Облыс орталығындағы Әдебиет және өнер музейінде жаңа ХХҮІІ театр маусымына орай, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының қойылымдарды безендіру бөлімінің «Сахнадағы сырлы әлем» атты көрмесі өтіп жатыр.
Көрменің ашылуына осы театрдың мақтанышы, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитовақатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Театр киім ілгіштен басталады» деп К.Станиславский айтпақшы, әр театрда спектакльде ойнайтын актерлердің киімі мен реквизиттерін дайындап, сахнаны безендіріп, декорациялық бұйымдарын орын-орнына қойып шығатын, алайда, сол тынымсыз еңбектері шымылдықтың арғы бетінде қалып, өздері көзге көріне бермейтін көркемдік-қойылым безендіру бөлімі бар екенін біле бермейміз, білсек те,көңіл аудармайды екенбіз. Өнер ордасының қазіргі көркемдік жетекшісі, жас та болса бастамашыл, талантты азамат Нұрислам Әбділдің идеясымен ұйымдастырылған көрмеден бар қажыр-қайратын салып, уақытпен санаспай, әр спектакльге қажетті киім-кешектіпішіп-тігетін, ұсақ-түйек бұйымдарды, көшпенді заманның тынысын бейнелейтін қару-жарақтарды, қойылымда суреттелетін белгілі бір кезеңге сай етіп тұрмыстық заттарды дайындайтын шығармашылық топтың үлкен жұмысына куә болдық. Көрмеден театрда жұмыс істеген қоюшы суретшілердің спектакльге орайластырып, режиссермен келісе отырып салған түрлі сызба-эскиздерін, суреттерін, жобаларын, костюм цехы қызметкерлерінің қолымен тігілген костюмдерін, бутафорлық цехтың шынайы етіп жасаған бұйымдарын өз көзіңізбен көріп, тамашалау бір ғанибет десек, артық емес.
Көрме төріне ілінген суреттер ішінде театрда біраз жыл ерінбей еңбек еткен, негізі қаланған тұстабас қоюшы суретшісі болған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, суретші Мұрат Мақсұтұлының қолынан шыққан «Абылай» спектаклінің алғашқы сызба-эскизі көзге оттай басылады. Сондай-ақ, әртүрлі спектакльдердің басты кейіпкерлері – Шыңғыс ханның, Тұранбике ханшайымының, Отеллоның және «Апалы-сіңілі үшеу» спектакліндегі, «Еріккендер ермегі» комедиясындағы образдар мен балаларға арналған «Күл қыз» секілді ертегілер кейіпкерлерінің костюмдері де өзіндік ерекшеліктерімен көз тартады. «Ақан сері – Ақтоқты», «Ұмытпа мені, Гәккуім» секілді көкшеліктердің көзайымына айналған қойылымдарда пайдаланылған, Арқа өңіріне, Арқа дәстүріне негізделіп жасалған домбыралардың театр шеберлерінің қолынан туындаған көшірмелері де осы көрмеден орын алған. Әртүрлі спектакльдерде қолданылған түрлі тұрмыстық, бутафорлық заттар да назардан тыс қалмай, бір бұрышқа топтастырылған. Ерекше көзге түскен жәдігерлер ішінде Станиславскийдің жүйесі бойынша жасалған «Отелло» спектаклінің макетін атап өтуге болады, қазіргі уақытта театр суретшілері мұндай жобалардан гөрі сызба-эскиздерге ауысқан. Сонымен бірге, көрмеден театр шеберлері жасап шығарған, өнер ордасының жанынан Балалар жылы ашылған қуыршақ театрының қуыршақтарын да көресіздер. Қойылымның барлық техникалық қызметтерін атқаратын ұжым жұмысымен қатар,қиялдан туындаған жасанды өмірдің сиқырлы кеңістігінде құлашын кеңге жайып, өз рөлін рахаттана ойнайтын театр актерлерінің де портреттері осы көрмеден орын табуы әбден лайықты деп ойладым.
1996 жылы классик жазушы-драматург Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен көрерменге алғаш шымылдығын ашқантеатр жыл санап қанатын кеңге жайып келеді. Шығармашылық ұжым бүгінге дейін әлем және қазақ жазушы-драматургтерінің 200-ге жуық қойылымын көрермен назарына ұсынып үлгеріпті. Бүгінде театрдың негізін қалаушылардың бірі, ҚР мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров басқаратынтеатрсоңғы жылдары өнерлі жастармен толығып, түрлі дәрежедегі өнер бәйгелеріне қатысып, өз биіктерін бағындырып, бірқатар жетістіктерге жетіп келеді.
– Мен театрдың әрі актерлік, әрі режиссерлік құрамының өз ісінің нағыз майталмандары екендігін атап өткім келеді. Әсіресе, цех қызметкерлеріне алғысым шексіз. Олар көбіне есімдері айтыла бермейтін сахна сыртындағы мамандар. Көрермен олардың тек жұмыс нәтижесін ғана көреді. «Сахнадағы сырлы әлем» атты жаңа жобаның салтанатты ашылуы осынау шығармашылық қызметкерлеріне деген үлкен құрмет деп білемін, – деп атап өтті өз сөзінде Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова осы орайда.
– Біз жыл сайын мәдениет саласының қызметкерлерін марапаттап жатамыз. Сонда түрлі марапат пен сыйлықтарға көбіне шығармашылық адамдары ұсынылады да, техникалық қызметкерлер ескеріле бермейді. Біздің театрдың техникалық және безендіру жұмыстары қызметкерлері арасында осы салада 20-25 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан майталмандар бар. Күн-түн демей, демалыс күндеріне қарамай, жұмыс істейтін мұндай қажырлы адамдардың еңбегі еленуі керек, оларды да марапатқа ұсынуымыз қажет. Сол үшін алдымен, осындай көрме ұйымдастырып, олардың жұмыстарын насихаттауды жөн санадық, –дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрислам Әбділ.
Ашылу салтанатынан кейін көркемдік-қойылым безендіру бөліміне қарасты алты цехтың меңгерушілерімен әңгіме-сұхбат алаңы ұйымдастырылды. Театрдың қоюшы суретшісі Маймұра Топанбаева және көркемдік-қойылым безендіру бөлімінің меңгерушісі Жұпар Әбішеваға қарасты электр-жарық беру, костюм, гримдеу, тігін, көркемдік бутафор, машина, музыкамен безендіру цехтарының меңгерушілері Мұрат Есенаманов, Қанат Әкімбаев, Айна Баймұратова, Нұргүл Бөрібаева, Ботагөз Бекентаева, Жарасхан Исин, Медет Мұхамедин, Жеңіскүл Құсайынова өнер ордасындағы негізгі жұмыстары мен бастарынан өткерген қызықты сәттерін айтып берді. Осында алғаш театр құрылған кезден бері табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Мұрат Есенаманов:
– Еңбекақымыз мардымсыз болса да, қаншама ауыр жұмыстарды атқарып жүрсек те, өнердің құдіреті мен киесінен болар, театрдан кеткім келмейді, – деп ағынан жарылды.
Облыс тұрғындары мен қонақтары қыркүйек айының 25-іне дейін көрмені Әдебиет және өнер музейіне барып, тегін тамашалауларына болады. Ал, 25 қыркүйекте қалалық Неке сарайында көрме апталығының жабылу салтанатына орай, арнайы дефиле шоу ұйымдастырылады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.