Зеренді аудандық мәдениет үйінде қазақтың ұлы жырауы, ақын Бұқар жыраудың 355 жылдығына арналған «Даланың жыр шежіресі» облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті.
Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған шараның басты мақсаты – бабалардың елдік пен ерлік жырлары арқылы сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық рухты көтеру; ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын дамыту; жыр-терме өнерін жастардың арасында дәріптеу арқылы тәлім-тәрбие беріп, жаңа есімдерді анықтау, өскелең ұрпақтың шығармашылық өнеріне қолдау көрсету.
Қорытынды гала-концертте Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласынан шыққан үздік орындаушылар өздерінің орындаушылық шеберліктері мен таланттарын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Ұлыхпан Бахталант (Целиноград ауданы), Дүйсенбай Берікбол (Зеренді ауданы), Азамат Қайыров (Ақкөл ауданы) қатысқаны үшін, Нұрдәулет Тойшин (Атбасар ауданы) 3-ші, Райымбек Айтжан (Қосшы қаласы) 2-ші, Дүйсенбай Әлихан (Қорғалжын ауданы) 1-ші орын алғаны үшін, Жасұлан Есімхан (Ерейментау ауданы) арнайы жүлдемен марапатталды.