– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы желілік саябақта «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған қалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы желілік саябақта ағаш отырғызды.
Мемлекет басшысы сенбілік барысында волонтерлермен және студенттермен әңгімелесті.
– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан үйімізді таза ұстауымыз керек. Ағаш отырғызып, көшелерді тазалауымыз керек. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Бізде басқа ел жоқ. Сондықтан бәріңді жауапкершілігі мол азамат болуға шақырамын. Баршаңызға, әсіресе, еріктілерге алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенбілікке қатысқандар 2 түп қарағай және 39 түп жөке көшетін екті.
Еске сала кетейік, елордада 8 сәуірден 6 мамырға дейін «Жасыл Астана» дәстүрлі экологиялық айлығы өтіп жатыр.
Оның аясында коммуналдық және жалпықалалық бірнеше сенбілік ұйымдастырылады.
Бұған дейін астананың Сарыарқа ауданында 12,5 мың тұрғын сенбілікке шыққанын хабарлаған едік.