Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Орынбор облысы үкіметінің вице-губернаторы – экономикалық және инвестициялық қызмет жөніндегі орынбасары Игнат Петухов Астана қаласында ашылған «ИННОПРОМ. Қазақстан» халықаралық көрмесі аясында кездесу өткізіп, аймақтар арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен перспективаларын талқылады.
Көрме EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Оның барысында Ақмола облысының делегациясы өңіраралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді.
Орынборлық меймандармен кездесуде тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрландыру мен туризмді дамыту тұрғысында Ақмола және Орынбор облыстары арасындағы іс-шаралардың Жол картасын әзірлеуге келісті.
Кездесуді аша отырып, Марат Ахметжанов Ақмола тарапы инвесторларды жан-жақты қолдауға және бірлескен өндірістерді ұйымдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін атап өтті.
–Бізде барлық мүмкіндіктер – жер, өндірістік, кадрлық ресурстар, шикізат базасы бар. Ақмола облысы үлкен өнеркәсіптік және туристік әлеуетке ие. Бізде 5,3 миллион гектар егістік көлемі немесе елдегі ең үлкен астық алқабы бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз бұған дейінгі іскерлік байланысты жаңа мағыналармен байытып, кең көкжиектерді аша отырып, аймақтарымыз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосатынына сенімдімін. Біз өз тарапымыздан барлық салада жан-жақты ынтымақтастыққа дайынбыз, –деп атап өттіоблыс әкімі.
Өз кезегінде Игнат Петухов бизнестің өзара іс-қимыл мүмкіндіктері мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы айтып берді.
–Болып жатқан геосаяси оқиғаларды ескерсек, біздің облыстарымыздың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Орынбор облысы экономиканы орнықты дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыруда және біз өнеркәсіптік өндіріс индексінің өсуін, негізгі капиталға инвестициялар көлемінің ұлғаюын көріп отырмыз. Екі өңірдің ынтымақтастығының неғұрлым нақтылы, әрі тиімді бағдарламасы пысықталатын болады, оның басты міндеті біздің облыстарымыздың экономикасын нығайту, – деді Игнат Петухов.
Айта кетейік, Ақмола облысы Ресей Федерациясының Томск, Омбы және Новосібір облыстарымен ынтымақты байланыс орнатқан. Ресейдің қатысуымен облысымыздың Көкшетау, Степногорск қалалары мен Целиноград ауданында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Жыл сайын өңірдің ресми делегациясы Қазақстан-Ресей форумына белсене қатысады, оның шеңберінде Ақмола облысы мен Ресей Федерациясының облыстары арасында екіжақты келісімдер жасалып, іске асырылып келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.