Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаралы жылдар, жұмбақ сырлар - АРҚА АЖАРЫ

Жаралы жылдар, жұмбақ сырлар

 Қалам қайраткері, детектив көшбасшысы Кемел Тоқаевтың шалқыған ой-тәжірибесінен, білгірлігінен, қыран көрегендігінен толқындап туындаған тұтастай салиқалы шығармашылық еңбегін жинақтап, топтап айтар болсақ, оның романшылық өнері мен суреткерлік өнегесін толық айғақтайын «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» дейтін іргелі, күрделі туындыларын, «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Соңғы соққы», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Тасқын» дейтін айтулы хикаяттарын, сондай-ақ, «Солдат қабірінің басында», «Жұлдызды жорық», «Көмескі із» тәрізді әңгімелері мен замандастар көзқарасын, харекетін, қаһармандық рухын, келешегін есілте-көсілте сипаттайтын журналистік жол-сапар дәптерлерін айтуға болады. Бұл жазбалар өз заманының шежірелі көркем куәліктері, дәуірдің дауысы.

Дәуір сырын толғаған «Солдат соғысқа кетті»романының әлеуметтік, фәлсафалық, психологиялық, көркемдік қырлары барынша кемел, байтақ. Себебі, «Өмір өткелдерінің теңізінде жүзген» (Бауыржан Момышұлы бағасы) даңқты жауынгер Кемел Тоқаев жаралы жылдардағы қанды көйлек сайыпқырандардың ересен қаһармандық-ерлік қимылдарын, кісілік, ірілік келбеттерін, алуан-алуан мінез қайшылықтарын, адам характерлерінің әралуандығын әрі іштей арбасуларын, ой, сезім, мінез-құлық, ерік-жігер, түйсік, тілек, елес, қабілет, дағды сияқты тағдыршешті психикалық әрекеттерін көркемдік логикаға бағындырып, сорпа-суын сапырып араластырмай, ақ тарыдай ақтарып, толғаныспен тебіреніп, кестелеп, қан тамырларын солқылдата жазу – Кемел Тоқаевтың ұстанымы.

Роман атауының өзінде мұңлы сыр бар. Соғысқа өздігінен тіленіп, көксеп адам баласы бармайды. Соғыстың өзі адамзатқа төнген алапат апат, зұлмат, ылаң, қара құйын, зобалаң. Бір сөзбен айтқанда, трагедия. Трагедиядан құтылу үшін, Отанды қорғау үшін, дозақ отына өртенбеу үшін әскери-саяси жағдайда үздік амал-тәсілдерді шеберлікпен пайдалану, қолдану, соғыс жүргізу әрі өнерін жетілдіру, яғни, стратегияны және тактикалық барлауды – әскери барлауды күшейту. Осы тұрғыдан келгенде, «Солдат соғысқа кетті» дәуірнамалық романында ұлттық-патриоттық, гуманистік құндылықтар, қазақ жұртының бастан кешкен сұмдық көріністері де басты кейіпкер балалар үйінде өскен, әскери училищеде оқыған Мұхамедтің  телеграф стилімен жазылған соғыс күнделіктерінде, логикалық пайымдауларында және тағдыр теперішіне уыздай шағында душар болған, майдан сахнасындағы тегеуірінді іс-әрекеттерінде, лидерлік мінезінен де анық байқалады.

Жазушының фәлсафалық ойлау мәдениетінде, стилистикалық шеберлігінде шығарманың шырайы мен шынайылығын берекелендіретін тоғыз қырлы, тоқсан сырлы диалогтар, тарихи деректер, психологиялық иірімдер, ой шұғыласына бөленген сырлар жеткілікті. Тағдыр талқысына түскен Мұхамедтің тектілік тағылымы, адамшылық дәні мына бір баяндауынан танылады: «Атамыздың ата мекені Қаратал өзенінің бойы болады. Қыс түсе қалың ауыл маңыраған көп малмен бірге қалың құм ішіне, көп шағылдардың арасындағы Үшөзек қыстауларына көшіп, көктемге қарай өзенге ойысады екен. Қаратал бойы кең жазық, көк шалғын, малға да, жанға да жайлы құтты мекен. Әкем бес ағайынды екен. Ағалары Құшай, Төле, Өте, інісі Мырзахмет ауызбірлігі мықты, іргесі ажырамаған ажарлы туыстар бопты. Ауылға жаңа өкімет орнағанда Өте Совет жұмысына араласып кетіпті. Кейін Советке сайланады, ел басқарады. Сірә, белсенділігі мен асыра сілтеушілігі асып кеткен бе, қалай, жұрт коллектив боп бірігіп жатқанда, бір түнде жазғы қоныс Кәлпеден көше жөнеледі. Алматыға аялдамай, қырғыз асып кетеді. Жалғыз көшпей, інісін ерте кеткен. Әлі есімде, 30-шы жылдың жазында екі үй Пішпекке тақау, кендір егетін шаруашылықта жұмыс істеді. Менің әкем кендір егісінің басында қарауылқарайды. Айдалада, арық жағасында жалғыз үй отыратынбыз. Қарақұрт деген бәле қалың. Таңертеңгісін керегенің басына құмырсқаша қаптайтын. Ал, село маңында, орыстар тұрған жерде қарақұрт аздау. Өте аға біздің үйден бөлек, сол орыстардың қасында тұрды. Әкем момын кісі еді. «Мына қаршадай екі баланы өлтіріп аласың. Жұмысы құрғырды таста. Өзіңнен бұрын қарауылшы Ғизатулиннің үй іші қарақұрттан түгел қырылып қалды. Бас аманында кет!» – деп жаны ашыған кісілерге қысқа жауап қайыратын. «Кісі туған соң өледі ғой. Өлмегенде қайда барады. Одан құтылатын пенде жоқ. Бір Алланың жазғанын көрерміз», – дейтін.

Ашаршылықтың, жетімшіліктің, азып-тозудың қасіреті, міне, осындай. Бұл романда Мұхамедтің мергендігі, ерлігі, кісілік ірілігі, турашылдығы, арының тазалығы «Жауға атылған алғашқы оқ» тараушасында әсерлі баян етілген.

Мейірманов өзінің жалған дүниеде татар дәм-тұзын алдын ала сезінуі де яки «Біздің тағдыр шешілген» деуі де оқырманды шошындырады. Себебі, мұның өзі жауынгерлер ортасындағы өрескел алауыздықтың, құпия ойластырылған қастандықтың белгісі. Ой мен сөз зергері бұл жұмбақты оқырманның төрелігіне қалдырады да, Польша жерінде Ломда қаласының іргесінде, қан жібермейді деген рас-ау, Мұхамед Мейірмановты өлтірген жаудың қаскөй жылымқұрт жансызымен ұшырасқан… Романда Мейірмановтың аманаты, телепатиялық қасиеті, қоштасу сөзі соншалықты тебіреністі.

Мұхамедтің майдандағы өмірі де драмаға толы. Оның басына жөнсіз айыптаулар да тағылды. Власов дұшпандарға да жасырын қызмет етсе де, Мұхамедті «Гитлердің агенті» деп жала жапты. Мұхамед барлаушылар тобында, барсакелмес сапарында болғанда Власов, Рогов-Волков сатқындығына көзі жетті. Бұлар бар құпияны жеткізіп отырды.

«Солдат соғысқа кетті» романында шырғалаңы мен шытырманы шырмауықша шырмаған шым-шытырық тартысты оқиғалар, астыртын жымысқы әрекеттер, ар, ұят, иман алдында ішмерездікпен айылын жимайтын жылмақайлар, мысалы, жалақор, арсыз пасық, жұғымсыз сұмпайы Власовтың көпе-көрінеу ажал оғын жаудырған жау ұшағын атып түсірдім деуі, Көнбет, өпірем, жалт-жұлт ететін, жалмап жұтатын адамның сайтаны Мұхамедке кіжінуі, ефрейтор Деминнің із-түзсіз жоғалуы, Мұхамедтің Статрапинскийді ертіп алып, оны тауып алуы, ақыл үйретуі, тағдыр тәлкегінен құтқаруы. Осы бір уақиғаға орай, Мұхамедтің төтенше батылдығына, ерекше кісілігіне лейтенант Коршуновтың терең толғанысы, көзқарасы қисынды, ұшқыр уәжі былайша өрнектелген: «Кісінің тағдыры шешілер қиын шақта оған болысу, шама-шарқынша көмектесу, төнген қатерден құтқарып алу, әрине, жақсы қасиет. Арыстан жүректі арлы жігіт солай істей алады. Сенің қисық істеріңді түзу ғып ұғатыным, бәлкім, осы мінезіңдібілгенім шығар. Бірақ, кейде отпен ойнап кетесің. Тәуекел түбі жел қайық емес, әрдайым өтіп кете бермейсің. Бір сәтте, өзің ойламаған кезде басыңа үлкен мін тағылып, өмірден біржола өшіп, жоғалып кетуің мүмкін. Тіпті, есіркеген күннің өзінде абыройдан айрылып, мұқалып, шаншылып қаласың. Соғыс заңы, соғыс тәртібі дегеніміз осындай, бауырым. Соғыстың лайсаң толқыны жалмап, жұтып әкетпесін деймін. Ал, бізге өмір сүру керек. Шынын айтсам, өлгім келмейді. Өлсең де қор өлімнен аулақ бол».

Детектив жанрының атасы кейіпкерлердің ішкі жан-сезім күйлері мен толқындарын бейнелеуде шеберлік танытады. Яғни, әрбір кейіпкердің ойын, дүние тануын, көзқарасын, тілегін, сөз саптауын, мұратын жеткізуде диалогтарды ұсталықпен қолданады.

Соғыс суреттері, табиғат көріністері, жауынгерлердің ой-толғамдарының сөздік-лұғаттық жүйесі көркем, әсерлі. Мысалы, Мамад-ака Бабахунов: «Осы танкіңнен гөрі өзімнің қара жерім жақсы екен. Жатсаң – жылы үйің, тұрсаң – панаң, қатер төнсе – қорғаның. Немесе қателікке ұрынған Қароев: «Кісіге жамандық тілеу, бәле қуу, мұқату, табалау пендешілік, сорақылық екен». Таршылықта, тапшылықта жауынгерлердің тапқырлық танытуы да «Солдат соғысқа кетті» романының танымдық тереңдігін дәлелдейді. Айталық, қардың суын дәкеден өткізіп, қайнатып, тұз қосып денені сергіту, бойды жылыту, хал үстіндегі солдатқа ешкі сүтін беру.

Шығарманың стилистикалық, музыкалық архитектоникасын, психологиялық-фәлсафалық мазмұнын мынадай фразеологизмдер байытқан: «Майдан нағашыңның ауылы емес», «төркіндеп жүрген қатындарша» «иттің аузы жайындай», «ақтиіндей аласұрып», «тарттырылған текедей бүрсиіп» және т.с.с.

Романның ұлттық сипатын айқындайтын ерекшеліктерді де көрсетсек, бұлар жазушы қолданысындағы қазақша ай аттары мен Бабахуновтың бата сөзі. Келісті туынды жазудың жетекші шарттарының бастысы – суреткердің шығармашылық психологиясы. Бұл дегеніңіз, өмірлік құбылыстарды өнерге айналдыратын, нәзіктікпен жіңішкелеп сыршылдықпен суреттеп сөйлететін ұшқыр қабілет, сұңғыла түйсік. Бұл орайда «Құпия әйелдің» тылсым тұңғиық әрекеттерін тәптіштеп баяндауы айғақ.

Түптеп келгенде, «Солдат соғысқа кетті» романы тарихилық, деректілік, фәлсафалық, гуманистік, стилистикалық тұрғыдан жоғары дәрежеде жазылған көркем мүлік болғандықтан, ұлт әдебиетінің қазынасына лайық бірегей шығарма.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар