Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, сондай-ақ, олардың өтініш-тілектерін бейнеконференц байланыс арқылы да тыңдап, шешімін қарастырды.
Қабылдауға алғашқы болып кірген облыс орталығының тұрғыны Наталья Ващенко Сағадиев көшесіндегі ағынды суларды абаттандыру мәселесі бойынша өтінішін білдірді.
Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуынша, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға берілген. Барлық құжаттар алынғаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Халқымыздың біртуар перзенті Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған ұйымдастырушылық іс-шараларды талқылау бойынша оның немересі Шайдолла Шолақов та өңір басшысына өз өтінішімен келді. Оның өтінішін тыңдаған Ермек Боранбайұлы Бұланды ауданының әкімдігіне облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп комиссия құруды және айтылған мәселелерді егжей-тегжейлі қарауды тапсырды.
Одан кейін, самбо спорт секциясын дамыту мәселесі бойынша Степногорск қаласының тұрғыны Виталий Маканов өтініш білдірді. Бұл тұрғыда да облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевқа осы мәселені бақылауға алып, көмек көрсетуді тапсырды.
Облыс басшысы қабылдауға келген ақмолалықтардың әрбір сұрағына жауап берді. Әлеуметтік, өндірістік, жер проблемаларынан басқа да өзекті мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының тұрғындары меншік иелері бірлестігінің мүлкін заңсыз иелену туралы мәселе көтерді.
Қабылдаудың соңында Ермек Маржықпаев қатысып отырған мемлекеттік органдардың басшыларына халықтың проблемаларына уақытында көңіл бөліп, шешу қажеттігін тағы да бір еске салды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.