«Достық» үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ХХVІ сессиясы болып өтті. Сессияны Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаев ашып, жүргізіп отырды.
Сессия жұмысына әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, жерлесіміз Сергей Цырульников,аудан әкімдері, облыстық ассамблея мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық келісім, ақсақалдар және Аналар кеңестерінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ассамблея сессиясы Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды. Бұдан кейін облыс әкімі сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың сәуір айында «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді саралап өтті. Жуырда өткен «Ұлттыққұрылтай» туралы да сөз болып, осы баянды бастамалардың барлығы елдің жарқын болашағының басты кепіліекендігі атап көрсетілді.
–Құрметті Ассамблея мүшелері! Соңғы бірнеше жыл ішінде еліміздіңсаяси және қоғамдық өмірінде мемлекеттілікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көптеген түбегейлі өзгерістер орын алды. Ассамблея мүшелері осы істерге толық қолдау білдіріп, бірліктің шынайы үлгісін көрсетті. Бұл – барша Қазақстан халқының шынайы болмысын, бәріміз бір отбасы екендігімізді тағы бір мәрте дәлелдеді, – дей келіп, облыс әкіміҚазақстан халқы Ассамблеясының XXXII-ші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған бес міндетке жеке-жеке тоқтала кетті. Облысымызда осы аталған тапсырмалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айта келіп, жуырда киелі Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан – адал азамат» тақырыбымен өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы атап өткен еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру жолындағы жүйелі жұмыстың нақты сегіз бағытына да тоқталды. Осы ретте, аталған жұмыстарға Ассамблея мүшелері де жұмыла қатысып, өз үлестерін қосатындығына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы қоғамдық келісім кеңестерін тарату және Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңестерініңжаңа институтын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес бүгінгі таңда облыста 21 ақсақалдар кеңесі құрылды, олардың құрамында 208 адам бар. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ақмола облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл баяндама жасады.
– Соңғы жылдары еліміздің дамуында біраз өзгерістер орын алды. Бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Мұның бәрі қазіргідей күрделі геосаяси кезеңде өтіп жатыр. Соған қарамай, референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте мағыналы бес саяси науқан өтті. Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өткізіліп, халықтан қолдау тапты. Мемлекет басшысының Қазақстанды азаматтық қоғамды қалыптастыратын тиімді мемлекетке айналдыру бастамалары мен идеялары халықтың көңілінен шығуда. Ел ардагерлері де мұны бірауыздан қолдап, халыққа ағалық ықпал етуде,– деді Ғосман Төлеғұлұлы.
Облыстағы 21 ақсақалдар кеңесі әр өңірдегі этно-мәдени бірлестіктерімен, медиация кабинеттерімен, Аналар кеңестерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының басқа да құрылымдарымен өзара тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бір ғана мысал, жылдың басынан кеңес мүшелерінің қатысуымен жалпы 1600 адамды қамтитын 41 іс-шара өткізіліпті.
Сессияда мемлекеттік тілді насихаттау мәселесі де аталып өтті. Қазіргі таңда елімізде қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатары артуда. Ақмола облысында 20 тілдерді оқыту орталығы мен қысқа мерзімде қазақ тілін үйрететін 16 клубжәне «Мәміле» пікірталас клубы бар. Осы клуб мүшесі, Көкшетау қаласындағы С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Карина Роот сессияда сөз сөйлеп,Отанын құрметтейтін әр азамат мемлекеттік ана тілді білуі тиіс деген орамды ойларын ортаға салды. Қазақ тілін жетік меңгерген неміс қызы қазіргі таңда оқушы балаларға қазақ тілін үйретіп жүр.
Сонымен қатар, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы Геннадий Осиненко,Степногорск қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо бойынша жаттықтырушысы Николай Дураченкобаяндамалар жасады.
Сессияны қорытындылаған өңір басшысы Ассамблея мүшелеріне бірлік жолындағы берекелі бастамаларды молайта түсіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, еселі еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген бірқатар Ассамблея мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етіліп, облыстық Ассамблеяның жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі атанған үш адамға куәліктер табыс етілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.