Ақандай ардақтыны танып-білсек…

Ақын Құдайберлі Мырзабеков басқаратын Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің атқарып жатқан маңызды істері көп. Тың ойлар айтылған Науан хазірет, Кенесары туралы терең мазмұнды конференциялардың ізі суымай жатып, жақында «Ақан сері Қорамсаұлы: өмірі, тағдыры, мұралары» деген тақырыппен тағы бір тағылымды ойталқы өткізді. Бұл музей жанынан құрылған «Бөрілі байрақ» тарихшылар қауымдастығының (жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов) жүйелі жұмыс істеп келе жатқандығын айғақтайды.

Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың құттықтау сөзімен басталған жиында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, тарих ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаев, Астана халықаралық университетінің оқытушысы Саят Ыбырай,  философия ғылымдарының кандидаты Гүлдария Рахымбекова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов, осы оқу орнының ғалымдары Сәбит Жәмбек, Аян Қажыбай, Марат Өтегенов, тарих және әлеуметтік дінтану ғылымдары магистрі Арман Әбілқадыров, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің 4 курс студенті Манзал Меруерт, 3 курс студенті Бибінұр Қайырбекқызы, Ақан сері ұрпақтары атынан Марат Нұрсейітұлы мен Роза Қасымқызы сөз алды.

Ақан серінің өмірі, тағдыры, шығармашылығы туралы Мағжаннан бастап талай ғалым, ақын-жазушылардың терең зерттеу мақалалар, Сәкен сері Жүнісовтің әйгілі «Ақан сері» романын жазғаны белгілі. Бір қарасаң, біраз дүние бар секілді. Алайда, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша осы жерде күн кешкен Ақан серінің әлі күн үш жұрты, ұрпақтары түгел зерттеліп, тиянақталмаған. Ойталқы үстінде бұл пікірдің растығына көзіміз жетті. Ғалымдар схемасы сызылған шежірені алға тартты, ұрпақтары әңгіме тиегін ағытты. Толықтырыла түсері сөзсіз екені көрініп тұр. Ынтыға тыңдар қызық деректер де алға тартылды. Роза Қасымқызы әкесі, атақты Қасым моллаға Сәкен Жүнісовтің кітап жазар алдында келіп, қона жатып сұхбаттасқанын, оның Әлкей Марғұланмен хат алысып тұрғанын айтты. Бір жолы осы атақты ғалым келіп, Қасым моллаға бір фотосуретті көрсетіп, қаз-қатар отырғандар ішінен Ақан серіні көрсетіңіз, депті. Сонда молла: «Төртінші, домбыра ұстап отырған» деп, көрсетіпті. Саят Ыбырай сол суретті экранға шығарды. Ол суреттегі Ақанның біздің күнде көріп, танымал болып қалған суретіне ұқсамайтынын байқадық. Мұның өзі үлкен жаңалық емес пе?! Бар суретін пайдаланып, шынайы түр-келбетін, кескінін анық қып бейнелесе, үлкен олжа болмас па? Соншама сұлу әндер, көркем сөздер кестелеген, өмірі тылсымға толы  адамның бейнесіне қарап сыр аңдау бір арман болмас па?! Ғалымдар  Ақан шығармаларындағы философиялық пайымдар, жазба ақындығы, салдық пен серіліктің ұқсастығы мен айырмашылықтары,  бөлек сырлары, қоғамда алар орны туралы ойларын ортаға салды.

Сөйлемесе  де 1931 жылы өмірден өткен Ақанның ұлы Ыбан да жазу-сызуды білген, өте сауатты адам болыпты, өлең де жазған көрінеді. Бәлкім, алдағы уақытта оның да шығармашылығынан дәйек кезігер.

Туыс-туғандары, бүгінгі ұрпақтары мен ғалымдардың өзара пікірлесуі әлі талай деректердің көзін ашары да кәміл.

…Әлкейдей ғұлама ғалым хат жазысып тұрған, 9 жыл медреседе оқыған, кириллицаны өз бетімен үйреніп алған  Қасым молладан көп кітап қалған екен. «Оларды ғалымдарға беремін» деді қызы Роза. Бұл да аз олжа емес. Ол кітаптардың ішінде талай қазына жатуы ықтимал.

Конференция соңынан айтылған ой-пікірлер саралана келіп, тиісті қарар қабылданды. Осы шараға атсалысып, баяндама жасағандар облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталса, ұзақ жылдар бойғы өңірдің мәдениет саласына атсалысып келе жатқан белсенді ғалым Аманай Сейітқасымов Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

                                                           Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
                                                           журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар