Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
оқытушылары Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің әдеби мұраларының екі томдығын жинақтады.
Мәлік Ғабдуллин музейінде өткен жиында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, Жазушылар одағының мүшесі, «Ұлағат» баспасының директоры Ләззат Омарова «Мәлік Ғабдуллиннің әдеби мұралары» атты тарихи-танымдық жинақтың басылып шыққан бірінші томымен және екінші томында қандай шығармалар орын алатыны жөнінде таныстыра отырып, тағы да қосымша деректер мен материалдар жинастыру үшін әдейі келгендігінен хабардар етті. Кітаптың авторлары – С.Пірәлиев, Б.Сманов және Л.Омарова, редакторы Лаура Айдосова көрінеді.
2015 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толады, осы орайда Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары біршама іс-шараларды бірігіп ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұл ретте, Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек те батыр баба рухына арнап өткізілуі тиіс іс-шаралар тізімін әкімдікке ұсынғанын жеткізді. Мәселен, облыстық мәдениет басқармасы мен М.Ғабдуллин музейінің қызметкерлері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп халықаралық ғылыми — тәжірибелік конференцияны және республикалық ақындар айтысы мен мүшәйра, аламан бәйге мен көкпарды, сонымен бірге Қобыланды батыр жырын жатқа айтушылар арасында республикалық байқауды ұйымдастыруды жоспарлауда. Бүгінде осыларды іске асыру барысында әрекет жасап жатқандықтарын ортаға салды және олар Ұлы Отан соғысының батыры, академик, фольклортанушы Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық шығармаларын жинақтап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырып қойыпты.
Аталған жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев «Қазақфильм» ұлттық компаниясының бас директоры Дидар Амантайға Мәлік Ғабдуллин туралы деректі фильм түсіру жөнінде ұсыныс жасағанын және бір әскери оқу орнына батырдың атын беру жөнінде мәселе көтергеніне тоқталды. Қазақтың ұлы тұлғаларының бірі Мәлік Ғабдуллинге өзінің туған жері Зеренді ауданында ескерткіш ашылған еді, енді Көкшетаудың орталығында батыр баба рухына арнап үлкен ескерткіш орнату артық болмайтыны хақында сөз қозғаған халық қалаулысы бюджетке сеніп отыра бермей, арнайы қор ашу жөнінде орамды ұсыныс жасады.
Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Ләззат Сұлтанбекқызы музейде аса маңызды құндылықтарға қаныққаны, өзіне қажетті материал-дар жинақтағаны жөнінде айта келіп, Ер Мәліктің туған еліне барып қайтатындарын жеткізді.