Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеңілістен соң жеңіліс - АРҚА АЖАРЫ

Жеңілістен соң жеңіліс

«Оқжетпес» командасына не болған? Қазір жанкүйерлер көкейінде осы сауал. Клуб биыл да шынымен, былтырғы жылдың кебін кигелі тұр ма? Онда да маусымды тәуір бастап, алғашқы алтылыққа кірейін деп тұрған жерінен сырғып-сырғып сегізінші орынға тұрақтап еді.

 

Командада психологиялық ахуал дұрыс емес пе, әлде, жігіттерден жігер кеткен бе, әйтеуір, Премьер-Лиганың  соңғы турларындағы ойыны тым сүреңсіз болып барады. Біріншілікте қатарынан үш рет жеңілуі осындай ой туғызатыны анық. Алдымен, өз алаңында 0:3 есебімен «Ақтөбе» клубына есе жіберді. Одан кейін 1:0 есебімен Шымкентте «Ордабасыдан» ұтылды. Енді міне, 28-інші турдың нағыз негізгі ойынында тағы да Көкшетауда Павлодардың «Ертісінен» оңбай сүрінді. Есеп 1:4.
Бұл – турнир кестесінің бас жағындағы үшінші орын үшін болған тартыс еді. Осы жолы «Оқжетпес» «Ертісті» жеңсе, қола медальға бір табан жақындай түсетін. Осы бәсекеде   сүйікті командаларынан әлі де үміттерін үзбей, стадионға көптеп жиналған жанкүйерлер де қатарынан  қос жеңілістен соң «Оқжетпесіміз» сілкінер, сөйтіп, бір қайрат танытар  деп сенген.  Оған негіз де жоқ емес еді. Алдында ғана қонақта осы «Ертісті» 0:2 есебімен қапы қалдырғандары бар. Онда бірақ, команданың қорғанысы да берік, шабуыл шебі де нық көрінген.
Қазір командада ол қауқар жоқ. Біз де «Оқжетпестің» әр ойынын стадионнан, интернеттен болсын, қадағалап отыратын жанкүйерлер санатынанбыз. Осы ақмолалық команда үшін жеңіліспен аяқталған үш ойында да жерлестеріміз қарсыластар қақпасына айызың қанып, риза болатындай бір түзу соққы жасамапты. Қорғаныс пен шабуылдағы, алаңның орта тұсындағы ойындары да ебедейсіз. Қақпаны бетке алып, қақырата соққы жасар, ойынды өзіне алар ойыншылар жоқтың қасы. Оны айтасыз, доп тіпті, көп жағдайда айып алаңына жетпейді де. Үш ойында да қарсылас командалар емін-еркін қимылдап, «Оқжетпестің» қақпасын нысанаға алумен болғаны соның айғағы. Допты үнемі артқа тастап, өгіз аяңмен сылбыр ойнайтын команда жеңіске жете ме, гол соға ала ма?! Жоқ, әрине. «Оқжетпес» қазір неге екені белгісіз, осының кебін киген. Мұны соңғы үш ойында өз қақпамызға 8 доп жіберіп, тек 11 метрлік айып добынан ғана бір гол соға алғанымыз жақсы көрсете түссе керек. Команда ірі есеппен жеңіліп, жігерің құм болып отырғанда,  бас жаттықтырушы алаңға Әлібек Бөлешев сияқты мерген шабуылшыларды неге шығармайды екен деп дымың құритыны да рас. Өзге жанкүйерлер де соны талап етеді. Өйткені, қазақ футболының тарихында өзіндік орны бар бұл футболшының жылдам да шалт қимылы, өзінің шебер ойынымен командаластарын алға бастай білетіні, екі ойынның бірінде гол салатыны көпке аян. Бірақ, осындай керек кезде  неге  ойынға қосылмайтыны, нақтырақ айтсақ, бапкерлердің қоспайтыны түсініксіз.
Жалпы, «Оқжетпесте» шеттен келген футболшылар көп. Команданың ойынын көрсеткенде спорт комментаторлары жиі айтатындай, олардың көбі жасы келіп қалған сақа ойыншылар. Сондықтан, клубтың ойынында ұшқырлықтың, жылдам ойын өрнегінің  жетіспейтіні де  содан болса  керек. Негізі, «Оқжетпес» сапында да жергілікті жерде тәрбиеленген футболшылар, өз түлектеріміз болғанына не жетсін. Биылғы біріншілікте  басқалармен маңдымайтынымызды көрсетіп отыр.
Әрине, бұрын-соңды жоғары жетістіктерге жете қоймаған команданы былтыр мен биыл өрге сүйреп келе жатқан ресейлік бас жаттықтырушы Владимир Мухановқа рахмет. Бірақ, «Оқжетпестің» соңғы ойындары көңілде үлкен алаңдаушылық туғызады. Не себептен екені белгісіз, команданың алға басқан қадамы кері кеткендей. Соңғы турда ойыншылардың жөн-жосықсыз қателіктерімен павлодарлық «Ертістің»  есепті 1:4  емес, 1:5 қылмағанына тәубе дейсің. Енді 29 турда жерлестеріміз Астана-Аренада  елордалық командамен бақ сынаспақшы. Мына ойынымен турнир кестесінде үздік келе жатқан Астанаға қарсы қандай қауқар танытары белгісіз. Бірақ, «үмітсіз шайтан» деген, кім біледі?!.

Қ.КӘКЕНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар