Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Соғыстың соңғы солдаты - АРҚА АЖАРЫ

Соғыстың соңғы солдаты

Миллиондаған боздақтардың өмірін жалмаған, сан мыңдаған отбасыларға қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да жетпіс жылдан асыпты. Биыл 9 мамырда еліміз Ұлы Жеңістің 71 жылдығын атап өтті. Бірақ, сол салтанатты шараның бәріне бірдей соғыстың сұрапылын көзбен көрген майдангерлер қатыса алмады. Жарқайың ауданындағы Пятигорск ауылының тұрғындары да биыл бірінші рет  Жеңіс күнін майдангерсіз атап өтті.

 

Пятигорск ауылынан майданға 35 адам аттанған екен. Олардың көбі сол қан майданда Отан үшін мерт болса, біразы туған жерге қайта оралып, еңбек майданында елдің гүлденуіне еселі үлестерін қосыпты. Дегенмен, жаңаны ескіртіп, ескіні жоятын уақыт-әмірші кешегі тепсе темір үзетін жас жігіттерді қарияға айналдырып, ақырында бақи әлемге алып кеткен.
Жыл сайын салтанатпен аталып өтетін Ұлы Жеңіс күнінде майдангерлер орден-медальдарын кеудесіне толтырып, жайраңдап күліп  ауылдастарымен бірге мерекені тойлайтын. Сол салтанатты жиындарда пятигорскіліктер соғыс сұрапылын бастан өткерген жерлес майдангерлердің ертегіге бергісіз қызықты әңгімелерін тамсана тыңдап, оларға қошемет көрсетіп қол соғатын. Иә, бәрі де осылай мәңгі жалғаса берердей, Отан үшін от кешкен майдангер ағалары араларында осылай жайраң қағып жүре берердей көретін. Бірақ, өмірдің өз заңы бар екен. Фашистермен шайқаста ажалмен күнде бетпе-бет кездесіп жүрген қатерлі шақтан аман-есен оралған майдангерлер уақыт деп аталатын құдіретке шара жасай алмай, кәрілікке, сонан соң ажалға бой алдырып, бірінен соң бірі бақи әлемге аттанып жатты. Пятигорскіліктер майдангер ағаларын құрметтеп, сән салтанатымен шығарып салып отырды. Осылайша, омыраулары орденге толы ардагерлер қатары жыл санап сирей берді.
–Ұлы Жеңістің 70 жылдығы ауылымызда есте қаларлықтай ерекше салтанатпен аталып өтті, – деп есіне алады ауыл әкімі Гүлсағат Шәкірова.  –8 мамыр күні ауылымызда жерлес майдангерлерге арналған ескерткіш ашылды. Оны аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев арнайы келіп лентасын қиып ашып кетті. Ауылдан майданға аттанған 35 жауынгер мен Ауған соғысында қаза тапқан жерлесіміз Қасым Дәулетәлиннің есімдері қашалып жазылған мәрмәр тақталы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, осы салтанатқа келген сарбаздар үш дүркін салют атты.
Шынында да, өткен жылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын пятигорскіліктер жарасымды салтанатымен және қуанышты көңіл-күймен қарсы алған болатын. Мерекенің ең үлкен сәні – кеудесі орден-медальге толы көзі тірі майдангер Иосиф Устинович Гайдамович болған. Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойын көзімен көрген қарт жауынгер қуаныштан қатты толқып, көзіне жас алып еді. Өзін соғыстың соңғы солдатындай сезінген майдангер жерлестеріне соғыс зұлматы жайында әңгімелеп, ендігі ұрпақ ондай сұмдықты ешқашан көрмесе екен деген тілегін де жеткізген.
«Мені жауынгер достарымнан бөлектемей, тасқа бірге қашап жазып қойыңдар. Бетін ақ қағазбен жауып қойсаңдар да болады. Кейін қайтыс болған соң алып тастайсыңдар ғой» – деген майдангерге «Оныңыз не, көзі тірі сізді қалай қайтыс болған адамдардың тізіміне қосамыз» деп ауыл әкімі қарияның бұл ұсынысына тойтарыс беріп еді. Қарт жауынгер ажалдың тым жақын қалғанын іштей сезінген сияқты. Ауылдың соңғы солдаты, қарт майдангер Иосиф Устинович Гайдамович 2015 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден өтті. Жерлес майдангерді пятигорскіліктер тайлы-тұяғы қалмай мәңгілікке шығарып салды. Тағы да қаладан сарбаздар келіп, қарт майдангердің құрметіне от шашу атты. Бірақ, оған ауылдастары қуана қойған жоқ. Керісінше, жанарларына жас алып, Отан үшін от кешкен қарт жауынгер жерлестерімен іштей мәңгілікке қоштасып тұрды.
Биылғы Ұлы Жеңіс күнін де Пятигорск ауылының тұрғындары салтанатпен атап өтіп, жерлес майдангерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мәрмәр тастағы тізімде жаңа есім – Иосиф Устинович Гайдамовичтің аты-жөні қосылған еді. Бұл жиынның тағы бір ерекшелігі – пятигорскіліктер биыл тұңғыш рет Жеңіс күнін көзі тірі майдангердің қатысуынсыз өткізді…
Ақмола облысында бүгінде Ұлы Отан соғысының зұлматтарын көзімен көрген 159 майдангер бар екен. Иә, майдангерлер қатары жыл санап сиреп барады…

Қалкөз ЖҮСІП.
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар