– Еліміздің барлық өңірінде Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 99 жыл толуына арналған шаралар өтті.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Батырдың есімімен аталатын елордалық әскери колледжде Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің өкілдері, оқу орнының тәрбиеленушілері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов еліміздің Қарулы күштерін құру мен қалыптастырудағы аты аңызға айналған әскери қолбасшының маңызды рөлін атап өтті.
– Сағадат Қожахметұлының өмір жолы – Отанға шынайы қызмет етудің, батылдық пен адалдықтың үлгісі. Ол қазақ жігіттерінің сегіз қырлы, бір сырлы болатынын, абыроймен қызмет ететінін, сөзбен емес іспен дәлелдеген тұлға, – деп атап өтті ол.
Ақмола облысының Ақкөл қаласында, яғни батырдың туған жерінде Кеңес Одағының Батырын Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Талғат Қойбақов, Ақкөл ауданының әкімі Юрий Курушин, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, батырдың немересі – запастағы подполковник Келден Нұрмағамбетов құрметпен еске алды.
Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшілерімен бірге Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйге барды. Мұнда орнатылған мемориалдық тақтаға іс-шараға қатысушылар гүл шоқтарын қойып, батырды бір минут үнсіз тұрып, еске алды.
Бұл күні осындай шаралар Алматыдағы батырдың есімімен аталатын Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Өскемен, Гвардейск гарнизондарында және Қарулы күштердің басқа да мекемелерінде өтті.