«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы «Бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясының шеңберінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі бойынша шара ұйымдастырды.
Шараның мақсаты жастарды жұмысқа орналастыру. Акция барысында 148 бос орын жәрмеңкесі ұсынылды. Сондай-ақ, келген барлық азаматтарға жұмыспен қамту мәселелері бойынша тиісті кеңес берілді. Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Айдархан Сәдуақасов жастар арасында жұмыссыздық жөнінде өз пікірін білдірді.
– Біздің мақсатымыз жұмыс іздеушіге көмектесу. Алайда, көп жастардың біразы оқуын тәмамдағаннан соң, бірден біздің орталыққа келмей, уақыттарын өткізіп алады. Ал, мемлекет тарапынан жастарды жұмысқа орналастыру бойынша көп мүмкіндік жасалып отыр, – деді ол өз сөзінде. Шарада жастар ағылшын тілі мұғалімі, заңгер, бағдарламалар жасау, есепші мамандықтары бойынша көмекке жүгінді. Мамандар өз тараптарынан бос жұмыс орындарын ұсынып, қажетті құжаттар тізімімен таныстырды. Осындай акция облыстың барлық аудандарында өткізілуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.