Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәрігер – мамандықтың асылы! - АРҚА АЖАРЫ

Дәрігер – мамандықтың асылы!

Денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық!  Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Осыған орай әр жылы маусым айының үшінші жексенбісі дәрігерлер күні болып бекітілген. Бұл – жалпыға ортақ мереке. Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандарымыз жауапты.

Бүгінде Ақмола облысында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Аймақ медицинасы бірқатар оң өзгерістер мен үздік нәтижелерге қол жеткізе алды. Медициналық қызметтердің сапасын, дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру және ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту бағытында сенімді қадамдар жасалды. Сонымен қатар, емдеу-алдын алу мекемелерінің жабдықтары түбегейлі жаңартылды, озық медициналық технологиялар енгізіліп, жаңа нысандар пайдалануға берілді. Өңірде 560 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 529 денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ, 8 тағы басқа да денсаулық сақтау ұйымы бар. Бүгінгі таңда Ақмола облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 8700-ден астам білікті медицина қызметкері, оның ішінде 2035 дәрігер және 6 672 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Ақмола облысында 38 жаңа бастапқы буын нысандары салынып, пайдалануға беріледі. Дәлірек айтар болсақ, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 дәрігерлік амбулатория және 3 медициналық пункт салынады.

Сондай-ақ, Көкшетау қаласында жаңа көпсалалы облыстық аурухана салу жоспарланған. Мұндағы мақсат – озық технологияларды қолдана отырып, елдің солтүстік аймағында халықаралық деңгейдегі аурухана құру. Осылайша, ескірген төрт түрлі бейінді стационардың орнына жаңа көпсалалы аурухана салынады, онда мультидисциплинарлық тәсіл іске асырылады. Бұл Ақмола облысы мен көрші өңірлердің тұрғындарына қолжетімді, уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Ашылу кезінде шеберлік сыныптары мен тәжірибе алмасу үшін Түркиядан жетекші дәрігерлердің келуі жоспарлануда.

Өткен жылдың өзінде облысқа 90-ға жуық білікті дәрігер келді. Ақмола облысына келген 27 жас маман үшін жалпы сомасы 50 миллион теңге көтерме қаржы төленді. Биыл жергілікті бюджет қаражатынан бөлінген сома 120 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Ауылдарда жас дәрігерлерді тұрақтандыру үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы іске асырылып жатыр, ол бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға жеңілдік-несие беріледі. Осы бағдарлама бойынша өткен жылы 75 медицина қызметкері жалпы сомасы 23 миллион теңгеге көтерме қаражат алды және тұрғын үй сатып алу несиесін жалпы сомасы 243 миллион теңгеге 54 медицина қызметкері пайдаланды. Дәрігерлер үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын дәрігерлік персоналдың жалақысы орта есеппен 30 пайызға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20 пайызға және кіші персоналдың жалақысы 15 пайызға артады. Жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетінде «жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді. Бүгінгі таңда 740-қа жуық адам медицина саласы бойынша білім алуда. Оның ішінде облыс әкімі гранты есебінен 200 адам оқиды. Сондай-ақ, орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді.

Атап өтер жайттардың бірі, облыстың барлық аудандары мен қалаларында жалпы өлім-жітімнің төмендеуі байқалып отыр. Облыстық көрсеткіш 17,8 пайызға төмендеді. Оның ішінде қан айналымы жүйесінің ауруларынан 23,7 пайыз, қатерлі ісіктерден 18,9 пайыз, жазатайым оқиғалардан уланудан және жарақаттанудан 21,9 пайыз, тыныс алу органдарының ауруларынан 23,7 пайыз, туберкулезден 32,2 пайызға төмендеген.

Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Дәрігер – адам жанының арашашысы, мамандықтың асылы. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді, адамгершілік асыл мұратты көздейді. Сол себепті де, құрметті дәрігерлер, сіздерге сарқылмас қайрат пен еңбектің адал жемісін тілеймін! Адам жанын арашалауда кәсіби біліктілік пен жауапкершіліккөрсете отырып халықтың алғысына бөлене бергейсіздер. Мереке құтты болсын, әріптестер!

Нұрлан АХИЛЬБЕКОВ,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар