«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында белгілі ақын, қарымды қаламгер, шебер тәржімашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Аманжолдың 70 жылдық мерейтойына орай, «Өмірін өрнектеген өлеңмен» тақырыбында әдеби сағат өткізілді.
Шара мақсаты жастарды жерлес әдебиетшінің кесек туындыларымен, шығармашылығымен таныстырып, оқырмандардың бойына ақын жырларының құдіретін сезінту, тіл шұрайын таныту, поэзия әлемінен сыр ұқтырып, адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру болып табылады.
Іс-шараға Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, әдебиеттанушы, PhD философия докторы, ақын, жазушы Ерболат Баятұлы, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын Қайырбай Төреғожа, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Қалымбек Мұхамеджанов және Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов пен Мәдениет саласының ардагері Орынтай Жүсіпалина қатысты.
Әдеби сағатта қонақтар оқырмандармен жүздесіп, жастарға мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы, өнер өресі жайлы тарқатып, сыр шертті.
Қорғанбек Аманжол есімі бүгіндері дүйім қазақ жұртына кеңінен таныс. Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік университетін бітіре салысымен өзінің туып-өскен жеріндегі Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінен бастаған жас маман үш жылдан соң шыңдалып, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне ауысты. Осы басылымда табандылықпен он екі жыл жұмыс атқарған қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналист республикалық белді басылымдар – «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Дала дидары», «Ауыл» газеттерінде бас редактордың орынбасары лауазымдарына дейін көтерілді. «Хабар» агенттігінде де жемісті жұмыс істеді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесінің жетекшісі, одан соң газеттің бас редакторының орынбасары қызметін де атқарды. Зейнетке шыққаннан кейінгі соңғы жұмыс орны Ұлттық «Аударма» бюросы болды.
Журналистика саласында көп жылдар абыройлы қызмет атқарған қаламгердің қарымды қаламынан поэзиялық, әдеби-публицистикалық жиырмаға тарта кітап жарық көрді. Қорғанбек Ғалымтайұлының әлем әдебиетінің мықты прозалық кітаптарын қазақ тілінде сөйлету ісінде де өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Аудармашы О.Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан мифтері», «Ежелгі Қазақстан аңыздары», «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» атты тарихи танымдық кітаптарын, Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романын тәржімалаған.
«Зерендінің зерегі, құйылып тұрар өлеңі» атты көрмеде оқырман қауым жылы қабылдаған кітаптарының бірқатары – «Біржан бұрмалары», «Бірәлі-дастан», «Алапа», «Қызыл сызық», «Ғибраты мол ғұмыр», «Ақиреттік аманат», «Айсберг астындағы ағыстар» атты туындылары және мерейтой иесі туралы республикалық, облыстық басылымдарда жазылған мақалалар мен фото суреттердің галереясы орын тапты.
Жуырда ғана кітапханамыздың қорын толықтырған көркем әдебиетке қатысты ой-толғам, эссе мақалалары мен сұхбат-әңгімелері топтастырылған «Айсберг астындағы ағыстар» кітабының көп тұсында қазақ әдебиетінің заңғар алыптары Әзілхан Нұршайықов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Рамазан Тоқтаров, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Мағауиннен бастап, басқа да танымал ақын-жазушыларымыздың, журналист қаламгерлеріміздің әдеби портреттері өрілген. Қаламгер өз шығармашылық жолында өзге де руханият саласының жүйріктері жайында жүйелі қалам тербей білді.
Ақын рухсыздықтың тамырын тереңге бойлатпау мақсатында да жан-жақты қалам тартып келеді. Оның поэзиясының құдіреттілігі – оқырмандарының бойына рух, жанына жігер беріп, туған елін, жерін сүюге тәрбиелейді. Бұған дәлел болатын «Отан туралы ой» өлеңін мәнерлеп оқыған Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттері шара шымылдығын жыр шашуымен ашты. Қаламгердің мерейлік жасына арналған ақындар Ғалым Жайлыбайдың «Зеренді қарағайы», Әбубәкір Қайранның «Ол кәдімгі Қорғанбек Аманжолов» туындыларын тарту етті.
Қорғанбек Аманжол туралы академик Зейнолла Қабдолов «поэзия бақшасында сөз өнерін ардың ісі, «өлең – өмір, өмір – өлең» деп білген жан» деп жазған екен. Әдебиеттанушы Ерболат Баятұлы ақынның қарым-қайраты, білім-білігі, шалқар шабыты, поэзиясының басты ерекшелігі, шығармаларының көп қырлылығы жайлы ой өрбітсе, Қайырбай Төреғожа сөз ұстасы Қорағаңның бір ғана поэзиямен шектеліп қалмай, қанатты өнерін көркем публицистикамен қалай қатар өрнектей білетіндігі, журналистика саласындағы еңбегі туралы баяндады. Көкшетау қаласында бір мектепте білім алған, ағалық қамқорлығын көп көрген інілерінің бірі Қалымбек Мұхамеджанов қаламгердің жасөспірім шағы туралы естеліктерімен бөлісті.
Зерек ақынның туған жер туралы жыр шумақтарының сұлулығы мен жылылығын тани білген сазгерлер оның өлеңдеріне керемет ән жазып, шығармаларына табынта білген. Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов ақынның өлеңіне өзі жазған әндерінің шығу тарихымен таныстырып, «Зеренді қарағайлары», «Ана тілі» әндерін нақышына келтіре орындады. Мерейтой иесінің өнер мен әдебиет хақындағы ой-толғамдары көрініс тапқан «Біржан бұрмалары» кітабының кейіпкері Орынтай Мүссәләмқызы Жүсіпалина әннен шашу шашты.
Шараны қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев қорытындылап, кітапханамен үздіксіз шығармашылық байланыста жұмыс атқарып жүрген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Эльмира Жұмағұловаға Алғыс хат табыстады.
Кітапхана қабырғасында өткізілген рухани азық сыйлар шарадан жастар мол тағылым алды. Қаламгердің қалың оқырман үшін әлі де біраз дүние береріне сөз жоқ. Баспасөз бен әдебиет атты руханияттың қазынасын кемел етіп жүрген Қорғанбек Аманжол ағамыздың алда да өз шығармашылық арман-мақсаттарының биігінен көріне беруіне тілектеспіз.
Бақытжан Айдосова,
«Салтанат» сарайы жанындағы
Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі.