– Бүгін Еуропаның элитасы Италияның Рим қаласында қазақ ән-күй өнерінің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Көшпенділер әуені» атты гастрольдік концертін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұжымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған гастрольдік концертте Ұлттық оркестрмен қатар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан, Ақайша Жұрбай, Raffaele Collienza, Рим қаласындағы Санта Чечилия музыкалық консерваториясының түлегі Лаура Али өнер көрсетті.
«Ұлттық оркестр бұған дейін әлемнің 90-ға жуық мемлекетінде өнер көрсетіп, қазақтың төл мәдениетін, төл музыкасын, «Қазақ» деген ұлы елдің бар екенін ұлттық музыкалық аспаптардың әуезді үнімен танытып келеді. Ал, биыл әлемдік классиканың отанына айналған Италия жерінде кезекті гастрольдік концертімізді өткізу бұйырыпты. Бұл – биылға шетелге ұйымдастырылған екінші гастрольдік сапарымыз. Осы гастрольдік сапарда Құрманғазы оркестрінің мерейлі 90-маусымының шымылдығы түрілді. Біздің ауқымды деңгейдегі концертімізге қолдау білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне және ҚР Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерболат Нәсенұлына, ҚР Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға Құрманғазы оркестрінің ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз», — деді оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепберген.
Бұл гастрольдік сапар Құрманғазы оркестрінің Италияға жасаған алғашқы сапары емес.
«Бұған дейін 1976 жылы композитор Ғазиза Жұбанованың бастауымен Рим, Милан, Неаполь қалаларымен қатар, Сардиния, Сицилия аралдарында қазақ өнерін насихаттады. Ал биылғы гастрольдік сапарды Италияның астанасы Рим қаласынан бастадық. Неаполь, Флоренция қалаларында ауқымды деңгейдегі сапар жалғасын табады. Ұлттық музыкалық мұраны осылайша күллі әлем халықтарына паш етіп, ұлттық аспаптардың көмейінен шыққан сазды әуенмен ұлт мәдениетін таныту – Ұлттық оркестрдің басты парызы», — деді оркестр директоры Медет Қуанышев.
Концерт соңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев ҚР Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерболат Нәсенұлына, ҚР Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға қазақи дәстүрге сай шапан жауып, шығармашылық қолдаулары үшін алғыс білдірді.