Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл мектептерінің ахуалы - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл мектептерінің ахуалы

Ауданда барлығы 19 мектеп болса, оның тек 8-і ғана орта білім беретін оқу орны. Сондай-ақ, 6 мектеп тоғыз жылдық болса, 5-і бастауыш мектеп. Бұл әрине, біраз ауылдарда тұрғындар санының кеміп кетуі мен бұрын кеңшар бөлімшесі болған шағын ауылдарда мектеп жасындағы балалардың болмауынан туындап отырған жағдай. Десекте, аудан мектептерінде білім беру сапасы жоғары деңгейде екендігі қуантады.

– Өткен оқу жылының соңында бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша тұңғыш рет облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінгенімізді мақтанышпен айта аламыз, – дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Омарова. –Бұл алдымен ұстаздар қауымының, сондай-ақ, білім алуға деген ынталары жоғары оқушылардың жетістіктері деп бағалаймыз. Енді осыған «Алтын белгіге» ие болған үш түлегіміздің де  жоғары оқу орындарына грантпен түсіп, үздік оқушы болғандықтарын тағы бір дәлелдегендігін қоссақ,
аудан мектептерінде білім сапасы талап деңгейіне сай деуге әбден болатын шығар. Нақты деректерге сүйенер болсақ, аудан бойынша тестілеудің орташа көрсеткіші 84,56 балды құраса, Арықты орта мектебінде бұл көрсеткіш тіпті 103,6 балл болған. «Алтын белгі» алған Айтолқын Боранбаева мен Асылжан Семейхан осы мектептің түлектері. Сондай-ақ, Сабынды орта мектебі мен Қорғалжын мектеп-гимназиясындағы көрсеткіштер де мақтауға тұрарлық.
Шынында да, тестілеу қорытындысы бойынша облыстағы 19 ауданның арасында Қорғалжын ауданының бірінші орыннан көрінуі бәзбіреулердің «ауылдық мектептерде білім сапасы мәз емес» деген сияқты сыңаржақ пікірлерінің жаңсақ екендігін көрсетеді. Бұл арада қазақтың игі жақсыларының басым көпшілігі ауылдардан шыққан түлектер екендігін тағы бір рет еске түсіруге тура келіп тұр.
Ал енді, аудандағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына келетін болсақ, бұл мәселе де өз шешімін тапқан. Бұл орайда Шалқар орта мектебінің күрделі жөндеуден өткізілгендігін, басқа да білім ошақтарында қажетінше жөндеу жұмыстарының дер кезінде жүргізілгендігін айту керек.
Әрине, аудандағы білім беру саласында шешімі табылмаған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, жоғарыда айтып өткеніміздей, кейбір шағын ауылдарда мектеп болғанымен, онда оқитын оқушы жоқ. Атап өтер болсақ, Қарғалы ауылындағы мектеп оқушы болмағандықтан жабылып қалды. Абай атындағы ауылда мектепке баратын бір-ақ бала бар. Шынтуайтқа жүгінсек, бір оқушы үшін мектеп пайдалану тиімді емес.
Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Қуанышқызының айтуынша ол мектептерге күзетші қойылып, бұзылуына жол берілмейді. Яғни, алдағы уақытта бала саны көбейсе, мектеп қалыпты жұмыс істейтін болады. Аудан орталығындағы интернатта әзірге 23 бала бар екен. Олардың 7-уі кешке үйлеріне қайтады. Интернатта оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Бұл арада, сонау 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басындағыдай ауылдардан қалаға үдере көшудің тоқтағандығын, бүгінде ауылдарға көшіп келушілер санының артқандығын айта кету керек. Яғни, мектеп жасындағы балалар да көбеймек. Мәселен, аудан орталығындағы мектеп-гимназияда өткен оқу жылында 360 бала болса, бүгінде оқушылар саны 450-ден асқан. Басқа ауылдарда да осындай үрдіс байқалса мектеп проблемасы өз шешімін табады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша да аудан мектептеріне жас мамандардың келе бастауы қуантады. Солай бола тұра аудан мектептеріндегі қиындық тудырып тұрған тағы бір мәселе, кейбір пәндер бойынша мұғалімдердің жетіспеушілігі. Мәселен, ағылшын тілі, математика және орыс тілі пәндері бойынша ұстаздар жетіспейді.
Сонымен, аудандағы білім ошақтары жаңа оқу жылына толық даяр деуге болады. Мұны аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы, білікті маман Сәуле Қуанышқызы нық сеніммен айтып отыр. Айтпақшы осы «міндетін уақытша атқарушы» деген сөз тіркестері алаңдатады. «Бүгін уақытша отырмын, ертең қалай болады» деген күмән алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік бере ме? Сәуле Омарованы біраз уақыт бойы түсініксіздеу жағдайда ұстау кімге қажет деген орынды сұрақ туындайды. Аудан әкімі Қайыр Рыскелдинов те, облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова да бұл мәселені жедел шешеді деп сенеміз.
 Талғат ҚАСЕН.
 Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар