Әскер – жастардың есейіп-шынығу мектебі

Көкшетау қаласында орналасқан 5510 әскери бөлімде «Әскерге шақырылушы күні»  акциясы өтті.  Салтанатты іс-шараға болашақ сарбаздардың ата-аналары мен туыстары, зиялы қауым мен  БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 65 бабында Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және  міндеті деп жазылған. Тәуелсіздікті қорғау, мемлекеттің шекарасын күзету, Отанның тыныштығын қамтамасыз ету қасиетті парыз. Әскери қызметке арналған  «Әскерге шақырылушы күні» акциясында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин болашақ сарбаздарды құттықтап, оларды Отанның нағыз тірегі болуға шақырды.

−Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаудан артық қызмет жоқ деп атап өткен болатын.  Армия − мемлекеттің биік қорғаны. Еліміздің тарихында аңызға айналған Бөгенбай батыр, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы сынды батыр ата-бабаларымыз елімізді, Отанымызды қорғауға өлшеусіз үлес қосып, тарихта мәңгі аттары қалды. Бүгінгі таңда қазақстандық әскер заманауи техникамен және қару-жарақпен жабдықталған, алдына қойылған міндеттерді шешуге қабілетті әскерлердің қатарына кіреді. Біздің әскери қызметшілер үйлесімді жауынгерлік және кәсіби даярлықтың үлгісін көрсетуде.  Қазіргі уақытта Қарулы Күштер қатарында қызмет ету  әрбір азамат үшін қасиетті міндет болып табылады. Сіздер Отанға адал қызмет етіп, әскери жарғыларды абыроймен орындап, қызметтеріңізді лайықты атқаратындарыңызға сенімдімін. Осы жолда сәттілік пен асқақ абырой тілеймін,−деді ол.

Ақмола облысының түкпір-түкпірінен келген азаматтарды олардың  туыстары әскери борышын өтеуге  шығарып салды. Сарбаздар бір жыл бойы Қарағанды қаласының 6505 әскери бөлімінде Отан алдындағы парызын өтейді. Әскер қатарына қосылған азаматтардың көбі 18-19-ға жаңа толған колледж түлектері.

−Бір жылдық әскери борышын аман-есен өтеп келуіне тілектеспін. Бұл – әрбір ер азаматтың борышы. Әкесі ретінде әрине, қобалжымай тұра алмайсың. Бірақ, бәрі жақсы болатынына сенемін, – дейді қала тұрғыны Әли Төлеу.

Іс-шара барысында көктемгі науқан аясында шақыртылған барлық жауынгерге әскери қызметте қажет заттар жиынтығы берілді. Қазіргі уақытта әскерилер үшін көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Жеңілдетілген несиелеу, тегін медициналық көмек шаралары қарастырылумен қатар, былтырдан бері барлық мерзімді қызмет сарбаздары ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсу құқығына ие. Осы жолы әскерге шақырылушы Айдос Табылдыда өз пікірімен бөлісіп,  әріптестеріне сәттілік тіледі.

−Өз қатарластарымызбен бүгін Отан қорғаушысы атанғанымды мақтан тұтамын. Мен елді, туған жерді қорғау −ана мен балаға да қамқор болу деп білемін. Біз, сарбаздар, даңқты бабаларымыздың жауынгерлік рухы мен намысын жоғары ұстап, тәуелсіз елімізге қызмет етуге әрқашан дайынбыз. Мен өз қызметтес бауырларымның күні ертең жарқын жүзбен үйлеріне аман- есен оралуларына тілектеспін,−деді ол.

Әскери қызметшілердің айтуынша, бір жыл көлемінде Ақмола өңірінен 2 мыңға жуық жас сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанады. Жыл санап бұл көрсеткіш арта түсуде. Өз кезегінде Қарулы Күштердің қолбасшылығы сарбаздарды тәрбиелеумен қатар, қызмет атқарулары үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар