Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары табысталды - АРҚА АЖАРЫ

Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары табысталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтарын, гранттарын және Алғысын салтанатты түрде табыстады.

Президент ақпарат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, отандық медиа жаңа кезеңге қадам басқанын, қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатқанын атап өтті.

– Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтеретініне назар аударды.

– Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналистің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни, ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс.

– Бұл келісім ашықтық, сенім және адалдық қағидаларына негізделуі қажет. Әр азамат, әр маман өз ісіне адал болса, қоғамның сенімі артады. Ал сенім мен адалдық – әділетті қоғамның басты құндылықтары. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда басты рөл атқаруы қажет. Масс-медианың ақпарат кеңістігінде озық идеялар мен көзқарастарды ілгерілетуде мүмкіндігі мол. Сондықтан журналистердің қоғамда еңбек пен кәсібилік культінің орнығуына, азаматтардың бойында өз елінің тағдырына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға атсалысуы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінде отандық журналистиканың елдегі және әлемдегі үдерістерге өзіндік ерекше көзқарасы бар екенін атап өтті.

– Тек мықты, кәсіби және дербес масс-медиа ғана шынайы идеологиялық егемендігімізді қамтамасыз ете алады. Сондықтан жаңалықты жай ғана жариялап қоймай, оқиғалар мен құбылыстардың өзара байланысын көрсету, ұлттық мүддемізді көздейтін сапалы талдау жасау маңызды. Шетелде және біздің геосаяси төңірегімізде болып жатқан оқиғаларды объективті түрде жариялап көрсету бойынша отандық журналистердің алдында жауапты міндет тұр.   Бұл міндетті сәтті орындау сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мысалы, жуырда Ресейде болған оқиғаны жариялап көрсету барысында осылай болды. Азаматтарымыз бұл бүлік әрекетін алаңдаушылықпен қабылдағаны рас. Ол түсінікті. Өйткені Қазақстан мен  Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқанбыз. Екі елді мыңдаған гуманитарлық байланыстар мен қатынастар біріктіреді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды.

Президент сөзін қорытындылай келе, елімізді өркендету үшін ауқымды шаралар қолға алынғанын атап өтіп, осы жұмысты, оның нәтижесін халыққа сауатты әрі уақытылы түсіндіру, азаматтардың көкейінде жүрген өзекті мәселені, түрлі түйткілді билікке жеткізу тілші қауымның міндеті екенін еске салды.

– Осылайша, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыра аламыз. Сондықтан халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған медиа саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктеледі. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналды. Біз көптеген салалар бойынша алда келеміз. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Біз бір ел болып табанды еңбек етуіміз керек. Қазақстан озық елдермен қатар тұратын бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы қажет. Осы міндетті жүзеге асыру жолында сіздердің, яғни журналистердің рөлі айрықша. Медиа мамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек. Бұл – аса маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, еліміздің үздік журналистерін марапаттады.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары «31 арна» телеарнасының тілшісі Ирина Әлімжановаға, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанға, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Галина Вологодскаяға берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттарына «Orda.kz» ақпарат порталының тілшісі Илья Астахов, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Әділ Балтабаев, «Tengrinews.kz» ақпарат порталының тілшісі Рабиға Дүйсенғұлова, «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық дирекциясы директорының орынбасары Саламат Омаш ие болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы «Время» газеті, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС, «Kaztag» ақпарат агенттігі және «TDK-42» телеарнасының шығармашылық ұжымдарына жарияланды.

Дереккөз:  www.akorda.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар