Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкесінің заңғарлығы өмірлік бағытын айқындап берген - АРҚА АЖАРЫ

Әкесінің заңғарлығы өмірлік бағытын айқындап берген

Биыл қазақтың үлкен жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы,   белгілі шығыстанушы, түркітанушы және мәдениеттанушы ғалым, қазақ дипломатиясының қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 80 жасқа толды.

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысының Меркі ауылында дүниеге келген.Ғалым 1965 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітіреді. 1969 жылы КСРО Ғылым Академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғайды. Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі.Біраз уақыт Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және право институтында, республикалық Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамында жұмыс істеді.

Мұрат Әуезов Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшісі, Халықаралық «Сорос» қоры қазақ бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры секілді жоғары лауазымды қызметтерді атқарды.

Мұрат Мұхтарұлының «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождение к колодцам времен» атты еңбектері, «Ділім», «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», тағы басқа деректі фильмдері бар.

Қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов пен қазақтың қайсар қызы Фатима Ғабитованың ұлы Мұрат Әуезов әкесі Мұхтар Әуезов екенін мектепке барар кезде бір-ақ танып,біліп, өмірлік нұсқауларды үйреніп келе жатқан шағында одан айырылып қалғанын айтады. Мұрат Әуезов әкесі мен анасы туралы басқа да деректері мен ойларын «Қазақстан» телеарнасының «Дара жол» бағдарламасында бөлісті, деп жазған Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Ата-анасының жолын қуып, қазақ халқына қызмет етуді өмірлік парызы санаған бүгінгі заманның белгілі тұлғасы Мұрат Әуезов бала кезінен өте бауырмал болып өскен. Анасының тәрбиесін еске алған ұлы әр әкеден туған ағайындардың бөлінбей, ерекше ауызбіршілікте ер жеткендерін айтып, халқымыздың арыстары Біләл Сүлеев пен Илияс Жансүгіровтен туған екі ағасымен жақсы қарым-қатынаста өскенін еске алады. Сонымен қатар, 1949 жылы бала Мұраттың өзінің әкесін танып, білгеннен бастап,  әке мен баланың қарым-қатынастары нығая түседі.

«Мәскеуде оқып жүргенде әкем ауруханаға түсті. Мен ол кезде студент болатынмын. Әкеме күнде барамын, олкісі таксиге ақша беріп, күнделікті келіп тұруымды сұрайтын. Хаттар жазып тұрады, Кәмен Оразалинге хат жазып, «туған жеріңді барып көріп қайтасың, сені қарсы алады олар» дейтін. Сол әкемнің жоспары бойынша туған жеріме барып, өз көзіммен бәрін көріп, достарымен сөйлесіп, болған жағдайды жазып келуім керек еді. Алайда, ота жасалу сәтінде әкем оянбады», – дейді бір естелігінде Мұрат Әуезов.

Қазақ тілін жетік білмейтіні туралы сөз еткен Мұрат Әуезов өзін «қазақ тіліне оралғанадаммын» деп санайтынын айтады. «Орыс тілді болған кезімде де менің жүрегім қазақ деп соққан. Бірақ, уақыт өте қазақ тілін меңгеруді жөн санадым. Бұл жерде жалғыз мен ғанаемес, қасымдағыдостарымызбәрімізбірігіп,тілімізді үйренуге бел будық. Сонда қайсымыз орыс тілінде сөйлеп қойсақ, бес тиыннан өтемақы төлейміз деп келістік. Солай қазақ тіліне орала бастадық», – дейді тағы бір әңгімесінде қазақтың ұлы тұлғасының ұрпағы.

Сонымен қатар, әкесін алты жасында танып, одан он сегіз жасында айырылып қалған ұлы әкесімен бірге өткізген кезеңдер өміріндегі ең бақытты кездер болғанын жасырмайды. Бұл туралы да:

«Әкем менің өмірлік жолымды, бағытымды, болашақ жоспарымды қысқа уақытта белгілеп кетті. Өсіп келе жатқан шағымда әкеммен жиі кездесіп, ол болашаққа жоспар құрып, өмірде қандай мамандық таңдауыма дейін үлес қосқан. Менің әрбір жетістігіме қуанып, маған әрдайым көңілі толып жүретінін байқайтынмын. Сол кезеңдер мен үшін өте бақытты кезеңдер болды. Алайда, бұл сәттер он сегіз жасымда үзілді. Ең өкініштісі, енді-енді бауыр басып, мені жолға сала бастағанда әкемнен айырылып қалдым», – деп өкінішін білдірген.

Мұхтар Әуезовтің «Жай гуманитар таяз сумен тең, ал, нағыз гуманитарий болуымыз деген мұхиттай терең, шексіздікке ұмтылу деген ұғым» деген сөзі Мұрат Әуезовтің де гуманитарлық салаға әкесінің жетелеуімен келгенін білдіреді.

«Мен астрофизика мен химиядан жақсы болдым. Осы сабақтардан олимпидаларға қатысып, арнайы үйірмелерге барып жүретінмін. Атақты астрофизик пен академиктер әкемнің жақсы достары болған. Соларға мені тапсырып қойған екен. Осы астрофизика немесе химия саласында жүрсе көмек беріңдер деп. Бірақ мен есейе бастағанда әкем маған «сен дұрыстап ойланып көрші, қандай маман болғың келеді? Сен ендігі есейдің, ендігі мамандығың бойынша ойың қандай?» деді. Сол кезде ғана менің миым жетті. Сонда барып мен гуманитарлық саланы таңдайтынымды түсіндім», – депті тағы бір естелігінде Мұрат Әуезов.

Әкесі ұлына араб тілін үйрен деген талап қойған екен. Алайда, белгілі себептермен қытай тіліне бет бұрған Мұрат Әуезов әкесінің ризашылығын алған. Айта кетсек, ол 1960 жылдары құрылған «Жас тұлпар» – ұлтшыл-дәстүршіл бағыттағы сұхбат-талқылау клубының негізін қалаушылардың бірі болған. Аталған клуб Мәскеу қаласында оқып жүрген қазақ студенттерін қазақтың тілі мен салт-ғұрпын ұмытпай, әрі қарай үйреніп, меңгеруге бағыттау үшін құрылған еді.

Бүгінгі таңда Мұрат Әуезов – қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым, қазақтың тілі мен мұраларын зерттеген дипломат.

Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасы түскен барлық құжат, көркем мәтіндер, жазбалар қазақ үшін асыл құндылық екені белгілі. Сондықтан, кемеңгер жазушының сүйікті ұлына деген өлшеусіз махаббатын мәлім­дейтін бір-екі мәтінді де ұсына кеткен жөн. Мұхтар Әуезов баласына жазған хатында: «…Мұратай! Айналайын жақсы балам. Тілі тәтті, өзі тәтті Мұратайым. Сен мені сағындың ба, мен сені көп ойлап, көп сағынам. Қашан тағы көрер екем деп ойлаймын. Енді көргенде Мұратайым маған тағы қандай әндер айтып берер екен деп ойлаймын. Сен әнді жақсы айтушы едің. Осы күнде тіпті көп өлең, ертегі білетін болған шығарсың.Үйрене бер. Ең болмаса харіптер үйрен. Тәтеңе айтып маған өзің де хат жаз. Жаздыгүні мен саған велосипед әперем, алдамаймын, айналайын жаным. Ал, бетіңнен, көзіңнен сүйдім. Хат жазған ағаң. 4.ІІ.48 ж», – десе, енді бір хатында «…Айналайын, Мұратайым! Сенің тәтеңе ерік бермей, маған хат жазғызғаныңа мен соншалықты қуанамын. Сен ақылды болып келесің. Ағаңды ойлағаның сол ақылды болғандығыңнан. Енді бұдан былай аздап сабақ та оқи беру керек. Тәтең саған жеңіл кітаптар оқып беретін болсын…», – деген сөздерінің өзі даналықтың дәнегіндей, тағылым мен тәрбиенің төресіндей.

Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан ақылы: «Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан, біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры – осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені, заман – қатал».

Қаламгердің «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітабында өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар, замандастары мен әріптестерінің естеліктері, сонымен қатар, мұрағаттық деректер мен әр жылдардағы суреттер көрініс тапқан.Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын кеңінен насихаттау үшін заманауи көзқарасқа сай жан-жақты зерттелген шығармаларға қажеттілік туындайды. Қазақ және түрік әдебиеттанушыларының бірігіп жүргізетін зерттеу жұмыстары бұл олқылықтарды түзеп қана қоймай, Мұхтар Әуезов және оның әдеби шығармашылығының сапалы түрде аударылып, жариялануына септігітиер еді. Осы тұрғыдан алғанда Мұрат Әуезовтің түрлі философиялық ой-пікірлері мен тұжырымдамалары бүгінгі таңда өзектілігін жоймай тұр. Асылдың сынығы ретінде ол кісінің әрбір сөзі мен ісі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Мақаланы дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар