Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару жөніндегі жұмыстың орындалуы қаралды.
Отырысты тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықов жүргізді, өңірлердегі депутаттар іс-шараға бейнеконференцбайланыс режимінде қосылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді қайтару бойынша облыстық ведомствоаралық топ құрылды. Соның нәтижесінде 2022 жылы мемлекет меншігіне 302,4 мың гектар жер қайтарылды. 2023 жылы осындай жерлердіқайтару және ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөніндегі жоспар 400 мың гектарды құрайды.
Ақмола облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ерғали Шорин ведомство жүргізіп жатқан жұмыстармен осыған қатысты проблемалар туралы хабардар етті.Сондай-ақ, отырыста Степногорск қаласы, Біржан сал және Астрахан аудандары жер қатынастары бөлімдерінің басшылары сөз сөйлеп, жергілікті жерлердегі істің жайына тоқталды. Тұрақты комиссия мүшелері Әбілқайыр Ошақбаев, Бекім Әкімов, Анар Аяпбергенова және басқа да депутаттар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
–Әрине, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару бірқалыпты жүре алмайды, сондықтан, бұл жұмыс барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс, жергілікті халықтың сұраныстары мен ондай жерлердің бүгінгі жағдайын алдын ала зерделей отырып, әртүрлі өңірлерге жеке көзқарас қажет. Менің ойымша, бұл күрделі жұмысқа депутаттар да белсенді қатысуы керек, – деді облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов.
Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына әкімдіктермен бірлесіп, барлық пайдаланылмайтын жерлерді анықтап, әр аудан және әрбір ауылдық округ бойынша нақты іс-қимыл алгоритмі көрсетілген жергілікті атқарушы және өкілетті органдар бекітетін жеке Жол карталарын жасауды ұсынды.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.