Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Соқпақ жолдың бойындағы Уәли ханның мазары - АРҚА АЖАРЫ

Соқпақ жолдың бойындағы Уәли ханның мазары

Облыс орталығының іргесіндегі Қазақстан ауылына баратын тас жолдың қамшылар жақ бетінде Уәли ханның мазары бар. Еңселі мазар көз ұшынан көрінеді. Әр жағында Қарақалпақ тауы. Кесене 2008 жылы Уәли ханның туғанына 270 жыл толуына орай тұрғызылған. Жалпы аумағы 1920 шаршы метр. Биіктігі сегіз метр шамасында. Мазар қызыл кірпіштен төрт бұрыштап салынған. Төрт жақ ірге сары кірпіш және жарты ай бейнесіндегі шақпақ таспен өрілген. Сөз арасында Уәли ханның ел билеген хандардың ішінде туған жерден топырақ бұйырған жалғыз тұлға екенін айта кетейік. Сан мәрте жорықтарға қатысқан, жүрек жұтқан жауынгер болыпты деген дерек те айтылады. 1781 жылы әкесі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін әке аманатына сәйкес артында қалған елі Уәлиді Орта жүздің ханы етіп сайлайды. Уәли хан Петербор  мен Пекинге өзінің хан тағына отырғаны туралы хабарлап, хан ретінде тануын сұрайды. 1981 жылы Ресей мен Қытай Уәли ханның хандық өкілеттілігін мойындаған. Қаңтар айының басына Цинь императоры Уәлиді хан дәрежесінде есептейтіні туралы хат жолдаған. Бірінші қарашада Орта жүздің сұлтандары мен билері ақ кілемге салып хан көтерген. Арада қанша жылдар өтті. Бір кезде азуын айға білеген аруақты хан туралы деректер де көмескі тарта бастады. Тіпті, жерленген жері де ұмытылуға тақау қалған. Тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге, көне тарихтың кебежесі ашылды. Мазар орнатылып, ас берілді. Енді осы жайлы бір ауыз сөз айта кетелік.

Кешегі кеңес заманында сол дәуірдің идеологиясына сай күні-түні жұмыс жайын ойлаған жамағат өткен тарихтың соқпағынан ажырап қалған болатын. Хан мазары да әдейілеп іздестіргеннен емес, сәті түскенде  табылса керек-ті. Туған елдің табиғатын, табиғаттың қойнауындағы әрқилы табиғи қазына байлықты, жер-су атауларын қорғап жүретін ұлтжандылығымен аты шыққан Айтқажы Қазбеков Қазақстан ауылына күйеу болып келеді. Бір жылы Қазақстан ауылында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арнап ас беріпті. Сол аста қазақтың қарымды қаламгері, елдің абыз ақсақалы Естай Мырзахметов те болыпты. Ас үстінде өткен-кеткен заманның ел есінде қалатын қилы-қилы кезеңдерін қаузап, әңгіме айтылмай ма? Сондай әңгіменің бір жүйесінде Қазақстан ауылының азаматы Есләм ақсақал ауыл іргесіндегі «Хан сүйегі» деп аталатын төбе бар екендігін айтқан көрінеді. Жаңағы қастерлі орында жалғыз Уәли хан ғана емес, төре тұқымынан әлденеше адам, шамамен отызға жуық мәйіт жерленген екен. Өйткені, зираттың ауқымы әжептәуір. Тарихтың тылсым сырларын қойнына бүккен төмпешіктер тойған қозыдай томпайып жатыр. Есләм ақсақал бала кезінде әлдекімдердің осы зиратты талай рет қазғандығын көрген екен.

– Бір жолы, – дейді Есләм ақсақал, – әкеммен бірге шөп шабуға бардым. Әкем шөп шауып жүргенде мен төбенің етегіндегі жасыл шалғында ойнап жүр едім. Шөп арасынан әлдебір сүйек тауып алдым. Сол сүйекті әкеліп, әкеме көрсеткен едім.

– Бұл, адамның сүйегі, – деді әкем, – төбенің басына апарып өз орнына зиратқа көмейін. Обал болады ғой, адам сүйегі, оның үстіне аруақты төре тұқымының мәйіттері жатқан қасиетті мекен.

Әкем құран оқып, сүйекті қайтадан көмді, – дейді деп сөз сабақтаған Есләм ақсақал.

Ол уақытта бұрынғы өткен хан-сұлтандар өздерімен бірге тіршілікте тұтынған алтын, күміс бұйымдарын бірге көмдіретін салт болған деген ұғым бар еді. Шамасы «қара археологтар» оңай олжаға қарық болғысы келіп, тыныш жатқан зиратты ақтарып, асыл бұйымдар іздеген.

Ас аяқталған соң Қазақстанда болған  зиялы топ өкілдері төбеге шығып, зират басын аралап көреді. Соққан желмен ызыңдап көне дәуірдің киелі сырын шертіп жалғыз тас жантайып жатыр екен. Ортасынан бөлінген. Бетінде көне жазу бар. Көне жазу тастың бетіне айнала жазылған. Ал, дәл ортада тастың кімге қойылғандығын меңзейтін, айғақтайтын дерек. Әттең оқу мүмкін емес. Тіпті, мүк басып қалыпты. Кейін Жақия қажыға оқытқанда тіршіліктің дауылдары мен жауындары тоздырған әлгі тастан Уәли Абылай хан ұлы деген жазу шығады. Сол шағатай тілінде жазылған жазу мынау: «1782 жылы өз ықтиярымен, ел-жұртымен, Русия мемлекеті патшасының қарары (мен) Орта жүздің ханы (сайланған) Уәли хан Абылай хан ұлы 1738 жылы туып, 1820 жылы фәниден бақиға көшті, 86 жасында. Жазу қырғыз-қазақ сұлтаны. Сұлтан-Ғазы Уәли хан бұйрығымен жазылды. Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі, Әрбір жан өлім дәмін татады. Құпия Ұлы да Ұлағатты Алладан, сыпайылық та Алла тағаладан».

–Көне жәдігер тасты Көкшетау қаласындағы ұлтжанды азамат Жанат Қасымның лицейіне балам Әсет алып келді. Енді тасты қайтадан қалпына келтіру, орнату мәселесі туындады, – деп еді бір кезде өзі де төре тұқымы, ел ағасы Сансызбай Мұқитанов, – Красноярда тұратын, төре тұқымынан тарайтын Кеңес Қоқышев Шота Уәлихановқа айтып, мазар орнатамыз деген. Арада аттай бір жыл өтті. Жазушы Естай Мырзахметов жиын-тойда, омыртқада кездескен сайын қалжың араластырып, қажай беретін болды.

–Әй, Сансызбай бұларың не, Төре тұқымы шынымен Абылайдың көрген түсі сияқты болып кетті ме?

Сансызбай ағаға әлгі сөз қамшы болған. Ел ішіндегі Сағынтай Кенжетаев тәрізді жомарт жандардың көмегімен өзі ұйытқы болып мазар тұрғызған. Осыдан бірер жыл бұрын кәсіпкер Борис Козлов салды деген әңгіме айтыла бастады. Сансызбай ағаның еңбегіне қиянат болмасын деп ел есіндегі естелікті тағы бір тірілтсек, айыбы жоқ шығар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар