Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері талқыланды - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері талқыланды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында кәсіпкерлердің құқығын қорғауды күшейту мәселелері қаралып, осы тұрғыдағы міндеттер мен атқарылатын жұмыстар белгіленді.

Комиссия мүшелері мен облыстың активі, қалалар мен аудандардың әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқанотырысты аймақ басшысы Марат Ахметжанов ашып, өзі жүргізіп отырды. Облыс әкімі өз сөзінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен жыл басынан бері елімізде кәсіпкерлерді қорғау бойынша «Бизнеске жол» жобасы іске қосылғандығын атап өтіп,  бұл жобакәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, оларға  қолайлы орта құру мақсатында әзірленгенін баяндады.

ЖиындаҚазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан баяндама жасап,бизнесте кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Ведомство басшылығының айтуынша, «Бизнеске жол» жобасының аясында өңіріміздегі 450-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалса,республика бойынша жиырма үш мыңнан астам кәсіпкердің осындай мәселесі шешілген.

Асхат Оразхан өз сөзінде Мемлекет басшысы бизнес-қоғамдастық өкілдерімен өткен кездесуінде мемлекеттік аппарат кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті, ал, бизнес мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуы тиіс екендігін атап өткендігін негізге ала отырып, кәсіпкерлерді өзекті мәселелерді ашық талқылауға және мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністері мен әкімшілік кедергілер болатын болса, ол туралы хабарлауға шақырды.  Сондай-ақ, ол бизнес өкілдері тап болған кейбір келеңсіздіктерге де тоқталып өтті. Мұндай мәселелер өңіріміздің Зеренді, Егіндікөл, Целиноград және тағы басқа аудандарында орын алған. Жиын барысында кәсіпкерлердің өз мәселелерін ашық айтып, өз мүддделерін қорғаунәтижесінде оң шешімге қол жеткізген мысалдарыкелтірілді. Мәселен, жүк тасымалымен айналысатын 200-ден астам кәсіпкер осы жылдың қаңтар айында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында өлшеу құралдарының дұрыс жұмыс істемеуіне наразылықтарын білдіріп, нәтижесінде арнайы өлшеу құралдары көлік құралдарының салмақ параметрлерінен асып кету фактілері тіркелгені белгілі болды. Сондай-ақ, осы жылдың шілде айында өңірде балық шаруашылығы саласында осы саладағы бизнестің дамуына теріс әсер ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған көрінеді. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еріктілерді «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына белсене қатысуға шақыратыны да айтылды.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов бизнестің қазіргі қоғамдағы рөлін атап өтіп, ведомстволық бағыныстағы мекемелердің басшыларына заң бұзушылыққа жол беретін азаматтарға жауапкершілік шараларын қолдануды, кәсіпкерлер құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, проблемалық мәселелерді шешу барысында мемлекеттік органдар мен «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасы арасында өзара іс-қимылды ретке келтіруді тапсырды.

– Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шараларды қамтамасыз ету, жеке бизнесті сот ауыртпалықтарына тартуға жол бермеу қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басым бағыттары бойынша жұмыстың дұрыс жүзеге асырылуына әрбір басшының дербес жауапкершілігі туралы ескертемін, –  деп атап өтті өз сөзінде Марат Ахметжанов.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар