Биыл Аршалы өңірінде екі электр станциясы пайда болды. 2023 жылдың соңына дейін тағы үшеуін енгізу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Аршалы ауданының әкімі Мұрат Балпан баяндап берді.
Инвестициялық тартымдылықтың арқасында Аршалы өңірінде қуаттылығы 100 МВт және 50 МВт болатын екі жел электр станциясы іске қосылды. Жыл соңына дейін жалпы қуаты 250 МВт болатын тағы үшеуін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, облыста ірі жобалар – темір-бетон бұйымдары мен толтырғыш кірпіш шығаратын зауыттардың құрылысы, асфальт-бетон зауытының құрылысы жүзеге асырылды.
– Елтоқ ауылдық округінде керамикалық плитка шығаратын зауыт, Ақбұлақ ауылдық округінде саңырауқұлақ өсіретін зауыт, сондай-ақ, Жібек жолы ауылдық округінде компьютерлерді құрастыратын зауыт құрылысының болашақтағы жобаларын пысықтап жатырмыз. Ауданда 18 жобадан тұратын пул құрылғанын атап өткім келеді, – деді Мұрат Балпан.
Аудан әкімінің айтуынша, елордалық Жібек жолы ауылында халық санының өсу динамикасын ескере отырып, сапалы өмір сүру жобаларының негізгі бөлігі жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 1, 2, 4 және 3 ықшам аудандарда су құбыры желілері іске қосылды. Осыған орай биылғы жылы аталған ықшам аудандарды сумен қамтамасыз ету үшін сорғы станциясын енгізу жоспарлануда. Өткен жылдан бері су құбыры желілерінің құрылысы 6, 7 және 8 ықшам аудандарда жүргізілуде. Жұмыстар 2024 жылы аяқталады.
Брифингте аудан әкімі жыл соңына дейін осы шағын аудандарда, сондай-ақ, Жалтыркөл ауылында электрмен жабдықтау желілері енгізіледі. Жалтыркөл ауылында тарату қосалқы станциясы салынып, пайдалануға берілетінін атап өтті. Ал, Жібек Жолында қосалқы станцияның құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен бірге, Константиновка, Ақбұлақ, Сароба, Ижевское ауылдарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады.
Аудан басшысы ауылдардың дамуы жолдың жағдайына байланысты екенін атап өтті. Жол сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін биыл 9 елді мекенде 111 шақырым жол, оның ішінде екі облыстық маңызы бар жолдар жөнделді. Жібек жолы ауылындағы жол желілерін салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерді газдандыру облыс үшін тағы бір әлеуметтік маңызды жоба болып қала береді.
– Бүгінде облыста 16 елді мекен газдандырылды. 2024 жылы «Жібек жолы ауылына газ желілерін тарту» жобасын аяқтау жоспарлануда. Одан кейін ауыл тұрғындары газ желілеріне қол жеткізе алады, – деп қорытындылады өз сөзін Мұрат Балпан.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.