Өмір мен еңбек шыңдады

Мен бұрынғы Көкшетау облысы Келлер ауданы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында шоқтай ғана қазақ ауылы Мәдениет елді мекенінде дүниеге келіппін. Сол кездегі қаймағы бұзылмаған қазақ салтымен ата-апа бауырында тәрбие алдым. Атам Құлжан Топшақов 1903 жылы туған, өмір бойы байланыс саласында еңбек еткен адам. 1937 жылы қуғын-сүргін уақытында шолақ саясаттың кесірінен сталиндік репрессияға ұшырап, он жыл КарЛАГ-та тар қапаста болған. 1989 жылы өзі қайтыс болғаннан кейін ақталды. Сол лагерьден аман оралған 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін ауылда пошта тасушы болып қызмет атқарды. Жалпы, Келлер ауданында небары екі қазақ ауылы ғана болды, қалғаны тегіс неміс, поляк колхоздары еді. Осыған орай, Келлер ауданын жұрттың бәрі неміс ауданы деп түсінетін. Атам Талап пен Мәдениет деп аталатын сол екі қазақ ауылына 35 шақырым жердегі Краснокаменкадан жазда ат арбамен, қыста ат шанамен газет-журнал, хат таситын. Әр айда үлкен кісілердің зейнетақысын таратып, баспасөзге жазылу науқаны дейтінқызу жұмысқа да кірісіп кететін. Өйткені, ол кездің тәртібі бойынша бірде бір үй мерзімдік баспасөзсіз қалмауы керек. Балаларға, жастарға дейін өз газеті бар. Коммунистік партияның уақыты ғой. «Правда», «Лениншіл жас», облыстық «Көкшетау правдасы», аудандық «Заветы Ильича» газеттерінің бәрін рет-ретімен жаздыру және уақытылы жеткізу қажет. Мен есбілгелі осы істе атама көмекші болдым. Үйді-үйге газет таратамын, мектепте әр мейрам сайын открытка, конверт сатамын және газет-журналға жазылу науқанында оқушылар арасында «Қазақстан пионері», «Балдырған» басылымдарына жаппай жазылу ұйымдастыратынмын. Атам хат тасушылығына қоса, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. Ол кезде де облыста майталман жазушы ағалар бар болатын. Газет редакторы Жанайдар Мусин, Төлеген Қажыбаев, тағы басқа кісілердің  атам туралы жазған мақала, суреттемелері бертінге дейін менде сақтаулы болатын. Көбін бертінде архивкебердім. Атам мінсіз еңбегі үшін жоғары жақтан көптеген марапаттарға, Құрмет грамоталарынаие болған, олар менде әлі сақтаулы. Жаны ашитын адамдар атамның нақақтан-нақақ қаншама жыл қуғын-сүргінде болғанын түсініп, құрметтеп-сыйлауға тырысатын.

Сол кісінің салған сара жолымен мен де келе-келе осы мамандыққа қатты қызықтым. 1975 жылы атам ауырып қалды да, жазғы каникулда үш ай бойы сол атамның атымен поштаны мен тасыдым. Содан 1977 жылы он жылдық мектепті бітірген соң хат тасушы сөмкесін қолыма алдым. Ауылда кәрі ата-апамды қиып тастай алмадым. Сол жылы мені пошта басшылығы Алматыға байланыс техникумына сырттай оқуға жіберді. Ол кезде Қазақстанда техникумның өзі ең жоғары оқу орны сияқты саналатын. Өйткені, осы байланыс техникумының да, басқа орта арнаулы оқу орындарының да беретін білімі сапалы еді. Сөйтіп, оқуға түскеніме, әсіресе өзінің жолын қуғаныма атам қатты қуанды. Сол жылы ол кісі қайтыс болды. Мен оқуым мен қызметімді әрі жалғастыра бердім. 1978 жылы атамның үмітін ақтап, Келлер аудандық байланыс торабы бойынша «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атандым. Суретім аудандық Құрмет тақтасына ілінді. 1980 жылы диплом алып, сол кезде Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтынбітіріп жатқан Қадыралы Таңсықбаев деген азаматпен отау құрып, институттың жарыма берген жолдамасымен Көкшетау облысы Чистополь ауданының «Жаркөл» совхозына жұмысқа бардық. Екеуіміз де жас маманбыз, жұбайым мал дәрігері, мен пошта меңгерушісімін. Екі кішкентайымыз бар. Алайда, тағдырдың маған жазғаны алда екен. 1984 жылы тамыз айында жолдасым жұмыс уақытында ауданнан келген балыққұмар басшылар балыққа құрған торды көреміз деп барғанда, аяқ астынан суға кетті. Ерке Есілдің жағасында өскен азаматтың өлімі әлі күнге түсініксіз. Тексерген болды, мен жаспын, екі баладан анда-мында шыға алмадым. Сонда да жылап-сықтап, облыстан әдейі кісі шақырттым. Бірақ, егжей-тегжейін тексерген тақа ешкім болған жоқ.

Сонымен, өмірдің тар соқпағымен арпалыса жүріп, 1989 жылы облыс орталығы Көкшетау қаласына қоныс аудардым. Себебі, ағайын-туыстарым осы маңда, жақын жер ғой, қиналғанда келіп, араласып тұрар деген үміт те жетелей берді. Ал, жұмыс жағынан қайдабарамын? Жастайымнан өзім ұнатқан және бауыр басып үйренген сол «Қазпоштама» келдім. Соданбері міне, зымырап талай жылдар өтіпті. 2017 жылы «Үздік байланысшы» төсбелгісімен марапатталдым. Сондықтан, жеке басымда қиындық аз болмаса да, бойымдағы өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімді бағалай білген ұжымыма, ауыртпалығымен бірге қуанышын да сыйлаған  өміріме ризамын.   Осы уақыт аралығында мойымай, балаларымды жеткізіп, жоғары білім әпердім, ешкімге жаутаңдатқан жоқпын. Қызым Назгүл Қарағанды қаласында тұрады. Отбасы, балалары бар. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ұстаз ғалым. Ұлым осы Көкшетау қаласында отбасылы. Бірақ, бұл балам да менің ащы тағдырымды қайталады. 2007 жылы келінім ауыр жол апатынан қаза тауып, екі жасар немерем анасыз қалды. Сол немерем мектепті қызыл аттестатпен бітіріп, биыл Астанадағы Л.Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің екінші курсын аяқтады. Енді екі жыл оқуы бар. Менің де ендігі мақсатым, осы немеремді жеткізу, тағдырдың маған берген бұл міндет, парызын да еңсеру болса керек.

Өмірімде жақсы адамдар көп болды. Солардың арқасында қазір көңілім де бірсыдырғы орнықты сияқты. Ұлым да үйлі-баранды, екі баласы бар. Өмірімде басы артық дүниеге, байлыққа қызыққан адам емеспін. Осы жасымда ешкімді алалаған жоқпын, талай сынға шыдап келемін. Айналамда сыйлап тұратын  жақсы әріптестерім бар. Жастар да арқа тұтып, ақыл-кеңес сұрайды. Материалдық жағынан өзіме де оңай болмағанымен, өмір бойы жинаған мол тәжірибемді ұжымдағы осы жастарымызбен бөлісемін. Зейнеткер болсам да, әлі де сол «Қазпошта» акционерлік қоғамында келісім-шарт бойынша жұмыс істеймін. Әлі де сүйікті мамандығымнан қол үзген емеспін. Менің осындай бір орында үзбей еңбек етіп, белгілі бір жетістікке жетуіме ұжым басшыларының және әріптестерімнің көмек-қолдауы көп болды.

2021 жылы «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы қайта құрылғанда филиал басшысы болып Қайрат Балапанұлы Бекенов келді.  Сөйтіп, ұжым кеңейіп, жұмысы алға басты. Жұмысшыларға көп көңіл бөлінді, жаңа жұмыс орындары ашылып, нығая түстік. Осылай жетістіктеріміз де жылдан-жылға толымды болуға айналды. Соның бәрі «жақсы басшы келсе, іске» дегендей, Қайрат Балапанұлының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шаруалар. Ол кісіге тірек болып келе жатқан, ұжымға көптен бері еңбектері сіңген басқа да майталман басшы мамандар баршылық. Олар Мұрат Қазбеков, Ерқанат Абзалов, Сәуле Қажығалиева, Қалдықыз Тұрдықұлова, Алтын Айдарбекова, Анар Рахметова, Айжан Жұмабекқызы, Анастасия Анатольевна, Татьяна Николаевна, Алена Голицкая, Әмина Құрманбайқызы, Шолпан Болатқызы және тағы басқалары. Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Қалдықыз Тұрдықұлова ұжым қызметкерлері арасында үлкен беделге ие. Хат тасу бөлімінің жұмысын абыройлы ұйымдастырып отырған іскер маман. Қызметкерлеріміздің жағдайына көңіл бөлу, оларды естен шығармай, мереке, басқа да атаулы күндері құттықтап отыру, еңбек ардагерлерін марапаттап, ұжым ойынан шығатын әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру жағы үнемі ескеріліп отырады.

Өзім орталық операция учаскесінде істеймін. Айжан Абдоллақызы Қамбарбекованың жетекшілігімен ұзын-ырғасы жиырма шақты маман бірге қызмет атқарамыз. Жіті басшылықтың арқасында күнделікті пошта қабылдау, оны жөнелту, кезек күттірмейтін мәселелерді тез шешу арқылы халыққа қызмет көрсету ісі жақсы жолға қойылып отыр. Бұл орайда, Согдана, Баян, Гүлнәр, Айгүл, Айсұлу, Гүлгүл, Гүлбақыт, Дана, Оксана, Әлия, Алипи, Камила, Айжан сияқты қыздарымыздың еңбегі өлшеусіз.

Күні кеше елімізде Халықаралық қарттар күні мерекесі атап өтілді. Сөйтіп, дәстүрлі қарттар айлығы басталды. Бұл мереке мен дәстүрлі айлықтың мейірім шуағын жыл сайын біздер де жақсы сезінудеміз. Басшымыз Қайрат Балапанұлы біздей ардагер зейнеткерлерге көп көңіл бөледі. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы да берік ойда ұстап, өткен көктемде байланыс саласына зор еңбегі сіңген бұрынғы мекеме басшысы Қапар Сүлейменұлы Айтуғанов ағамызға ғимарат қабырғасында ескерткіш тақта орнатты. Біздердің де еңбегіміз елеусіз емес. Өзім «Еңбек ардагері» медаліне ие болып, осы саладағы ұзақ жылғы еңбегім тағы да бір жанғандай болды. Айта берсек, 9 қазанда алдымызда тағы да бір мереке – Халықаралық пошта күні күтіп тұр. Осыған орай, барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, отбастарына амандық, дендеріне саулық, еңбекте жоғары жетістіктер тілегім келеді. Пошта байланысы халыққа өте-мөте қажет қызмет. Біз атқарып отырған жұмыстың күнделікті өмірлік маңызы зор. Сондықтан да, осы жауапкершілікті терең сезініп, сенім биігінен көріне берейік.

Сәуле ТАҢСЫҚБАЕВА,
«Үздік байланысшы» төсбелгісінің иегері, еңбек ардагері.

 Суретте: С.Таңсықбаева және филиал директоры Қ.Бекенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар