Ақмола облысында қоғамдық ұйымдар мен заң саласының өкілдеріне ағымдағы жылдың тамыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен басталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасы таныстырылды.
Жобаның мақсаты – қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және білім беру, қоғамдық бақылау, рro bono еріктілік (кәсіби көмек көрсету), сондай-ақ корпоративтік еріктілік сияқты бағыттар бойынша ерікті ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тарту. Айта кететін жайт, бұл бағыттар мен іс-шаралар толық емес.
Атап айтқанда, азаматтар мемлекеттік сатып алу порталына, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігіне, өңірдің проблемалық мәселелеріне, жұмыстардың тиісті сапасы жоқ объектілерге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға, ұлттық жобаларды іске асыруға және т.б. мониторингтер жүргізу арқылы қоғамдық бақылауды жүзеге асыра алады.
«Antikor ortalyǵy» алаңында өткен кездесу барысында «Әділдік жолы» РҚБ және «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» филиалдарының басшылары Ерлаз Жайықбаев пен Игорь Плюснин түрлі салаларда қоғамдық мониторинг жүргізу туралы айтып берді.
Спикерлер мемлекеттік сатып алу саласы мен бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне мониторинг жүргізудің практикалық тәжірибесімен егжей-тегжейлі бөлісті, сондай-ақ басқа еріктілерге әдіснамалық көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин кездесуге қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғысын білдіріп, оларды одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа шақырды.
«Жұртшылық пен азаматтардың белсенді қатысуынсыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың пайдасы жоқ екенін бәрі біледі. Сондықтан бұл іске мүмкіндігінше бей-жай қарамайтын адамдарды тарту өте маңызды. Бірлескен жұмыстың арқасында біз қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа шын мәнінде нөлдік төзімділікке қол жеткізе аламыз және әртүрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоя аламыз. Біздің еріктілермен, оның ішінде салалық сарапшылармен, заңгерлермен және жастармен тұрақты және жоспарлы өзара іс – қимыл өз жемісін беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Айдос Жақиялин.
Кездесу қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде еріктілік ынтымақтастықты ұйымдастыру жөнінде пікір алмасуға және ұсыныстар айтуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспар-кестесін әзірлеу ұсынылды.
Айта кетейік, кез келген адам жобаға ерікті бола алады, ол үшін Көкшетау қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 71/1, эл пошта akmobl@antikor.gov.kz, тел.: 8 (7162) 29 65 15 мекенжайы бойынша өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне хабарласу қажет.
Дереккөз: www.gov.kz