Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағатты ұстаз, білікті басшы - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағатты ұстаз, білікті басшы

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп атақты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы айтқанындай, бүгінгі мақаламызда мұғалім мамандығын абыроймен арқалап жүрген білікті басшы, ұлағатты ұстаз, Сандықтау ауданы Балкашин ауылының №1 орта мектебінің директоры Айнагүл Дулат туралы әңгіме өрбітпекшіміз.

Бала жүрегіне жол тауып, білімнің жарық шырағын жағып, саналы тәрбиеге баулитын ұстаздық жолы қашан да үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық. Ал, мектеп басшысы болсаң, онда жауапкершілікпен қоса, іскерлік пен ұйымдастырушылық та аса маңызды қабілет. Директор – мектептің бағыт-бағдарын айқындап, жетістікке жетелейтін жолды саралайтын менеджер, кез-келген мәселені дер кезінде шешіп, ұжымның береке-бірлігін арттыратын талантты тұлға. Біздің кейіпкеріміз – Айнагүл Дулат білім-біліктілігі жағынан әріптестерінен биік тұратын, жаңашылдығымен, іскерлігімен қызметкерлерді алға жетелейтін, тіпті мектеп оқушыларының қабілеті мен мінез-құлқын, олардың ата-анасының тұрмыс-тіршілігін жетік білетін жан. Бүгінгі алмағайып заманда мектеп директоры болғаннан гөрі, көп ұстаздар қарапайым пән мұғалімі ретінде сабақ беріп жүргенді қалайды. Ал, Айнагүл Дулатбұл қызметке үлкен дайындықпен, зор жауапкершілікпен келіпті.

– Кез-келген адам жауапкершілік жүгі зор, талап-тілегі мол  басшылық қызметті таңдай бермейді. Мектеп директоры болу шынымен өте жауапты жұмыс. Білім беру мекемесінің директоры оқу-тәрбие  процесін бақылап қана қоймай, мектептің техникалық базасын, сондай-ақ, білікті мамандар қатарын қамтамасыз етуі керек. Ұжымдағы ауыз-біршілікті, түсіністікті сақтап қалу үшін стреске төзімді, шыдамды, мықты болу қажет. Меносы лауазымды қызметке тағайындалар алдында әкімшілік жұмыстан тәжірибем болды. Жеті жыл бойы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарықызметінде жүрдім. Біраз жылғы еңбегімді ескеріп, маған сенім білдіріп, Сандықтау аудандық білім бөлімі мені осы қызметке тағайындады, – дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысының Алтын Бұлақ ауылында дүниеге келген Айнагүл Дулатбала жасынан ұстаз болуды армандапты. Ол О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде ұстаздықты жанына серік етіп, мұғалім болуды ұлы мұрат тұтқан оның педагогикалық жұмыс өтілі 27 жылдан асыпты. Ең алғашқы жұмыс орны – Жезқазған музыкалық колледжінде қоғамдық-гуманитарлық пәндерден, атап айтқанда тарих, құқық, философия, саясаттану, әлеуметтанудан сабақ берген. 2014-2020 жылдар аралығында Балкашин ауылындағы №1 орта мектебінде тарих және дінтану пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істепжүріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2019 жылы тарих және дінтану пәні бойынша аттестаттаудан өтіп, педагог-зерттеуші біліктілік санатын алды. Осы жылдар аралығында оқушыларды түрлі байқауларға дайындап, конференцияларға қатыстырып, өзі де түрлі республикалық додаларға қатысып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізеді, аудандықбілім бөлімінің, облыстық білім, дін басқармаларының, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хаттарыменжәне Құрмет грамоталарымен марапатталды, ұстаз үшін ең мерейлі жоғары наградалардың бірі Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі оның кеудесінде жарқырап тұр. 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, еліміздің білім беру саласына қосқан сүбелі еңбегі үшін  «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен де марапатталды.

2020 жылы мектеп директорлығына тағайындалып, осы жылы мектеп облыстың ең үздік білім беру ұйымы атағын жеңіп алды. Бұл жетістікке жетуде Айнагүл Дулаттың еңбегі зор екендігін әріптестері мақтана айтып жүрді. Оның жетекшілігімен  Балкашин ауылының №1 орта мектебі былтыр «Үздік ресурстық орталық» облыстық байқауында 1 орынды иеленді. Ол түрлі байқау-конкурстарға қатысып, біліктілігі мен тәжірибесін арттырып, жан-жақты болғанды қалайтын ізденімпаз жан. Нәтижесінде көптеген республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атаныпты.

Бүгінде білікті басшы, ұлағатты ұстаз Айнагүл Дулат басқарып отырған мектепте 77 педагог жұмыс істеп, 544 оқушы білім алуда. Әріптестері оның жоғары мәдениеттілігін, адамгершілігімен іскерлік қасиеттерін, адалдығын ерекше бағалайды. Кез-келген жағдайды талдауға және дұрыс шешім қабылдауға қабілетті басшы педагогтардың, оқушылардың және олардың ата-аналарының тарапынан лайықты беделге ие.

Өз жұмысында ол оқушылардыынтымақтастыққа, жағдайды талдау дағдыларын дамытуға ықпал ететін материалдың тақырыптық таңдауын, компьютерлік бағдарламалар мен оқыту құралдарын белсенді қолданады. Ол балаларды өз бетінше білім алуға, мәселелерді шешудің қызықты жолдарын табуға үйретеді.«Ұстазы талантты болса, шәкірті талаптыболады» демекші, жоғарыда атап өткеніміздей,оның оқушылары түрлі облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Юлия Келлер, Әлия Жақсыбаева, Татьяна Зенкова, Елена Ғабдуллина, Райгүл Биктасова, Виктория Сиволовская есімді оқушылары «Тәуелсіздік бағасы», «Тарих-ата», «Золотое руно» тәрізді түрлі облыстық, республикалық халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда өздерінің жақсыбілімдерін көрсетіп, жүлдегерлер қатарында өз тұғырларын бағындыруда.

– Ұстаздық жолды таңдаған себебім, бала кезімде аулада достарымды жинап алып, оларға сабақ беруді ұнататынмын. Оларға өзімше жазу жазғызып, оқуды үйрететінмін. Кейін жоғары сыныптарда оқып жүргенде, ұстаздар мерекесіне орай, бір күн өзін-өзі басқару түрінде өтіп, онда мен директор болатынмын. Сонымен бірге, «адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» демекші, қолыма алғаш қалам ұстатып, білім теңізіне терең бойлатып, өмірден өз орнымды табуыма септігін тигізген ұстазым Шолпан Қасеноваға бүгінде алғысым шексіз. Маған мұғаліммамандығының қыр-сырын түсіндіріп, тәжірибе жинақтауыма көмек қолын аянбады, әйтпесе, «ата жолын қудым, ананың сүтімен келді» дейтіндей, отбасымызда ұстаз болған адам жоқ.Есейген шағымда ұлы Абай атамыз «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмір мектебінде еңбегімнің зая кетпей, үлкен нәтиже бергенін алдымнан түлеп ұшқан оқушыларымнан көріп келемін, – деп ағынан жарыла сөйлеген ұлағатты ұстаз мамандық таңдауда анасының берген ақылы да оң ықпал еткенінесіне алды.

– Анам маған үнемі: «адам өмірінде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек: біріншісі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау.  Елдің алғысын, үлкеннің батасын алатын мамандықты таңда, қызым», – деп айтып отыратын. Соған сай өмірде өз таңдауымды дұрыс жасадым ғой деп ойлаймын, – дейді Айнагүл Дулат. Осылайша, анасының ақ тілегі мен балалық шақтағы ақ арман Айнагүл ұстазды білім кемесіне отырғызып, инемен құдық қазған қарлығаштардың қанатын қатайтуға аттандырған екен. Содан бері отыз жылға жуық оқушыларға тәлім-тәрбие мен білім беріп келе жатқан ардақты ұстаз бүгінде өз отбасында аяулы ана, асыл да сүйікті әже.

Өмірінің мәні мен сәніне айналған жалғыз ұлы – тірегі  анасының ақ батасымен Қарт Алатаудың баурайында жылжымайтын мүлік саласында жеке кәсібін дөңгелетіп, еңбек етуде. Әжесінің көзқуанышы, балдай тәтті немересі мектеп оқушысы.

– Бүгінде мектеп директорлары психологта болуы керек. Қазіргі заман талабына сай білім ордаларының директорларына менеджменттік біліммен қатар, осы психология да аса маңызды деп ойлаймын. Менің екінші мамандығым, психолог-кеңес беруші. Әріптестер,ата-аналар, оқушылар арасындағы түсінбестіктерді оңтайлы шешуге осы мамандығым үлкен септігін тигізіп келеді. Әрине, мектеп өмірінде әр түрлі түсінбестік жағдайлар орын алатыны сөзсіз. Оның байыбына барып, мәнісін анықтап, қолымнан келгенше әрқашан дұрыс шешім қабылдауға тырысамын, – дейді Айнагүл Дулат.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар