Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Амангелді Смайылов ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстар және еңбек қарым-қатынасындағы заң бұзушылықтар жөнінде баяндап берді.
Басқарма басшысы мемлекеттік еңбек инспекциясы қабылдайтын шаралар қызметшілерінің еңбек құқықтарын бұзудың алдын алуға және болдырмауға, облыстың еңбек ұжымдарында қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғауды жақсартуға, оның ішінде жалақыны уақтылы төлеуге бағытталғанын атап өтті. Еңбек заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысында еңбек инспекциясы басқармасы биыл жеке және заңды тұлғалардың 1006 өтінішін қарады.
−Еңбек қатынастары бойынша 940, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 66 өтініш қаралды. Ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 144-бабының 5-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың талаптарды бұзу бойынша дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде өз құқықтарын қорғауы жөнінде ҚР заңнамасына өзгеріс енгізілді. Осыған байланысты еңбек инспекторлары жеке тұлғалардан еңбек қызметін растайтын құжаттарсыз өтініштер түскен кезде жоспардан тыс тексеруді тағайындауда қиындықтарға тап болуда,−деді Амангелді Смайылов.
Осы себепті мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілерге еңбек заңнамасын түсіндіреді және жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша берешектің өтелуіне ықпал етеді. Көп жағдайда жұмыс берушілер жалақы бойынша берешекті өтейді және мұндай өтініштер қызметкерлердің қарсы өтініштерімен шешіледі. Жұмыс беруші жалақы бойынша берешекті өтеуге келіспеген жағдайда, өтініш берушілерге сот тәртібімен қарау тәртібі түсіндіріледі. Басқарма келіп түскен өтініштердің негізінде облыстың 193 кәсіпорны мен ұйымдарына тексеріс жүргізген. Оның нәтижесінде 175 заң бұзушылық анықталды. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 23-бабына сәйкес жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші осы Кодексте белгіленген тәртіппен қызметкерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті. Көп жағдайда өкінішке орай, олай бола бермейді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 86-бабының 1-бөлігіне сәйкес қызметкерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені үшін лауазымды адамдарға 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 80 және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделеді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 86-бабы бойынша 4 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік-еңбек жанжалдарын болдырмау, сондай-ақ, еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында басқарма облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмыс берушілерімен және лауазымды тұлғаларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
−Биыл облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмыс берушілерімен және лауазымды тұлғаларымен 121 семинар мен сабақ өткізілді. Ондағы тыңдаушыларды қамту 3521 адамды құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша баспасөзде және теледидарда 19 рет сөз алдық. Жалпы, осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да барынша жалғаса беретін болады,−деп қорытындылады өз сөзін Амангелді Смайылов.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.