— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қадірлі отандастар!
Сіздерді Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – Исламның тағылымы мол діни дәстүрі. Құрбан айт адамдарды мейірімді, адал, жанашыр болуға, адамзаттың бәріне құрметпен қарауға үндейді. Осы құндылықтар ұлттың рухани өрлеуіне, қоғамда жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға ықпал етеді.
Айт күндері мұсылман қауым бір-бірін құттықтап, жақындарына амандық пен жақсылық тілейді. Шынайы көңілмен мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Мұның бәрі жұртшылықты жақындастырып, еліміздегі жалпыұлттық бірлікті, бейбітшілікті және келісімді нығайта түседі.
Мейірімділік, имандылық, қайырымдылық – халқымызға тән ізгі қасиеттер. Ұлық мерекенің ұлағаты жұртымыздың табиғатына етене жақын. Сондықтан бұл мейрам ұлттық салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, бірге жасап келеді.
Баршаңыздың дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!» — делінген Ақорда жариялаған Президент құттықтауында.