Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңесте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, басқа да мердігер компаниялар мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен ұлттық жобаларды іске асырудың жай-жапсары талқыланды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысында 2025 жылға дейін 22 мыңнан астам оқушыны қамтитын 18 білім беру нысанын салу жоспарланған.
–«Жайлы мектептер» – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен білім беру саласындағы ең өзекті мәселелерді шешетін бірегей пилоттық жоба. Бұл – оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды жою және білім беру процесінің сапасын жақсарту, – деп атап өтті М.Ахметжанов.Сондай-ақ, кеңесте өңір басшысы жұмыстың уақтында және сапалы жүргізілуінің маңыздылығына да тоқталды.
2023-2024 жылдары Көкшетау қаласындажәнеЦелиноград ауданында 12 200 орындық 9 мектеп салу жоспарланып отыр. 2024-2025 жылдары 10400 орындық 9 мектепті Аршалы, Бурабай, Целиноград және Шортанды аудандарында, Қосшы және Көкшетау қалаларында салу көзделген.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтің айтуынша, мердігерлер нысанды жобалау, сатып алу, салу және оны пайдалануға беру жауапкершілігін әу бастан өз мойынына алады.
– Қазір 9 мектеп бойынша мердігерлік ұйымдар анықталып, электр желілерін уақытша қосу, қоршаулар салу, топографиялық түсіру жұмыстары жүргізілді. Учаскелерде бейнебақылау камералары орнатылды, қадаларды соғу жұмыстары жүргізілуде, – деді ведомство басшысы.
– Бұл ортақ мәселе, мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмауы керек, – деген облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысушылардың назарын «Жайлы мектеп» құрылысы туралыбарлық тапсырмалардың уақытылы орындалуына және білім беру нысандарын салу кезінде стандарттың қатаң сақталуына аударып, пилоттық ұлттық жоба шеңберінде салынып жатқан мектептерге инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жобаларының уақытылы әзірленуін тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.