Жас келсе – іске

Ел ішінде алдынан жұмыс үркіп тұратын, ақадал еңбегінің арқасында ұжымының шынайы құрметіне бөленіп жүрген жастарды көргенде жаның сүйсінетіні бар.

Мирас Еркенов Макинск қаласындағы жылу оқшаулау зауытында ауысым шебері болып еңбек етеді. Әлі отызға толмаған жас жігіт өзінің жұмысты беріліп істеуінің арқасында өзге әріптестеріне үлгі-өнеге болып жүр. Бұланды ауылында орта мектепті бітіргеннен кейін алдынан мамандық таңдау туралы мәселе шықты. Өз айтуына қарағанда, Мирас Ақылжанұлы көп толғанбапты. Астана қаласындағы темір жолшылар колледжіне оқуға түскен. Техник құрылысшы мамандығын игерген. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін үш жылдай сауда менеджері болып қызмет еткен. Әйтсе де, көңілінің қалауы әуел баста өзі құлай сүйген тылсым сыры мол техника әлеміне ауысса керек. Осылайша, өзі туған өлкедегі болашағынан үлкен үміт күттіретін жылу оқшаулау зауытына орналасқан. Сөз арасында зауыт туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Бұрын сәл бұйығы күн кешкен Макинск қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тәп-тәуір үлес қоса бастаған зауыт жылу ұстағыштар шығарады.

Орта Азияда теңдесі жоқ алып кәсіпорынды салуға жалпы құны 8 миллиард теңге жұмсалған. 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еткен зауыт ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға да ықпалын тигізуде.

–Базальт тасы – минералдық мақтаның шикізаты. Кәсіпорын 100 пайыз отандық өнім  шығарады, – дейді Мирас Ақылжанұлы, – зауытта өнімділігі жоғары италияндық қондырғылар орнатылған. Домна пешінде 1600 градусқа дейінгі жоғары температурада базальт тасы ерітіліп, кейін арнайы қосындылар арқылы өнім дайындалады. Алдымен шикізат бункерге толтырылады. Сосын еріткіш пештен өткізіп, оған желім, ылғал өткізбейтін материалдар сияқты қосындылар араластырылады. Қалыңдығы мен тығыздығын қажеттілігіне орай белгілеп, арнайы қондырғылардың көмегімен минералды мақта дайындалады.

Сөз арасында құрылысы қарқынды дамып жатқан елорда бірер жыл бұрын жылу сақтағыш материалдарды Ресейден тасымалдап келгендігін айта кетелік. Енді құрылысқа қажетті зат іргедегі Бұландыда дайындалады. Ілгеріде тапшылықтың кесірінен құрылыс материалдарының 80 пайызы шет елден жеткізілетін. Қайта өңдеу өнеркәсібін жандандырудың арқасында бұл салада отандық өнімнің салмағы арта түскен.

Мирас Ақылжанұлы жұмыс барысында технологиялық процестердің  мүлтіксіз орындалуын қадағалайды. Техникалық қызметкерлерге жетекшілік етеді. Әрі жұмыс орнында айтып келмес апаттан сақтандыру үшін техникалық қауіпсіздік жайлы әрбір жұмысшыға жеткізіп, жұмыс барысында талаптың орындалуын бақылайды. Цехтың құжаттарын толтырумен де айналысады.

–Шығарған өніміміздің талапқа сай болуын қатаң қадағалаймыз, – дейді шебер. –Қазақстандық жылу ұстағыш материалға деген сұраныс көп. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан тәрізді мемлекеттерге шығарылуда, ел ішіндегі құрылысқа да көптеп пайдаланылуда. Азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста жылыту және дыбысты оқшаулау үшін қажетті материалдардың өзімізде шығарылуы атап айтарлық-ақ дүние.

Әріптестерінің айтуына қарағанда, Мирас Ақылжанұлы бойына іскерлік қасиеттерді молынан жинаған, тындырымды жан. Осы ілкімділікті жұмысты ұйымдастыру барысында дұрыс пайдалана біледі. Жастық жігері жалын атқан шебер ортақ іске әріптестерін жұмылдырып, өздері атқарып жатқан тынымсыз еңбектің нәтижелі болуын қалайды. Әрқашан өзіне тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын ол өзгеден де соны талап ете біледі. Жұмыс барысында бір-біріне сенімді болуы түпкі ойдың жүзеге асуына ықпал ететіні сөзсіз.

–Қазіргі күні өндірісте қазақ жастарын көп көре қоймайсың, – дейді кейіпкеріміз, – негізі жастардың оқып, білім алуына, кәсіп игеруіне мемлекет тарапынан қаншама жағдай туғызылып отыр. Демек, өздеріне сенім артылғаннан кейін жастар да техникалық мамандықты игеріп, жұмыс істегендері жөн ғой.

Зауыт өнім өндіру көлемін 2,5 мың тоннадан асыра орындайды екен. Осы ел игілігіне жарап жатқан мол істе ел болашағын ойлайтын Мирас Еркенов тәрізді бесаспап шебердің де өз үлесі бар. Болашақтың сара жолы осындай жастардың талабымен ашыла түспей ме?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар