Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жас каратэшінің сәтті қадамы - АРҚА АЖАРЫ

Жас каратэшінің сәтті қадамы

Жуырда, Көкшетау қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Дінмұхамед (Димаш) Мүсетов Астана қаласы «ВЕЛАЙН-АРЕНА» спорт кешенінде өткен «Фунакоши каратэ»-ден әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап, бас жүлдені жеңіп әкелді.

Елімізде алғаш өткізілген аталмыш спорт сайысында 9 мемлекеттен 600-дей каратэші бақ сынаса, облысымыздан 26 жас спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс, 7 қола медальды қанжығалап оралған.  Біздің тілге тиек еткелі отырғанымыз, солардың арасындағы 15 жасар Дінмұхамед Нұрболұлы. Оның осы спорт түрімен айналысқанына 8 жылдан аса уақыт болған. Яғни, жеті жасынан бері каратэмен айналысып, қалалық, облыстық сайыстарда жүлдеге қол жеткізумен бірге, 2018 жылы Ақтау қаласында өткен каратэден республика чемпионатында бірінші орынды жеңіп алып, өз қабілетін танытқан. Ал, биылғы жылы Елорда төрінде ұйымдастырылған үш күндік әлемдік сайысқа бапкерімен дайындалған екі айдан астам уақыттың нәтижесінде алтын медальды қанжығаға байлаған.

– Әлем чемпионаты болған соң, алғашында қобалжу болды. Сайыс барысында 3-рет  жекпе-жекке шықтым. Бірінші қарсыласым португалиялық спортшы мықты екен. Қалған кезеңдер сәл жеңілдеу болды, – дей келе, жас чемпион алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетемін деген арманын да жасыра алмады. Бір сөзінде жас каратэші өзінің Азия ойындарының қола жүлдегері, каратэші Дидар Әмірәліге еліктейтінін, жолын қуатынын айтып қалды.

«Ұстазы жақсының, шәкірті озар», деген халқымыз. Димаштың осындай жетістікке жетуіне үлесін қосқан бапкері «Ақмола каратэ федерациясының» президенті Данияр Рахымжановпен бір-екі ауыз тілдесіп, әңгімелескен едік. Данияр Сәкенұлының айтуынша, Дінмұхамедті атасы 7 жасында каратэ мектебіне жетелеп әкелген екен. «Димаш үздік шәкірттерімнің бірі, қазіргі уақытта спорт шеберіне үміткер болып келеді. Шәкіртім биікке көтерілсе, мен әрине, қуанамын. Енді, алдағы желтоқсан айының 10-ында Қажымұқан спорт мектебінде Балуан Шолақ бабамызға арналған каратэден облыстық турнир өтеді. Соған дайындалудамыз», – дейді шәкірті жайлы сөз қозғап, алдағы жоспарларымен бөліскен бапкер!

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар