Өңірлік комммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстағы жайылымдық жерлердің тапшылығы және егінді алқаптарды шегірткеден қорғау мәселесі көтерілді.
Бүгінде ауыл халқының басым бөлігі жайылымдық жерлердің тапшылығынан жапа шегіп отырғаны белгілі. Облыста қазіргі таңда 437 мың гектар жер тапшы болып отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл жайылым тапшылығы 22 пайызға қысқарыпты. Шаруалардың төрт түлігін жаюда осы жайылымдық жерлердің тапшылығы негізінен Зеренді, Целиноград, Қорғалжын, Бурабай, Біржан сал, Шортанды аудандары мен Степногорск қаласында аса қатты байқалуда. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың мәлімдеуінше, биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауылдық округтердің маңында 7 мың гектар жайылымдық жерлерді ұлғайту көзделген. Сонымен бірге, заңсыз пайдаланудағы жерлерді мемлекетке қайтарту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Биыл Қостанай облысының егінді алқаптарына шегіртке зиянкестері зардап келтіргені белгілі. Осы ретте, біздің облыста қандай шаралар қолданылып жатқаны туралы да брифингте кеңінен айтылды. Облыста шегірткеден қорғану мәселесі бойынша химиялық өңдеулер сапалы жүргізіліп, зиян келтірушілерге қарсы күрес бағытында шұғыл штаб құрылыпты және арнайы жоспар да бекітілген. Сонымен бірге, итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеулер биыл 4,475 мың гектарды құрапты.
– Қостанай облысымен шекаралас аумақтарда, атап айтқанда Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандарында бірлескен зерттеу жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Аумақтық инспекция мамандары Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әдістемелік орталықтарының мамандарымен шегіртке зиянкестерінің таралуына жол бермеу бойынша бірлескен жұмыстарды өзара байланыса отырып, жүргізуде. Барлық аудандық, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері, мал бағушылар мен бригадирлер шегіртке зиянкестерін кезіктірсе дереу хабарлау қажеттіктері туралы ақпараттандырылған. Облыс аумағында шегіртке зиянкестеріне мониторинг жүргізу үшін 35 автокөлік бөлініп, 35 тексеруші маусымдық жұмысына кірісті. Әзірге Қостанаймен шекаралас аймақтарда шегірткелердің көшіп келуі байқалмайды, – деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Жаслан Қожабеков.
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері спикерлерге өңірдегі егінді алқаптарды ақбөкендердің таптауынан шегіп жатқан зардабы, Біржан сал ауданындағы химиялық өңдеулерден кейін жылқылардың құлын тастап жатқандығы, ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлардың жетіспеушілігі тұрғысындағы сауалдарын қойып, бірқатар мәселелерді көтерді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Рамиль ДОСУМОВ.