Тектінің тұяғы, жақсының қияғы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек құндылығын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні ретінде атап өтті.

Еңбек күні қарсаңында  жастарға тәрбие берудің басты құралы ретінде еңбектің маңыздылығын ұғындыру, еңбек адамына деген құрметті арттыру, әлеуметтік жауапкершілікті көтеріп, өз тағдырын қолына ала білетін, еңбексүйгіш тұлғаларды қалыптастыру мақсатында «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана  «Жұмыс маманының беделі» атты кездесу өткізді.

Шараға саяси-әлеуметтік, қоғамдық өмір белсендісі, саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған белгілі журналист Балталы Сәрсенбаев, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева, басты қонағымыз,еселі еңбегімен ел алғысына бөленіп келген ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырушысы Қорғанбек Сансызбаев, ол кісі оқыған Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының оқушылары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Бұл күні сондай-ақ, Көкшетау қаласының №8 жалпы орта білім беретін мектебінің 9 сынып оқушыларына, Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің студенттеріне және №9 жалпы орта білім беретін мектебінің жас мамандарына жастайынан әкесінен айырылып, тағдыр тауқыметін көрсе де, қиындықтарға мойымай,  еңбекке мойын бұрып, діндепкіріскенінің арқасында қарапайым жұмысшыдан жанындағы еңбек адамдарын еселі еңбекке жігерлендірген трактор-егіс бригадасының бригадирі, егін және мал шаруашылығын өрге сүйреген совхоз директоры қызметіне дейін көтерілген «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, әрдайым жанына қарапайымдылықты серік еткен жерлесіміз Қорғанбек Рақымжанұлының еңбек жолы насихатталды. Қонақтар назарына «Әке үмітін арқалаған ұл» бейнефильмі көрсетіліп,жеке құжаттарынан жасалған «Еңбек –бәрін жеңбек» тақырыбындағы көрме ұсынылды. Көрмеге кітапханашы Бақытгүл Ғалиева шолу жүргізді.

Қарымды қаламгер Балталы Сәрсенбайұлы тыңдармандарға еліміздің болашағы жастардың қолында екенін ұғындырып, еңбекке ынталандырды, адами құндылықтарды дәріптеді. Жастар өмірден өз бойына  диқандық мектептің сабағын алып, ағалардың ақыл-тәлімін сіңіріп өскен, әке мектебінен өтіп, сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан ұлдың, бүгінде екі қыз, бір ұлтәрбиелеп, сегіз немере сүйіп, еңбегінің зейнетін Айтжан апамызбен бірге көріп отырған Қорғанбек ағамыздың әңгімесін ұйып тыңдап, қойған сұрақтарына тұшымды жауаптар алды. Еңбек адамына арнап өлең оқып, ән шашу тарту етті.Қорғанбек ағамыздың асыл жары Айтжан апайымыз Балталы Сәрсенбайұлына «Бес оқ» кітабының жарық көруіне атсалысқаны үшін алғысын білдіріп, иығына шапан жапты.

Қорғанбек Рақымжанұлы өз кезегінде кітапханамызға, «Достар» мәдениет сарайына, білім алған мектебіне «Бес оқ» кітабын сыйға тартты.   Әке мұрасын зерделеп,  ескерткіш-сый ретіндегі өзі жинақтаған кітапқа 1920 жылы 5 мамырда дүниеге келіп, қырық бес жыл қысқа ғұмырында қаламы қарымды журналист, ақын ретінде артына өшпес мұра қалдырған, Ұлы Отан соғысында   ерліктің үлгісін көрсетіп, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері атанған, Алтай руынан тарайтын Әлке, Байдалы, Аққошқар-Сайдалы әулетінің перзенті Рақымжан Сансызбаевтың ғибрат аларлық саналы ғұмыры, шығармашылық қызметі туралы естеліктер, әдеби мұралары енгізілген.

Шара соңында Қорғанбек ағамызға Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаеваның, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиевтің атынан Алғыс хаттар табыс етіліп, өзі білім алған Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының ұжымы атынан арнайы құттықтау лебіздер білдірілді, гүл шоқтары сыйға тартылды.

Еңбек– адам өмірінің мәні деген осы. Өйткені, адамзат жаралғаннан бергі бір анық ақиқат: ата-анаға, Отанға, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Ал, отбасының амандығы, бай-қуатты болуы, адал перзенттің тәрбиеленуі еңбекпен тікелей байланысты.«Еңбек ер атандырады» дейдіхалқымыз. Міне, бұған дәлел және үлгі боларлық жай Қорғанбек Рақымжанұлының өнегелі еңбек жолы.

                                      Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
 үлгілі кітапхана меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар