшесі, Ақмола уездік атқару комитетінің төрағасы, кейін Совпарком төрағасы және білім саласында,  педагогика саласында, жазушылықта да істеген еңбегі аз емес.

Сталиндік қуғын-сүргін – ұлттық трагедия,ел басына түскен қайғы-қасірет еді. Соғыссыз, майдан шебін аттамай-ақ, бейбіт заманда қаншама адам атылды, жойылды, қырылды. «Троцкийшіл. Совет өкіметін құлатқысы келеді. Қазақстанды СССР-ден бөліп, Жапонияға тәуелді етпек. Мақсаты –компартия басшыларының көзін құрту. Сәкен Сейфуллин осындай қылмыс жасады. Сол үшін оны ату керек». Кеңес тілімен сірестіре жазылған үкімнің мазмұны осы. Осыншама айыптан кейін қуғындалып, 1937 жылы тұтқындалды.1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілді.1957 жылы наурызда ақталды. Тіпті, Сәкен толық ақталып, кітаптары қайтадан жарық көріп, оның өмірі, шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жариялана бастағаннан кейін де қылмысты іс туралы сөз қозғауға рұқсат болмады.Сталиндік репрессияның құрбандары болған алыптар бүгінде қайта тірілді дей аламыз. Жендеттер Алаш зиялыларын өз заманында «халық жауы» деп қуғынға ұшыратып, ұрпағымен жер бетінен жоқ қыла жаздаса да, халық санасынан жоғалта алмады. Біз – олардың ұрпағымыз.Күн бейнелі асыл жандардың өздері сөнсе де, қараңғы көкте жұлдыздай ағып өтсе де, нұрлы сәулелері  – олардың мұралары кейінгі ұрпаққа әдебиет, тарих беттерінен көрініп, әлі жарық беріп келеді.

Ф.А.Қозыбақова,
 Әл-Фараби атындағы  Қаз ҰУ тарих факультетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

Зульфия ИСАҒАЛИЕВА,
Дана САРҚЫТОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің
«Аударма ісі» мамандығының 1 курс студенттері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар