Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елім  деген ер еді - АРҚА АЖАРЫ

Елім  деген ер еді

Ғұмыры қысқа болса да, нардың жүгін көтерген, кіршіксіз тазалық пен адамгершіліктің үлгісін ұстанып, бар ғұмырын қаз-қаз басып келе жатқан Қазақстанына арнаған адал азамат Әкпән Үкібаев бүгінгі Ақмола облысының Ерейментау ауданында туып-өскен жан.

Балалық балдәурені аумалы-төкпелі заманда өтсе де, өзінің білімі, ақыл-парасаты мен көпшіл мінезі арқылы еліне сүйкімді болып, сол кездегі ауыр қоғам жүгін көпшілікпен бірге көтерген, рухы биік азаматтың бірі болғанын тіршілікте жасаған ізгілікті істерінен молынан аңғарасыз.

1920 жылы Ерейменнің тұңғыш қой артельдері шопандарының балалары үшін бастауыш мектеп ұйымдастырылып, соның кейінгі түлектерінің бірі Әкпән Үкібаев болды. Бұдан кейін ол осы ауданның Благодатный елді мекеніндегі мектеп-интернатта оқуын жалғастырады. Бір айта кететін жағдай сол, осы мектеп қабырғасынан көптеген ірі мемлекет қайраткерлері өсіп шыққан. Солардың қатарында Аманжол Қалықов пен Талғат Әбдіразақов бар. Біріншісі, аудан мен облыстық партия комитеттерінде хатшылық қызмет атқарып, кейіндері Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі деңгейіне дейін көтерілді. Екіншісі, Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына бекітіліп, үлкен білім ордасында ректор, ғылым докторы, профессор атағын иеленген.

Әкпән Үкібаев қилы заман қаһарына қарамай, үнемі ізденіс үстінде болды. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам…» дегендей, ол 1934 жылы оқу іздеп Алматыға келеді. Қаржы техникумында оқып жүрген кезінде әскерге алынып, 1939 жылдан 1946 жылдың аяғына дейін әскери қызметте болады. Ел қорғап, жаумен бетпе-бет айқасқан қазақ офицері, капитан Үкібаев 201 атқыштар дивизиясының батарея командирі болған. Ұлы Жеңісті орнатқан батырларымыздың бірі.

1947 жылдан бастап туған елі Ақмолада облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Зейінді жан кейіндері Алматыдағы жоғары партия мектебі мен институтты бір мезгілде аяқтап, елге оралады. Тың эпопеясы басталғанға дейін ол Ақмола облысының Шортанды ауданындағы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде істейді. Нар тұлғалы ағаның ұйымдастыра білу қабілеті, іскер мінезі тыңда құрылған Есіл, Қима, Жақсы, Державин аудандарында жарқ етіп көрініс берді. Тың төскейінде үзеңгілес жолдас, аға-іні болған азаматтар Әкпән Үкібаев туралы толғана отырып сыр ашатын.

Көзі тірісінде Ақмоланың құрметті азаматы, ел ақсақалы болған, жасы 100-ге таяса да ақыл-ойы тың Мұқат Мейірмановтың бізге айтқан соңғы бір әңгімесі диктофон таспасына жазылып қалып еді. Көкше өңірінен шыққан осы қария сонда бізге толғанысқа толы сөздерін айтып еді.

–  Әкпән жігіттің төресі еді. Ұрсу-зеку дегенді білмейтін. Үлкен-кішінің ықыбын оңай табатын. Кейбір бастықсымақтарға тән паңдық, кісімсу деген жаман қасиеттер оның бойында мүлдем болған емес. Сол үшін шығар орыс-қазағы оны бірдей қатты қадір тұтты. Қандай арыз-шағым түссе де, істің байыбына бармай, шолақ шешім қабылдамаушы еді. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын басқарған В.П. Демиденкоға көп өнеге, тәлім-тәрбие берген осы кісі.

Әкпән Үкібаев басқарған Державин ауданының «Ленин комсомолы» атындағы совхоздың директоры Демиденконың мінезі қыңыр әрі қиянатшыл болды, сондықтан жұмыскерлер тарапынан арыз-шағымдар жиі түсіп тұрды.

Жұмысы алға басқанымен, озбыр мінезі оған үнемі бөгет болды. Сондықтан, қиын шақта халықпен тіл табысуды, жұмыс істей білуді үйреткен Әкпән Үкібаевты ол үнемі әкесіндей пір тұтып, айтқан ақылын жадында ұстады. Бұл оның  өмірдегі бағын ашуға үлкен себеп болды. Соны есіне түсіріп, көзіне жас алғанын талай естідім, көрдім де.

– Екінші бір болған оқиға менің әлі есімде жаңғырып тұр. Ол Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің бірі Сәттар Имашевпен болған кездесуге байланысты, – деді Мұқат Мейірманов. – Әкпән тың көтеріліп, ел басшылығы жер-жерлерде бөгде ұлт адамдарының қолына жаппай көшіп жатқан кезде, ұлттық кадрларды өсіру жөнінен  осы кісімен жолығады.

Екі жоғары білімі бар Мұхиден Ыбыраев деген азаматты жоғарылату жөнінен сөз қозғапты. Имашев болса: «… онсыз да төңірегімде қазақ көбейіп кетті, сөз қылады, өсек тарайды», – деп одан бойын ала қашқан. Сонда Әкпәннің: «Әй, Сәке-ай, азғантай қазағымыздан жасырынып қайда барып күн көреміз, көбейсе көбейе берсін. Қазақстан  біздің ұлы мекеніміз емес пе!» деген сөзі біздің бойымызға күш-жігер мен рух ұялатып еді. Бұл күйзеліске толы бір кезең еді. Күрмеуі күрделі мәселелерді Әкпән Үкібаев әрдайым ұтымды шешіп отырған. Оның ағалық шапағатын көрген көптеген жас жігіттер кейіндері шынайы мемлекет қайраткерлеріне айналды.

Солардың қатарына Еркін Әуелбековті, Мақтай Сағдиев пен Әділхан Шабатовты қоюға болар еді. Келешегінен үміт күттірген жастарды ол туғанындай қадірледі, ағалықпен ақыл қосты, жол көрсетті әрі керемет тірек бола білді. Өсіп келе жатқан сол жас жігіттер Әкпән ағаның сенімін толықтай ақтады.

Соғыс ардагері, Тың өлкесі белсенділерінің бірі болған марқұм Сейітжан Жақыпов ақсақал да бізге айтқан әңгімесінде Ақаңның жайсаң мінез ерекшелігіне ерекше сипаттама берген еді: «Манап Тәшенов Есіл ауданының бірінші хатшысы болған кезде Әкпән Үкібаев аудандық атқару комитетіне төрағалық етті.

Алқалы мәжілістерде бірінші хатшы Манап Тәшенов Ақаңсыз тоқ етер сөзін, жиынның шешімін айтпаушы еді. Аудан басшысы жауапты істе көңілінен шықпай қалған кезде жергілікті жерден тағайындалған жігіттерге қатты шүйлігетін, тіпті жұмыстан босату мәселесін де жиі көтеріп қалатын. Мұндайда Әкпән Үкібаев сөздің артын тосып, маңғаз мінезімен, ұстамды сөзімен елді бірлікке ұйытып, істі насырға шаптырмайтын. Оңашада қалғанда үзеңгілес басшы азаматқа: «Егер жергілікті азаматтарымызды анау-мынау істері үшін өгейсітетін болсақ, ертең кіммен қаламыз, соны ұмытпаңыз»,  – деп сыпайы мінезімен ақыл қосатын. Екеуі өте тату-тәтті жұмыс істеді. Соның арқасында аудан өркендеп, елдің жағдайы жақсы түзелді.

Ақмола өңірінің ауыл шаруашылығы саласында көп жылдар бойы табанды еңбек еткен жандардың бірі Жолымбет Тәшетов. Марқұм бір кездері осы елге қарасты «Шалқар» кеңшарын басқарды. Бір сұхбат барысында ол Ақмола өңіріне еңбегі сіңген алдыңғы толқын ағалар жайлы әңгіме қозғап, Әкпән Үкібаевтың сөзін естігенін баяндап бергені бар.

–  Ол кісі тың көтерілгенде, Ақмола сол өлкенің орталығы болып тұрғанда біздің беткеұстар ақылман ағаларымыздың алды болды, – деді Жолекең. – Екі тілге жорға басшы кісінің сөзіне жұрт ұйып қалатын. Дауысын көтермей, ақыл-парасатпен сөйлейтін мұндай кісілер өмірде көп кездесе бермейді. Мұны біз ұлы дүрбелең заманда үлкен іс үстінде көзімізбен көрдік.

Тыңның ардагері, қарт журналист Николай Колинко 2004 жылдың 14 қаңтарындағы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Память сердца» атты көлемді мақаласында Әкпән Үкібаев жөнінен толғанысқа толы пікірін айтыпты: «… осы бір мейірімді жанды үнемі қимастықпен әрі алғысқа толы сезіммен еске аламын. Қазақ жеріндегі алғашқы өмірлік қадамдарыма әкелік қамқорлық жасаған осы кісі еді».

Кейін Әкпән Үкібаев жаңадан құрылған Державин ауданына бірінші хатшы болып тағайындалады. Құба жонда ол айналасы үш жылдың ішінде әдемі қала тұрғыза білді. Бүгіндері осы ағамыздың қолтаңбасы қалған тың өлкесінде оның атында мектеп пен көше бар. Кейінгі жылдары көпшіліктің қолдауымен оған ескерткіш қойылып, соған сәйкес игі шаралар өткізу берік дәстүрге айналды. Сол өңірде асыл азаматтың 100 жылдық мерейтойы барынша кең әрі салтанатты түрде аталып өтті. Әрине, бұны оған деген сол жердегі елдің құрметі мен алғысы деп түсіну керек.

Ұлы Отан соғысының бас-аяғын бірдей көрген жауынгер ағамыз, тың көтеруде де жүктелген ауыр тапсырмаларды аяғына дейін абыроймен атқара білді. Көрігі қызған еңбек төскейінде жүргенде ол мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевпен (суретте), сондай-ақ, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеневпен бірнеше рет кездескен еді. Бұл туралы естеліктер жеткілікті.

Жалпы, Әкпән Үкібаев Есіл өңірінде есте қаларлықтай ерлікке пара-пар ерен еңбек етті. Оның тікелей атсалысуымен іргелі шаруашылықтар құрылып, шамалы уақыт ішінде халқының, елінің несібесі артты. Ол Кеңестер Одағының ең жоғары наградаларына ұсынылып, Қазақ ССР Жоғарғы Советіне бірнеше рет депутат болып сайланды. Келісті кемел шағында қызмет сатысы жоғары өрлеп, жұлдызы жанған қазақ азаматтарының қатарына қосылды.

Ақаң көп ұзамай жоғарғы жақтың қолдауымен Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынылады. Шамалы уақыттан кейін ол осы астықты өңір атқару комитетінің төрағасы болып жоғарылатылған. Әкпән Үкібаев басқарған уақытта елдің экономикасы мен мәдениеті өрлеген үстіне өрлей түсті.

Тарихы терең Ерейментау ауданының төлтумасы Әкпән Үкібаевтың бала күннен бірге өскен жолдасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Орталық партия бақылау комиссиясының төрағасы болған Аманжол Қалықов «Нива» журналында (2000 жылғы №6 саны) басылған «Исповедь детдомовца» атты мақаласында кимас досының өмірінен есте қаларлықтай деректер жариялаған. Содан бір мысал: «Соғыстан кейін, әсіресе, тың көтеру жылдарында менің досым әрі жерлесім Әкпән Үкібаев ерекше тұлғаланып көрінді. Ол үлкен мемлекеттік қызметтерді атқарды, бірақ, соған қарамастан мейілінше кішіпейіл, қарапайым кісі болды. Жұмыс үшін, елі үшін жанын беретін еңіреген ерлердің бірі еді. Сондай жағдайда жүргенде автомобиль апатынан қаза болды. Әйтпегенде оның шығар биігі әлі алда еді.

1963 жылға дейін мен мұндай кісі жерлеу рәсімін көрген емеспін. Оны соңғы сапарға шығарып салуға Қызылжарға Тың өлкесінің бес облысынан, Алматыдан сыйлас дос-жарандары көп жиналды. Қар аралас суық жаңбырға қарамастан, адамдар легі қала мен зират арасын үзбей жалғастырып тұрды.  Жол бес шақырымға созылса да қимас жандар жаяу-жалпылай зиратқа барып, аяулы досқа ерекше құрмет көрсеткендері әлі көз алдымда».

Көмекей әулие Бұхар жыраудың Бөгенбай баһадүрдің қайтыс болғанын Абылай ханға естірткен толғауында: «Ақиықты аспанға ұшпастай қылып торлады, құлағанға ұқсайды қазақтың қамал қорғаны» деген өлең жолдары бар. Сонда айтылғанындай, қиын шақта жарқ етіп көзге көрінген есіл ер бар болғаны 44 жасында дүниеден озып, аяулы елінің қабырғасын қатты қайыстырып еді.

Аз жасап, көп тындырған халқымыздың ардақтысы Әкпән Үкібаевтың арамыздан кеткеніне міне, биыл тура 60 жыл болады. Бірақ, бауырмал жанның жарқын бейнесі, өнегелі ісі көпшіліктің көңілінде ұмытылмастай сақталып қалды. Ереймен өңірінің жұрты ізгілік пен адамгершілікті қадір тұтқан асыл азаматтарын әрқашан пір тұтады. Олардың қасиеттері ұрпақтарына жұғысты болса екен дейміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар