1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төрттің шамасында неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталды. Бүкіл елімізбен бірге, бұл сұрапыл соғыста қазақстандықтар да жан аянбай, өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлестерін қосты. Тек бір ғана біздің Ақмола облысынан 63 мың азамат майданға аттанып, олардың басым дені ұрыс даласынан оралмады. 38 ақмолалық жауынгер зұлым жаумен шайқаста көрсеткен ержүректілігі мен батылдығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың ішінде даңқты ұшқыш, жерлесіміз Талғат Бигелдинов бұл жоғары атақты екі мәрте иеленді. Жеті ақмолалық Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Тылда да қала мен ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі зұлым жауға үлкен соққы болып тиіп отырды. Аталарымыз бен әкелеріміз, әжелеріміз бен аналарымыз бастан кешкен мұндай қайғы-қасіретті енді ешқашан бүгінгі ұрпақтың басына бермесін. Сол отты күндердің куәгерлері – соғыс ардагерлері де азайып, ілуде біреуі қалғанымен, соғыс жаңғырығы әлі де талай жүректі мазалайды. Хабарсыз кеткен боздақтар, олардың белгісіз тағдырлары жан ауыртып, әр көкіректі жаралай түседі. Бүгінгі бейбіт күннің қадірін шындап, осы бір қысылтаяң, сұрапыл жылдарды басынан өткергендер ғана біледі. Олай болса, бүгінгі ұрпақ та төбемізден күн нұры төгілген тыныш, жарқын өміріміздің бағасын біліп, мән-маңызы мен қасиетіне бойлап жүрсе дейсің. Әрдайым аспанымыз ашық, көңіліміз жайлы, мұратымыз биік болса екен!..
Жауынгер қазасы
Қара бұлттар жауып алып аспанды,
Бір хабарды естігендей жасқанды.
Адамзатқа үлкен қауіп әкелген,
Сұм соғыстың сұрапылы басталды.
Ана боздап, екі көзден жас тамды.
Ұйқы көрмей қарсы алды ақ таңды.
«Жылама анам, Отан қорғау міндетім»,
Деп жауынгер ел қорғауға аттанды.
Бір өксік кеп жанарына тығылды,
Жас жауынгер жыламауға бел буды.
Ер адамның жылағаны сын болар,
Қайран намыс өр кеудеде аһ ұрды.
Толассыз кеп жүрек дүрсіл қағады,
Бота көзді сүйгеніне қарады.
Шіркін, мына айтары көпсын сәтте,
Бірін-бірі қимай кетіп барады.
Жауынгердің уақыты енді таяды,
Бұл сағыныш кеудеге қалай сияды?
Сүйіктісімен қауышуды жазар ма,
Сансыз сұрақ жауабы жоқ баяғы.
Денесі оның бір суыды, от болды.
Көзсіз әлем, жанарына мұң толды.
Құмға сіңген су сияқты,эшалон,
Көз алдынан сүйгенінің жоқ болды.
Атыс-шабыс, у-шу майдан даласы,
Адамзаттың уланғандай санасы.
Кімге керек айтыңдаршы, сұм соғыс,
Кімге керек есіл ердің қазасы?!
Естіледі зеңбіректің зор үні,
Майданда өтті жауынгердің әр күні.
Жауларымен арыстандай шайқасты,
Сақтықпенен ұйқы көрмей күн-түні.
Міне, енді тағы да бір таң атты,
Қас жаулары төтеден кеп оқ атты.
Атылған оқ дәл кеудеге тигесін,
Жанындағы жолдасын ол жоғалтты.
Қансыраған достың басын көтерді.
Сөйлей алмай булығып көп жөтелді.
Ауырсына соңғы демін шығарып,
Тілге келмей,тағы бір ер жөнелді.
Күрсінді бір, кектеніп-ақ барады,
Жас жауынгер оқты қарша борады.
Сен атпасаң дұшпаныңды ұрыста,
Ол аямай, бірден атып салады.
Жарасына қарамады ол, мейлі,
Аузы кеуіп тілімденіп, шөлдейді.
Жан аямай атысумен жатқанда,
Кенет оның жүрегіне оқ тиді.
Қансырады, шалқалай ол құлады.
Азан-қазан шуды естімей құлағы.
Көк аспанға телміріп бір қарады.
Жүрек соқпай, жаны кетіп барады.
Самал есіп, беттен өбіп қояды,
Сүйіктімнің шашы екен деп ойлады.
Ұстайын десе, ұстай алмай әуре боп,
Міз бақпастан сіреседі қолдары.
Сарыарқадан жеткен әлде жел ме екен,
Әлде анасының қолы ма екен кел деген?!
Шөлдеп жатып, жұтынса соңғы демімен,
Ауызындағы қанның кермек дәмі екен!..
Гүлназым АЛТЫБАЕВА,
Көкшетау қаласындағы
№8 жалпы орта білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі.