Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана бақыты - АРҚА АЖАРЫ

Ана бақыты

Әйел – өмірдің сәні мен мәні, ер азаматтардың ақылшысы, балаларының тәрбиешісі. Ол мейірімді әже, ардақты ана, ибалы келін, бауырмал апа-қарындас, сүйікті перзент. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп бүкіл адамзатқа өмір сыйлайтын да осы құдіреті күшті Әйел-Ана. Сондықтан, ұлт жағдайын ойлайтын, тарихымыздағы ұлы аналардың жолын жалғайтын, әсемдік пен махаббаттың жаршысы ретінде әйелге жүктелер  жауапкершілік жүгі аз емес.

Біздің кейіпкеріміз  Нұргүл Қабылова Мәдениет ауылының тұрғыны. Ол  әйел затына сай ерекше нәзіктігімен, инабаттылығымен ерекшеленеді. Отбасы құндылықтарын дәріптейді. Ол үшін атақ та, мансап та маңызды емес. Сол себепті, өмірін ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Алтын құрсақты ананың көзінен мейірім, жүзінен қуаныштың лебі сезіледі. Бүгінде  жолдасы Зарлық екеуі Алтынбек, Ерзаман, Шаризат, Нұршат және Шахрат есімді ұл-қыз тәрбиелеп, қызығына бөленіп отыр.
– Ұлтымыз «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән берген ғой. Әжемнің тәрбиесін көріп өскендіктен, бұл менің санама жастайымнан сіңіп қалған. Ұл-қыз тәрбиелеп отырғандықтан, олардың бойында барлық жақсы қасиеттер болса екен деймін. Өйткені, бала көңілдің гүлі, көздің нұры ғой. Баланы жас кезінде дұрыс  тәрбиелейтін болсаң, ертең жемісін беретіні сөзсіз. Ал, бұл жемістің мәні оның ізгі ниетті адам болып қалыптасуында, – дейді Нұргүл Жанабайқызы.
Ана ретінде ол балаларын адамгершілікке,әдептілікке ғана тәрбиелеп қоймай, рухани тұрғыда да жан-жақты дамуына көп көңіл бөледі. Әсіресе, салт-дәстүрлерді жетік біліп, ертеңгі күні тілім дейтін, елім дейтін ұрпақ болғанын қалайды. Осы жолда өз анасы Ғалия мен қайын енесі  Сәлима апайлардың ақыл-кеңестеріне құлақ асып, білгенін асырып, білмегенін үйренгенін де жасырмайды.
Бүгінде тұңғышы Алтынбек он бесте, Көкшетау қаласында білім алуда. Оқу үлгерімі жақсы. Ата-анасын оқудағы жетістіктерімен қуантып, өзінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі болып отыр. Барлығы соған қарап бой түзеп, ұқсап бағуға тырысуда. Балалар сәл өскен соң әжептәуір қолқанатқа айналды. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» демекші, ер балаларына шаруақор болуды, ал, қыздарына ас дайындауды, тоқыма тоқуды, үйді таза ұстауды үйретіп келеді.
Нұргүл бүгінде бір-екі сәбиді дүниеге әкеліп, «денсаулығыма нұқсан келеді, дене бітімім бұзылады» деп бала туудан қашқақтайтын жандармен келіспейді. Үй ішін толтырған  балалардың күміс күлкісі, балдай тәтті қылықтарына не жетсін. Рас,  отбасын құру, отбасында өмір сүру  үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты талап етеді. Бұрын бір шаңырақ астында кем дегенде 5-6 бала өсіп-өнетін.  Олар бірін-бірі жетелеп, бірінің киімін бірі киіп, қалай ер жеткенін де байқамай қалушы еді. Қазір тұрмыс ауыртпалығын алға тартып, бір-екі баладан кейін жөргек иісін ұмытатын отбасылар көбейіп барады.
 – Көпбалалы ана болғаныма мақтанамын. Мен үшін бұл өмірде  отбасы бақытынан  асқан ештеңе жоқ.  Ең бастысы,  балаларым  дені сау, еліміздің толыққанды азаматтары болып өссе болды, – деп кенже баласын құшырлана, маңдайынан иіскейді.
  Иә, отбасылық дәстүрді сақтау бәрінің қолынан келе бермейтіні анық. Ал, Нұргүл  осы  міндетін абыроймен атқаруда. Ол «қой егіз туса, бір түп жусанның басы артық шығатынын» жақсы біледі. Мұндай отбасын көрген жандар іштей сүйсінері хақ.  Сүйсініп қана қоймай, үлгі алса, ұқсап бақса ғой дейсің.
Ырысгүл АШУОВА.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар